Германиядан келген есірткі

Dalanews 20 ақп. 2016 06:48 316

11 ақпан күні Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті «Жетісу» кеден бекетінің халықаралық пошта жөнелту бөлімінде кезекті кедендік тексеру жүріп жатқан болатын. Кенет «Рапискан» рентгендік сканер аппаратынан өтіп бара жатқан қорап ішінен ақ ұнтаққа ұқсас зат көрінді.


Қорапты тексеруге иісшіл итті жібергенде, оның ішінде есірткі зат жатқаны мәлім болды. Содан кейін әлгі қорапты ашып, күдік тудырған ақ ұнтақ физика-химиялық сараптамаға жіберілді. Жедел жүргізілген сараптама қорытындысы оның жүйкеге қатты әсер ететін, есірткілік фенциклидин препараты болып шықты.  Жалпы салмағы 20 келіні құрады. Аталмыш қорап Германиядан транзит процедурасы бойынша Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласына бағытталған екен.


Фенциклидин – наркоз беру кезінде күре тамыр арқылы жіберілетін синтетикалық фармакологиялық препарат болып табылады. Оны пайдалану адамның психикасына өте қатты әсер ететіні соншалық, пайдаланған адам  көзі қарауытып, маңайындағыларын танымай, шынайы өмірден безушілік қарекетіне дейін баруы мүмкін. Препараттың күші адамның бойында 2 сағаттан 24 сағатқа дейін сақталады. Сондықтан да қазіргі уақытта аталмыш препараттың өндірілуі қатаң халықаралық бақылауға алынған.


Бұндай есірткілік препараттың ұсталуы халықаралық пошта жөнелту бөліміндегі бірінші жағдай емес. Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың бір айдан астам уақытының өзінде ғана халықаралық пошта арқылы осыған ұқсас 12 факті ұсталып, процессуалдық шешім қабылдау үшін экономикалық тергеу қызметінің өндірісіне берілді.


Ал 2015 жылы  болса құрамында есірткілік заттар бар препараттарды өткізуге тырысқан 38  факті, қару-жарақ пен суық қару  және оның аксессуарларын өткізуге тырысқан 22 факт әшкереленді. Бұған қоса ақпаратты жасырын жолмен алатын бірнеше арнайы техникалық құралдар мен тыйым салынған әдебиеттер ұсталды. Сөйтіп, «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері еліміздің ұлттық қауіпсіздігін, ел тыныштығын және ұлт денсаулығын қорғау мақсатында қырағылық танытып, қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруда.


Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x