Шығыс Қазақстанда гимназиялар мен лицейлер саны қысқармақ

Dalanews 14 қаң. 2016 01:12 163

Дарынды балаларға сапалы білім беруге міндетті мектептердің өздері төмен білім деңгейін көрсетіп, түлектерінің шекара асып, шет елдерге оқуға кетіп, өзге елдің экономикасына еңбек етуі өңір басшылығын қатты қапаландырса керек.

Биыл осындай беталысқа көңіл аударған облыс әкімі Даниал Ахметов мамандандырылған мектептердің жұмыс сапасына сараптама жасап, мұндай жоғары атаққа сай еместерінің санын қысқартуды тапсырған болатын. Осы ретте аймақ басшысының орынбасары Жақсылық Омар бастаған мамандар тобы жұмыс істеп, облыстағы 45 гимназия мен лицейдің соңғы үш жылдағы қызметін майшаммен қарап шыққан еді.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 7 мектепте соңғы үш жылда бір де бір оқушы республикалық және халықаралық білім сайыстарынан жүлделі орынға ілінбегендігі анықталды. Ал 8 мектепте 2012 жылдан бері бір де бір бала үздік аттестат пен «Алтын белгі» иегері атанбаған.

13 оқу ордасының Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша көрсеткіштері облыстық орташа көрсеткіштен төмен екендігі белгілі болды. Сорақысы сол, мұндай мамандандырылған мектептердің көптеген түлектері ҰБТ тапсырудан бас тартып, шет елге оқуға тайып тұрады екен. Ол аз дегендей, көпшілігі сол жақта жұмысқа қалып, өзге елдің экономикасына жұмыс істеуде.

Мұндай жұмыс тәсілін әдетке айналдырған мектеп басшыларын білім басқармасының алқа жиынында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сынға алды.

– Сіздер оқушыларды өзге мемлекеттердің экономикасына дайындайсыздар ма? Әлде сіздер біздің оқушылардың Қазақстаннан тыс білім алуына қызығушылық танытасыздар ма? Бұл саяси мәселе, олардың білім алуына мемлекеттің қаражатын жұмсаймыз, ал олар білім алуды елімізден тыс жерде жалғастырады. Яғни, мектеп директорлары, оқытушылар дұрыс жұмыс жүргізбейді деген сөз. Бұл, сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Біз оларға бастапқы білім беріп, кітаптармен және  жылы мектеппен қамтамасыз етеміз. Ал олар «Сау бол, Қазақстан» деп, шетелде өз білімдерін жалғастыруды жөн деп санайды. Олардың ішінде басым бөлігі оқу озаттары мен оқу үздіктері. Бұған алдымен сіздер, мектеп басшылары, жауаптысыздар. Мына жерде тұрып ұялудың қажеті жоқ, жұмыс істеу керек. Оқушылармен, ата-аналармен белсенді жұмыс жүргізу қажет. Ата-аналарды шақырып, баланың білімі туралы нақты талқылау әңгімелер жүргізу шарт. Біздің өскемендік жоғары оқу орындары Новосібір мен Томск универсиеттерінен 10 есе артық білім береді. Ал сіздер мемлекет болашағын ойламайды екенсіздер, онда орындарыңызды босатыңыздар, - деп Жақсылық Омар ойын түйген болатын.

Арнайы топтың сараптамасының нәтижесінде өңірдегі 9 маманданырылған мектепті атақтарынан айырып, білім сапасы жоғары басқа 4 мектепті гимназиялар санатына қосу ұсынылды.

«Сен тимесең, мен тиме...» деп ақырын-аяң жүріп жатқан ұстаздар мен мектеп басшыларына мұндай сілкінулердің қажет екені сөзсіз.

Жарқын ҮНҒАТАР

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x