Back

Бельгиядағы жарылыс…

Террористер неге Брюссельді таңдады?

 

Бельгия астанасы Брюссельге лаңкестік шабуыл жасалды. Әуежай мен метродағы жарылыстың салдарынан 34 адам көз жұмды және 250 адам жарақат алған.

 

Кіріспе

dalanewes kaz (2)Әуежайдағы жарылыс 14 адамның, ал метродағы бомба 20 адамның өмірін қиған. Бірқатар ақпарат құралдарының хабарлауынша, көз жұмғандардың саны бұдан көп болуы мүмкін, себебі  17 адам өмір мен өлімнің ортасында жатыр.

Бельгия премьер-министрі Шарль Мишель журналистермен кездесуде: «Біз қауіптенген және күтіп отырған оқиға орын алды», – депті.

Брюссельдегі жарылысты (Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған) «Ислам мемлекеті» мойнына алыпты. «Бұл лаңкестік шабуылдың басы ғана» деген хабар таратыпты аталған ұйым.

Бельгия полициясы жарылысты ұйымдастыруы мүмкін деген күдіктіні құрықтап үлгерді. Алайда оның аты-жөні әзір хабарланған жоқ.

Айта кетелік, Брюссельдің қақ ортасындағы жарылыс былтырғы жылдың қараша айында Париждегі 130 адамның өмірін қиған лаңкестік шабуылды ұйымдастырушы Салах Абдесламды құрықтағаннан кейін төрт күннен соң орын алды. Құқық қорғаушылар лаңкесті дәл осы Брюссельде қолға түсірген.

Жарылыс болған «Маальбек» метросының жанында Еуроодақтың бірнеше штаб-пәтері орналасыпты.

 

Террористер неге Брюссельді таңдады?

Мұны Ұлыбританияның The Guardian басылымы таразылаған екен.

dalanewes kaz (2)Жарылыс болардан бірнеше күн бұрын, яғни ілгеріде айтып кеткен Салах Абдеслам құрықталғаннан кейін Бельгия Ішкі істер министрі Жан Жамбон «Абдесламның жақтастары кек алуы мүмкін екенін» айтады. Бұл лаңкес Париждегі террактінің негізгі күдіктісі саналған.

Бельгия ішкі істер құрылымдары террористік шабуылдың боларын білген немесе күткен.

«Бельгияда мұсылмандар көп. Олардың барлығы қауіпті деген сөз емес. Алайда араларында радикалды көзқарастағы топтар жетіп артылады. Мұсылман жастарының арасында жұмыссыздық деңгейі жоғары. Бір қызығы бертінге дейін Брюссельде қандай да бір оқыс оқиғалар болған жоқ. Бұл уақытта Париж бен Мадрид лаңкесшілердің назарына алынып, соның салдарынан бейбіт тұрғындар көз жұмды», – дейді The Guardian.

Басылымның дерегінше, Сириядағы соғыс Бельгиядағы мұсылмандардың көзқарасына әсер еткен. Бір Бельгияның өзінен Сирияға аттанған жауынгерлердің саны Батыстағы барлық елден асып түсіпті. Сирияға аттанғандардың саны 450 адам. Айта кетелік, Бельгия халқының саны 10 миллионнан асады, оның ішінде жарты миллионы мұсылмандар.
Бельгиялық тәуелсіз сарапшы Питер ван Остейеннің сөзінше, Сирияға кеткендердің саны бұдан да көп. Анығы, 562 адам. Көпшілігі «Ислам мемлекетінің» қатарына өткен. Енді бірі «Әл-Каида» мен «Жехбат-ән-Нұсру» сияқты лаңкестік ұйымдардың қатарын толықтырған.

Бүгінге дейін бұлардың ішіндегі 80 адам көз жұмыпты. Көпшілігі Сирияның шығысындағы қантөгісте майдан даласында қалған.

– Бельгияның «бас ауруы» Брюссельдің дәл іргесіндегі Моленбек қаласы. Мұнда 90 мыңға тарта тұрғын тұрады. Кейбір ірі көшелерде мұсылмандардың үлесі 80 пайызға жетеді. Білсек, полиция Моленбек қаласын біраздан бері бақылауды қойған, анығында аталған аудан бақылаудан шығып кеткен, – дейді бұл ретте The Guardian.

Басылымның жазуынша, Брюссельдегі радикалды топтар осында тұратын мұсылман жастарды азғыратынға ұқсайды. Олар «сендердің ата-аналарың «шынайы исламды» білмейді  дей отыра, өздерінің соңынан ілесуді ұсынады екен.

 

Полиция қайда қарады?

dalanewes kaz (4)The Guardian Бельгия астанасы Брюссельдегі жарылысқа «аталған елде тұратын мұсылман қауымның төмен тұрмысының түк қатысы жоқ» дейді. Себебі, Париждегі лаңкестікке қатысы бар терроршылардың көпшілігі бақуатты тұрған.  Франция астанасындағы жарылысты ұйымдастырғандардың бірнешеуі ілгерідегі Моленбек қаласында туып-өсіпті.

– Бельгияның арнайы қызмет өкілдерін жарылыстың алдын алмағанына сөге алмайсың. Білгеніміздей, жүздеген агент қауіп төндіруі және лаңкестікке баруы мүмкін мыңдаған адамды күні-түні аңдумен болған. «Біз әбден шаршадық. Күшіміз сарқылды. Себебі, мұндай адамдар өте көп. Олардың қайсысы қай күні жарылыс ұйымдастырарын дөп басу мүмкін емес» дейді бельгиялық арнайы қызмет өкілдерінің бірі. Айтпақшы, өткен айда ғана Брюссель лаңкестікпен күреске 200 млн фунт стерлинг бөлген. Бірақ, бұл да көмек болмады, – дейді The Guardian.