Ардагер әкем туралы естелік

Dalanews 05 мам. 2015 06:46 419

[caption id="attachment_10481" align="alignright" width="396"]фото Соғыс ардагері Әбдікәрім Қабаев[/caption]

Қабаев Әбдікәрім Қабайұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол 1925 жылдың 20 мамыры күні туылған. Сондықтан мамыр айы біз үшін өте ыстық. Анам, балалары мен немерелері болып екі мерекені қатар атап өтеміз. Жеңіс күні мен әкеміздің туған күнін. Біз үшін бұл күндерді еске алу –­­­ бұлжымас заңдылық.

Әкемнің өмірінен кейбір сәттерді еске түсіріп, тізіп жазғым келді. Менің санамда сайрап тұрған, еш ұмытылмайтын жағдаяттар.

Менің әкем ұлы өзгерістер жасаған дәуірдің ұрпағы. Ол дәуірдің адамдары соғыста жеңіске жетті. Жаңа мемлекеттің іргетасын қалады. Сондықтан олардың біздер үшін жасаған жақсылығы ұшан-теңіз.

1. Әкем Еуропаны азат ету қозғалысына қатысты. Фашистік Германиядан қаншама еуропалық елдерді азат етті. Бірақ әкем ешқашан немістер туралы бір ауыз сөз теріс пікір білдірген емес. Немістерге қатысты бір ғана лебізі болды: «Немістер мәдениеті жоғары халық». Біздің отбасымыз Майский ауылында тұрды. Онда көптеген немістермен көрші болдық. Бушман, Галингер, Акст, Сайбель және т.б. Оларды ренжіту ойымызға кіріп-шықпайтын. Біз басқа да немістер туралы, яғни антифашист Э.Тельмандар хақында да біліп өстік.

2. Мектептегі жылдары мен үшін ең қиын нәрсе соғыс туралы шығарма жазу еді. Бірақ кеңестік мектептерде ол кең тараған тақырып болды. Ондай шығарма қатты бағаланатын. Әсіресе, тірі ардагерлердің сөздерін қатыстырсаң, онда тіпті қатып кететін. Ал өзіңнің әкеңнің естелігін жариялау – кереметтің кереметі. Мұғалімдер осылай деп талап қойғанды жақсы көретін. Бұл тақырыпқа дендей алмадым. Өйткені, әкем ешқашан соғыс туралы айтпайтын. Оқушылар әкесі қайда, қай жылы соғысқанын айтуы керек. Ал әкем тіс жармайтын. Соғыстағы қорқынышты ахуалды мен кейіндеу білдім ғой. Әкем бала-шағасын сондай зұлматты айтып, жүректеріне жара салғысы келмегенін кеш түсіндік.

3. Бала күнімде оның орден-медальдарын ақтаратыным есімде қалып кетіпті. Олармен ойнағанды жақсы көруші едім. Маған әрбірі қызықты болатын. Әсіресе, Қызыл Жұлдыз ордені әдемі көрінетін.

4. Әбдікәрім Қабайұлы 17 жасында соғысқа аттанып, Алматыдағы үш айлық курсты лейтенант дәрежесінде тамамдап, 1946 жылы демобилизацияланған.

Есімде қалған үш эпизодты айтайын. Атам Қабай соғысқа  кетіп бара жатқан Әбдікәрім ұлына ақ батасын беріпті: «Ештеңе алма!» депті.

1945 жылы 9 мамырдан соң әкем мен майдангерлер пойызбен елге оралып келе жатқанда, орта жолда оларды шығыс майданға лақтырады. Елге емес, тағы да соғысқа бара жатқандарын естіген майдангерлердің біразы  пойыздың терезесінен секіріп кетіпті. Бір адам тігін мәшіңкесінің инелерін терезеден тастай салыпты. Бір бумада мың дана болады екен.
Мектептегі жылдары мен үшін ең қиын нәрсе соғыс туралы шығарма жазу еді. Бірақ кеңестік мектептерде ол кең тараған тақырып болды. Ондай шығарма қатты бағаланатын. Әсіресе, тірі ардагерлердің сөздерін қатыстырсаң, онда тіпті қатып кететін. Ал өзіңнің әкеңнің естелігін жариялау – кереметтің кереметі. Мұғалімдер осылай деп талап қойғанды жақсы көретін. Бұл тақырыпқа дендей алмадым. Өйткені, әкем ешқашан соғыс туралы айтпайтын. Оқушылар әкесі қайда, қай жылы соғысқанын айтуы керек. Ал әкем тіс жармайтын. Соғыстағы қорқынышты ахуалды мен кейіндеу білдім ғой. Әкем бала-шағасын сондай зұлматты айтып, жүректеріне жара салғысы келмегенін кеш түсіндік.

