Шарда жаңа мектеп ашылды

Dalanews 05 желт. 2015 09:44 362

Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында Жарма ауданының Шар қаласында Тұрсынов атындағы орта мектептің 300 орынға арналған жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

Білім ошағының ашылу рәсіміне Жарма ауданының әкімі Н.Б.Сыдықов, мектеп түлектері, ата-аналар, жұртшылық өкілдері қатысты. Аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде атап өткеніндей, Тәуелсіздік жылдарында тек Жарма ауданында ғана 5 мектеп, 3 мектепке дейінгі білім беру мекемесі салынған. Мұның бәрі Президенттің өскелең ұрпаққа, ел келешегіне деген қамқорлығының айғағы болып табылады.

Келесі кезекте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.С.Сабильяновтың құттықтауы оқылды. Сондай-ақ, мектеп аты берілген Барьян Тұрсыновтың інісі Сұлтан Төреханов, білім беру ісінің ардагері Сара Сембаева, еңбек ардагері, Жарма ауданының «Құрметті азаматы» Ағайша Садығановалар өз құттықтауларын жолдады.

Мердігерлік ұйымның басшысы А.Мұсаханов мектеп директоры Г.Бүйімбаеваға символдық кілтті табыс етті.

Лента қию құрметі аудан әкімі Н.Б.Сыдықовқа, білім беру ісінің ардагері Р.Қалиеваға, Б.Тұрсыновтың туыстары атынан мерекенің қонағы Тілеуберген Әлімжанұлына берілді. Бұдан соң қонақтар мектептің жаңа ғимаратының ішін аралап көрді.

Салтанатты шара жаңа мектептің мәжіліс залында өткен Тұрсынов атындағы орта мектеп оқушыларының концертімен аяқталды.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x