Билік «Әлихан Бөкейхан шыңын» қабылдай ала ма?

Dalanews 01 ақп. 2016 06:40 383

12596300_896787117105558_1297530472_nҰлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай Алатаудағы Фурмановтың атымен аталатын шыңды «Әлихан Бөкейхан шыңы» деп атау туралы ұсыныс жасалды. Бұл ұсынысты «Бизнес бастау» кәсіпкерлікті дамыту тобы мен Алматы тұрғындары сол шыңның ұстінде тұрып  жасады. Бұған дейін әлеуметтік «Бизнес бастау» кәсіпкерлікті дамыту тобының жетекшісі Ахметбек Нұрсила осы бастаманы көтеріп, 31 қаңтарда шыңға шығып ұсыныс жасауға шақырған болатын.

Теңіз деңгейінен 3010 метр биіктіктегі шыңға елуден аса адам шықты, ал бұл шараға жалпы 200 ден астам адам қатысты. Шыңның биіктігіне байланысты қалған адамдар шыңға жете алмаса да, қолдауларын білдіріп таудың жарым белінен астам жерге дейін көтерілді. Осыншама адамның жиналғаны ұлт көсеміне деген халықтың зор ықыласы болса керек-ті.

ҚР ономастикалық комиссиясына ұсыныс хатпен бірге бүгінгі көпшіліктің жасаған ұсынысының видео нұсқасын да жіберетін болды. Жиналғандардың ортасында тұрып Ахметбек Нұрсила:

 «Қазақстан республикасының анамистикалық комиссиясына өтініш және ұсыныс: Биыл Әлихан бабамыздың туғанына 150 жыл екен. Әлихан бабамыздың қазақ халқына сіңірген орасан зор еңбегін әрбір қазақ біледі, Сондықтан Алатаудың осы бір шыңын (бұрын Фурманов шыңы деп аталған), қазір Әлихан Бөкейхан шыңы деп атауға «Сапалы қазақ» деген бір топ қазақстандықтардың атынан өтініш тастаймыз!

 Және де, осы тауға биікке жете алмай қалған төменде жүзден астам адам бар. Тағы Қазақстанның түкпір-түкпірінен осыған «иә» деп жауап беріп қол қойған 5 мыңнан астам адамдар бар. Соны біз сіздерге хат жүзінде апарып тапсырамыз. Қазақтың Алатауы қазақтың ұлыларының аттарын беруге лайық деп санаймыз. Солай ма, жігіттер?» деп ұсыныс мәтінін айтып, бізге сұрақ тастап сөзін аяқтады.

12665880_896783847105885_804643580_nБіз бәріміз «Иә» деп жауап беріп, «Әлихан Бөкейхан!» «Алға Қазақстан!» деп ұрандаттық.

Сонымен бірге, «Әлихан Бөкейхан  шыңында» отырып, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға және барша Алаш арыстарына арнап құран бағыштадық.

Естеріңізде болса, бұған дейін Алматы қаласындағы Фурманов көшесін Әлихан Бөкейханға ауыстыру туралы ұсыныс жасалған болатын. Ал қазірге ресми билік жағынан ешқандай үн жоқ. Бұл ұсыныс шешімін табар  деп үміттенеміз. Егер, тіпті шешім таппай жатса да, біз үшін бүгіннен бастап бұл шың Әлихан Бөкейхан шыңы болып саналады. Біз бүгін «Әлихан Бөкейхан шыңын» алдық, ендігі кезек көшесін алу. Бабамыздың тойында мұндай сый жасай алмасақ, біздің кім болғанымыз, биліктің кім болғаны? Бүгінгі ұрпақ Алаш рухымен рухтанбай, болашаққа сара жол сала алмас.

Тұрдыбек Құрметхан


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x