Айбарлы ататүрік

Dalanews 12 сәу. 2015 23:59 171

Түркия өткен ғасырдың басында көп жеңілісті басынан кешірді. Осман империясының құлдырауы мемлекеттің Антанта елдері алдында тізе бүгуіне мәжбүр етті. Осман сұлтаны Севр келісіміне қол қояды. Түрік жеріне гректер жаппай үдере көшіп келіп, қоныс теуіп, жайлана бастайды. Сұлтанның осалдығына өзге ұлтшыл түріктер бейжай қарап отыра алмады. Анадолыдағы бүкіл ұлтшылдың басын біріктіріп, күллі түрікті сұлтан мен басқыншыларға қарсы қоя білген білікті көсем елінің жоғын жоқтап, тізгінді қолға алып, суырылып алға шықты. Бұл Мұстафа Кемел Ататүрік еді.

Анадолы мен сұлтан арасындағы байланыс біржолата үзіледі. 1920 жылы Анкарада Ататүрік жаңадан құрылған Ұлы Ұлттық жиналысында төраға болып сайланды. Ол әскер жасақтап, гректерді қудалайды. Ататүріктің ұлттық мәселеде біржақты, бірбеткей болғанын тарих парақтарынан білуге болады. Христиандардың денін шекара асырды. Сөйтіп, гректердің Кіші Азиядағы басқыншылығы тәмамдалды. Ататүрік  Антанта мемлекеттерін алдыңғы келісімнен әлдеқайда әділетті Лозанн келісіміне көндіреді. Сұлтанат пен халифатты жойып, республика құрады. 1923 жылы Түрік Республикасының бірінші президенті болып сайланды. Одан кейін де 1927, 1931, 1935 жылы президенттікке түскен, жеңіске жеткен.

 

Байсалды диктатура

Грек жеріндегі Салоникиде 1881 жылы 12 наурызда туған. Туғанда азан шақырып Мұстафа деп атайды. Екінші атын оқып жүргенде математикадан ерекше қабілетін байқаған достары қойған. 1934 жылы түріктердің ұлтшылдығын қайта жаңғыртқаны үшін ұлы көсем деп таныған Бас Ассамблея оның тегіне Ататүрік есімін Түркияның Ұлы Ұлттық жиналысында берді. Өзі атеист бола тұра, исламның өркендеуін еш кедергі келтірмеген.Керісінше, Ататүрік жүргізген саясаттың арқасында қазіргі Түркия халқының 99 пайызы мұсылман. Түріктер Ататүріктің саясатына мейлінше берешек. Ұлттың атасы ретінде оны қатты құрметтейді. Түркияның әр қала, ауылында оған көше аты берілгені соған дәлел болса керек.

Билік басына келісімен ол байсалды диктатура орнатты. Түрік мемлекетін батыс үлгісінде модернизациялауды қолға алды. Оның реформалары түрлі пікірлер туғызды. Бірақ турашыл саясаткер ретінде Ататүрік күллі ислам елдерінен оқ бойы озып шығып, түріктерді әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттері қатарына қосты.

Сыртқы саясатта Ататүрік елінің тәуелсіздігін бірден мойындатуға күш салды. Ұлттар Лигасына өтіп, барлық көршілерімен ынтымақты қарым-қатынас орнатты. Ең алдымен Грекия және КСРО-мен.
 Билік басына келісімен ол байсалды диктатура орнатты. Түрік мемлекетін батыс үлгісінде модернизациялауды қолға алды. Оның реформалары түрлі пікірлер туғызды. Бірақ турашыл саясаткер ретінде Ататүрік күллі ислам елдерінен оқ бойы озып шығып, түріктерді әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттері қатарына қосты.

Ататүріктің реформалары

Ататүрік реформаларының дұшпаны аз болмады. Бірі  ашық қарсы шықса, бірі құпия түрде, жымысқы әрекеттерге көшті. Қазірге дейін оның реформасын мойындай алмағандар баршылық. Солақай саясат ұстанатын қозғалыстар оның жүргізген репрессияларын еске алады. Олар Ататүрікті буржуазиялық көсем деп таниды. Халифатты жойғанын Ислам әлемі әлі де түсінгісі келмейді.

