Тараздың әкімін ұятқа қалдырған кім?

Dalanews 19 қаң. 2016 00:08 380

Тараз қаласы әкімі Нұржан Календеровтың назарына!


Жаңа жылда орын алады-мыс деген таңғажайыпқа кез келген бала сенетіні анық. Биыл сол сенімге селкеу түскендей... Бүгінде жергілікті жерлерде әкімдердің қатысуымен Президенттік шырша ұйымдастырылып, оған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары мен жетім балалар қатысып, Елбасының атынан берілетін сыйлықты құшақтап, үйлеріне арқа-жарқа болып оралатын жақсы әдет қалыптасқан еді.

Таяуда дәл осындай Президенттік шырша Тараз қаласында ұйымдастырылып, балалар ән салып, би билеп, өнерлерін көрсетіп, сыйлықтарын алғанын жергілікті ақпарат құралдары жарыса жазды. Осы шара барысында Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров мырза мерекелік шараға қатысқан балғындарға бір-бір ұялы телефоннан беріп мәз қылған-ды. Өкінішке орай, балалардың қуанышы көпке бармады. Мұны бізге қала әкімінің қолынан баласы сыйлық алған ата-ана әңгімелеп берді. Аты-жөнін атамауды өтінген ата-ана былай деді:

– Жаңа жыл қарсаңында балам қала әкімінің қолынан ұялы телефон алып үйге қуанып келді. Ұлым футболға қатысушы еді. Ол: «Мама, енді басқа қалаларға жарысқа барғанда суретке түсіріп, саған әкеліп көрсетемін» деп судай жаңа ұялы телефонының қорабын аша бастады. Әдемі қара-күлгін телефон көздің жауын алады. Тоққа қуаттандырғаннан кейін қосқан соң, қуанышымыз су сепкендей басылды. Телефон тек қоңырау шалуға ғана жарайды екен. Ішіндегі мәзірлерінің ешқайсысы істемейді. Осылайша Жаңа жыл қарсаңында әкімнен алданған балам не жыларын, не күлерін білмей дал болды, – дейді .

Баласы жыларман күйге түскеннен кейін ол қалалық әкімдікке барып мән-жайды баяндайды. Ондағылар әдеттегідей мұндай жайсыз жағдай бойынша өздеріне ешкім шағым айтып келмегенін, Жаңа жылда балаларға сыйлық алуды Тараз қалалық білім бөліміне тапсырғандарын айтып, шығарып салыпты.

Тараз сотка02Бұдан кейін ата-ана Білім бөліміне барғанда басшы іс-сапарда болғандықтан кездесе алмаған. Ал орынбасары бұл жағдайға «таңданысын» білдіріп, мұндай шағыммен ешқандай ата-ана келмегенін айтады. Ата-ана өзінің негізсіз шағымданып тұрмағанын ескерткеннен кейін Уалихан Боларбекұлы тиісті адамды шақырып, мән-жайды анықтауды тапсырады. Орынбасардан бұйрық алған адам сотканы сатып алу ісімен бухгалтерия айналысқанын тілге тиек етіп, есепшілерге жөн сілтеген.

Ата-ана білім бөлімінің бухгалтериясына барғанда үйіліп жатқан «жарымжан» соткаларды көреді. Ол өзге ата-аналармен сөйлескенде соткалардың кейбіреуінің экрандары мүлде қосылмайтынын естіген.

Айтпақша, ең қызығы Тараздағы балаларға сыйлығын Тараз қалалық білім бөлімі Ақтөбедегі бір кәсіпкерлерден сатып алса керек. Редакциямызға хабарласқан ата-ана сауда орындарына барғанда жұмыс істейтін мұндай, дұрыс телефондардың 30 мың теңге тұратынын білген.

Ұзын құлақтан естуімізше, Тараз қаласы білім бөлімі «жарымжан» телефондарды 15 мың теңгеге сатып алған. Ал сотканың жай-жапсарын жетік білетін мамандар балаларға сыйлық ретінде ұсынылған телефондардың 5 мың теңге аспайтынын айтыпты. Тағы бір айта кететін мәселе, әлгі Ақтөбедегі фирма еліміздегі біраз әкімдіктердің Президенттік шыршасында берілетін сый-сияпатты дайындағанын естіп қалдық. Бұл – сөз рас болса, Ақтөбенің қуаяқ кәсіпкерлері талай әкімді балалар алдында жерге қаратқаны анық.

Иә, Тараз қаласы әкімі Нұржан Календеров Жаңа жылда тараздық балғындар алдында мұндай жайсыз жағдайға қалам деп ойламаған шығар. Бірақ Тараз қаласы білім бөлімі басшысы Гүлзия Заурбекованың қызметкерлері қандай зат сатып алғандарын неге тексермеді екен?.. Көкейге тұнған сансыз сауалдарға алдағы уақытта Гүлзия Расылханқызы жауап береді деп сенеміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x