Келесі оқиға әкемнің расында да үйге қайтқан сәтінен. Дала. Қойлы ауыл. Шопандардың жайылымы ондаған шақырым жермен бөлінеді. Ол заманда телефон жоқ. Қабай атамыздың ауылынан оның бір туысының қашарына дейін ұзақ жер болады. Ол туысы бақсы екен. Айналадағы ел-жұрт оған қатты сенеді екен. Ешқашан қателеспейді екен. 1946 жылы сол бақсы өзінің ұлына былай дейді: «Қабайдың үйіне жет! Қойын соя берсін! Тойға даярлық қылсын! Ертең ұлы майданнан келеді!» депті. Атамыз дайындалады. Ертесінде шынымен әкем майданнан аман-есен оралыпты.

5. Бірде әкем: «Мен дұрыс өмір сүрдім!» деп айтып қалды. Бұл сөздің мәні зор еді. Есіме алған сайын терең ойға түсемін. Шынында да оның өмірі бізге үлгі. Ол шын сүйіп, анамызға қосылды. Анам Арша Сәрсенқызы Алдабергенова екеуі тату-тәтті өмір сүрді. Олар сегіз баласына терең тәрбие берді. Өсірді, жеткізді. Ел қатарына қосты. Жақсы білім берді. Кітап оқуды үйретті. Адам өміріндегі кітаптың зор рөлін санамызға сіңірді. Байқасақ, оқыған, тоқыған адамның бәрі «мені адам еткен – кітап» деп тегіннен тегін айтпаса керек.

Әкем Қазақ педагогикалық институтын оқып, бітірген. Сталин атындағы стипендиат болды. 1953 жылы оқуын қызыл дипломмен тамамдады. Бірнеше жыл бұрын дәл осы оқу ордасында оның немересі Қарашаш Серғазина да оқып, бітірді. Мен де осы институтта жұмыс істеймін.

Әкем өнегелі ұстаз еді. Өзінің пәнін терең меңгерген. Өз жұмысын жан-тәнімен жақсы көрді. Біздің үйде неше түрлі карталар көп болды. Үлкен-кіші глобустар да жетіп, артылатын. Мүмкін содан да шығар, менің глобустарды жақсы көретінім. Оның шәкірттері әлі күнге дейін еске алып, үйге келіп тұрады. Әкемнің белгілі бір елді баяндап тұрған сәтінде оны картадан көрсететінін әңгіме етеміз. Қолындағы таяғымен тақтадағы картадан кез келген мемлекетті көзін жұмып тауып беретін.

Қыстың күні. Әкем жұмыстан үйге келді. Ішке енгенде көзілдірігі бу болып кетеді. Осы буы ішінде көзілдірігін сүртіп тұрған әкемнің сұлбасын үнемі еске аламын. Бізге қарап жымиса, онда сабағы жақсы өткені. Дереу біздің қалымызды сұрай бастайды. Баланы оқытқанды, адамдарға пайдасын тигізгенді жақсы көретін. Ауыл адамдары құжат толтыра алмаса, ылғи әкеме келетін. Осы мінезі балаларына жұқты.

2005 жылғы мамыр айы. Әкемнің мерейтойы. Ол Алмагүл деген қызының қолында тұрып жатқан. Алмагүл отбасымен Екібастұз бен Павлодардың арасындағы Ақсу қаласының маңайына жаңа көшкен кезі. Ол ауылдың атын ұмытып қала береміз. Парамановка ма, солай шамасы. Мерейтой қарсаңында бара жатырмыз. Сондағы мектептің асханасына той жасап жатыр.

Өзіміз әрең тапқан ауылға басқа кім келе қояр дейсің деп отырғанмын күліп. Келесі күні тура 12-00-де Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақ деген ағылды дейсіз. Майский ауылындағы мектеп ұжымы толық келді. Шәкірттері, туыстарымыз, жайған дастарқанымыз тарлық етіп, қосымша үстелдер қойдық. Сол тойдан қалған естелік бейнетаспаны көре бергім келеді. Өмірінің соңғы жылын әкем сол кішкентай ауылда өткізді. 2007 жылы 16 желтоқсанда қайтыс болды. Бірақ Майский ауылындағы анамыздың жанына  әкеліп, арулап жерледік.

Соғыс ардагері ретінде ол қаладан пәтер алуына болар еді. Отбасы да, балалары да көп болған. Бірақ Майский ауылындағы үйінен басқа ештеңесі болмады. Қалада тұратын балаларының бірде бірінің қолына барып тұрғысы келмеді. Әйтпесе, Алматыдан да, Павлодардан да пәтер алуға құқы болар еді. Анамыз қайтыс болған соң балалары Ақсу қаласынан үш бөлмелі пәтер әпердік.

Біздің әкелеріміздің замандастары азайып барады. Ардагерлер қатары сиреп келеді. Ол заманның адамдарына қарасаңыз, қайтсем де адам баласына пайдам тиер деген мақсатпен өмір сүреді. Осы мінездері бүгінгі ұрпаққа сабақ болса екен.

Әке, біз Сізді ешқашан ұмытпаймыз!

Жұлдыз Әбдікәрімқызы ҚАБАЕВА.


 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x