Қазақ тілін шетел оқушылары үйреніп жатыр

Dalanews 30 нау. 2016 06:16 262

ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 24-26 наурыз күндері аралығында Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы өтті. Олимпиаданың жүлдегерлерді марапатату рәсімі 26 наурыз күні Сүлеймен Демирел университетінде өтті.

Шараға Сенат депутаттары, Тіл комитетінің басшылығы, Облыс әкімдері, Облыстық білім басқармасы, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушыларымыз және атақты әншілер қатысып, олимпиада жүлделі орындарға ие болған оқушыларды арнайы марапаттады.

Олимпиаданы өткізудің басты мақсаты – Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және оны дамыту, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ерекше дарынды оқушыларды анықтау, қазақ тілінде ән айту, мәнерлеп оқу, ғылыми жұмыс қорғау, шығармашылық қабілетін көрсету арқылы Қазақстанның «жарқын болашағын» үшін аянбай қызмет ететін қабілетті жастарға қолдау көрсету.

IMG_0673«Жарқын болашақ» олимпиадасында оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың арасында еліміздің барлық облыстарынан келген қазақ тілі мен әдебиеті бойынша 7-11 сынып оқушылары 5 бағыт бойынша («Тілші-әдебиетшілер», «Жас ғалымдар», «Жазушылар», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар») білімін сарапқа салды.

Олимпиадада аудандық, қалалық және облыстық жарыстарына мыңдаған оқушы қатысып, ақтық мәреде жеңімпаз атанған жастарға еліміздегі ЖОО-ң білім гранты табыс етілді. Бұл жолы олимпиадаға республика бойынша 5 мыңнан аса оқушы қатысып, солардың ішінен іріктелген топ арнайы өзара бәсекеге түсті. Үш күндік жарыс кезінде арнайы бағалаушылардың әр секция бойынша таңдаған жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Республикалық ЖОО-лардан 40 грант жеңімпаздарға бұйырып, тегін оқу мәртебесіне ие болды. Бір ғана Сүлеймен Демирел атындағы университет тәуелсіздік 25 жылдығына орай 25 грант бөліпті. Ұйымдастырушылар қазақ тілі мен әдебиетін жетік меңгерген оқушылар саны жыл сайын көбейіп келе жатқанын айтады. Жарысқа қатысушылардың басым бөлігі орыс мектептерінде білім алатыны қуантарлық жайт.

Жабылу кешіне арнайы өнер жұлдыздарымен қатар, "Әнші-бұлбұлдар" номинациясы бойынша жүлде алған жас таланттар ән айтып, би билесе, "Сөз шеберлерінің" ішінен суырылып шыққандары Мұқағали мен Жұбан ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, жұртшылықты тәнті етті.

Алдағы айда Астана төрінде әлемнің 30 елінен қазақ тілі мен әдебиетін терең меңгерген оқушылар «Жарқын болашақ» атты байқауға қатысады. Бұл қазақ тілінің әлемдік мәртебесін көтеріп, ғылым мен білім, халықаралық қатынас тіліне айналуының бір көрінісі. Бұл шара туралы алдағы уақытта кеңірек жазатын боламыз.

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x