Дегенмен, ол түрік мемлекетін құлдыраудан сақтап қалған жүз жылда бір келетін біртуар тұлға. Соғыстан  кейін есін жинай алмай жатқан елді аяғынан тік тұрғызып дамыту екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес.

 

Ұлттық бағыттағы жаңа Түркия

Ауқымды реформалар Түркияны жаңа жолға  түсірді. Ең бірінші өзгеріс латын қаріпін енгізуден басталды. Әйелдерге ерлермен тең құқық берілді. Жаңа Азаматтық кодекс қабылданды. Оның басты мақсаты – еш күш түсірмей түріктерге ұлттық құндылықтарды оралту, ұлтын мақтаныш еткізу болды.

Ататүрік қатал әрі сайыпқыран сарбаз болды. Бірақ оның «ұлтың үшін соғыспа, жаныңды қи» деуін кей саясаткерлер асылық деп таниды. Бұл оның мінезінің қатыгездігін, тасжүректігін көрсетеді дейді.  Ататүрік келісімге оңай көне бермейтін, бірбеткей тұлға болды. Бірақ соның барлығын «ұлтымның өркендеуі үшін» деп білген.

Түркияны өркениетті елдер қатарына қосу оңай болмады. Десекте, Ататүрік басқарған бар-жоғы он бес жыл ішінде Түркия адам танымастай өзгерді. Ол әр елдімекенде мектеп ашты. Араб қарпін латынға ауыстырды. Қыз баланың оқуына мүмкіндік берді. Ол дін істерін саясаттан бөліп тастады. Дін әр адамның жеке ісі екенін ескертті. Діни заңдардың бәрін ысырып қойып, Түрік заңдарын халықаралық стандарттарға сай өзгертті.  Адамның тегі ресми түрде аталатын болды.

Ол еуропалық қағидаларға сүйене отырып, Түркияның зайырлы мемлекеттер қатарына жетуіне көп ықпал етті. Еуропадағы дамыған ауыл шаруашылық пен өндірісті мысалға ала отырып, Түркияны да сол жолмен алып жүрді. Жаңа экономикалық жүйе құрды. Шағын кәсіпкерлікке зор қолдау көрсетілді. Әсіресе, ауылдық жерлерде. Ауылшаруашылық кәсіпорындарын ашу қолға алынды. Ірі өндірістер жанданды. Индустриалды дамудың алғышарттары жасалды.

Қазіргі таңда дүниежүзі бойынша ІЖӨ бойынша Түркия 15 сатыда тұр. Бұл экономикасы жақсы дамығандықтан мүмкін болғаны айтпасақ да түсінікті. Түркия жас мемлекет қатарында. Оның тұрғындарының басым бөлігін отызға дейінгі жастар құрайды.

Ататүріктің 1927 жылы Парламент мінберінде тұрып: «Біздің көршіміз, Кеңестер одағы күндердің күні құлайды. Бірақ ол жерде біздің қандас бауырларымыз бар. Біз солармен байланысты үзбеуіміз керек. Біз соған дайын болуымыз керек. Тіл деген – бір көпір, тарих – бір көпір, мәдениет деген – бір көпір, осы көпірлерді құлатпауымыз керек. Сол бауырларымызбен біз өте жақын қарым-қатынаста болуымыз керек» деген сөзі бүгінгі таңда өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Ататүрік түркі бірлігі идеясының жаршысы болды. Түркі тілдес бауырлас елдердің барлығына есігін айқара ашты. Мұстафа Шоқай бастаған бірқатар ғалымдар мен қайраткерлер аумалы-төкпелі заманда Түркияны сағалағаны тарихтан белгілі. Елінен қуғын көріп, босқан талай қазақты бауырына басқан түрік елінің жанашырлығы осындай идеяның жалғастығын көрсетіп келеді.

Шынар ӘБІЛДӘ

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x