Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

Dalanews 29 там. 2015 00:11 254

Шығыс Қазақстанда 2015-2018 жылдарға арналған көптілділікті дамытудың Өңірлік бағдарламасы әзірленді. Облыс әкімі Даниал Ахметов мұғалімдердің қатысуымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту сапасын жоғарылататын бағдарламаны қабылдау мәселесі бойынша арнайы кеңес өтті.

​Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес мектеп мұғалімдері мен ЖОО-ның профессорларынан құралған жұмыс тобы екі айдың ішінде көптілділікті дамытудың Аймақтық бағдарламасын дайындады.
Өзге ұлттың өкілдерінің бірен-сараны қазақша сөйлеп, қазақша ән айтқанына мәз болып жүре беретін заман өтті. Қазақ тілін мектептерде тереңірек оқыту керек, - деді Даниал Ахметов.

​Бағдарламаның негізгі мақсаты қажетті ұйымдық, әдістемелік, педагогикалық және қаржылық жағдайды құру болып табылады.

​– Біз қажетті көлемде қаржыландырамыз. Бағдарлама тілді үйретудегі мәселелерді жоюды қарастыру қажет. Ол үш тілді еркін меңгеруге мүмкіндік береді. Өзге ұлттың өкілдерінің бірен-сараны қазақша сөйлеп, қазақша ән айтқанына мәз болып жүре беретін заман өтті. Қазақ тілін мектептерде тереңірек оқыту керек, - деді Даниал Ахметов.

Шығыс Қазақстан облысы әр ұлт өкілдері жиі шоғырланған аймақтардың бірі. Соңғы жылдары аймақта қазақ мектептері көбейіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғарылап келеді. Облыс басшысы бұл тарапта жүйелі әрі нақты істерді қолға алу қажеттігін баса айтып, өз тілін өгей көретіндердің болашағы бұлыңғыр боларын емеуірінмен жеткізді.

​Бағдарламаны үш кезеңде жүзеге асыру қарастырылуда. 2015-2016 жылдары ағылшын тілі мұғалімдерінің қосымша жұмысын қаржыландыру мәселесі шешілсе, 2016-2017 жылдары ағылшын, қазақ (орыс тілді мектептер үшін), орыс (қазақ тілді мектептер үшін) тілдерінде оқу материалдары дайындалады.

​Сонымен қатар, ҰБТ орташа баллы бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген мұғалімдер қаржылай ынталандырылатын болады.

​Соңғы кезең 2017-2018 жылдары А1, А2, В1 дәрежесіндегі жалпы еуропалық стандартқа сәйкес, оқушылардың тілдерді меңгеруі бақыланады.

​Нәтижесінде мектептерде тілді үйрететін жаңа сапалы оқу жүйесі пайда болады. Аймақтық Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру мақсатында Британияның Қазақстандағы білім бағдарламалары кеңесімен және Назарбаев Университетімен байланыс орнатылды. Ауызекі тіл тәжірибесін және мұғалімдердің сабақ беру әдісін жетілдіру үшін Өскемен, Семей және Зайсан қалаларында 3 оқыту Орталығы ашылады.

Жиын барысында мектеп басшыларына, қазақ, орыс және ағылшын тілі мұғалімдеріне Бағдарламаның жобасы таныстырылды. Құжат оң бағаға ие болды. Облыс әкімі қосымша толықтырулар бойынша айтылған ұсыныстарды ескере отырып, бір айдың ішінде Бағдарламаны аяқтап бекітуге енгізсін деген тапсырма берді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x