Орыстан көршің болса...

Dalanews 30 қаң. 2015 04:11 317

[caption id="attachment_8879" align="alignleft" width="329"]семен - копия Семен Уралов[/caption]

Бұл – Семен Уралов. «Однако Евразия»  жобасының жетекшісі. Жоба Еуразиялық интеграцияны зерттейді. Анығырақ айтсақ, мақтайды. Кемшілігін көрсетпейді. Мақсаты сол. Мәскеу сапары барысында бізді, журналистерді «дуаламақ» болды. Дуаланып келгендері бар, дуаланып кеткендері қаншама. Сапардың үшінші күні осы Уралов бізге «дәріс» оқыды. «Бізде бір де бір одақтық медиа жоқ» деп бастады әңгімесін әлгі.  Бірақ бұл кез желтоқсанның басы еді. Еуразиялық одақ әлі құрылмаған да. Құрылмай қалуы да мүмкін деген үміт оты өшпеген кез. 

– Кешіріңіздер, сөзімді түзейін. Посткеңестік медиа жоқ дегім келген.

– Сіз сөз етіп отырған медиа осы одақты жақтайтын Ресейдегі жүздеген ақпарат құралының қосынына қосылып кетеді ғой. Мұның қажеті қанша?

Залдың арғы түкпірінен осылай деп айғай салған әзірбайжан бауырлардың даусы Семеновті селт еткізді.

– Неге олай ойлайсыз? Мұндай орталық құрылып жатса Еуразиялық одақты 3 субъектінің, Мәскеудің, Астананың және Минскінің көзқарасы тұрғысынан бағалайтын болады. Айтпақшы, 5 субъектінің.... Ереван анық кіреді. Қырғыздар да қосылатын болды. Кеше ғана Бішкектен оралдым. Бірақ, мерзімі әзір белгісіз. Бәлкім, одан да көп болуы мүмкін... Тәуелсіз деп атауға болатын, бірақ белгілі бір мәселеге байланысты Ресейдің қамқорлығын қажет ететін Оңтүстік Осетия мен Абхазия бар. Олардың да өз позициясы бар екенін ұмытпау керек. Ескеру керек

Мұндайда грузин қалай тыныш отырсын? Семенге қарата «Араға от салып отырсыз...» деді. Өйткені залда әлемдік қауымдастық мойындамаған және мойындай қоюы неғайбыл Абхазия журналистері отырған-тұғын. Грузин журналисі өзін Гио Мдивани деп таныстырды. Семен сасқан жоқ.

– Айтпақшы, Тблисиде елдің одаққа қосылуын қалайтын ықпалды армян кәсіпкерлерінің үлкен тобы бар. Армяндар Мәскеуде де мықты, білесіз ғой? Кәсіпкерлерін айтам. Еуразиялық одақ оларға қажет. Егер ертең біздің қатарымызға Иран қосылатын болса, одақтың стратегиялық маңызы одан сайын артады.
Ереван анық кіреді. Қырғыздар да қосылатын болды. Кеше ғана Бішкектен оралдым. Бірақ, мерзімі әзір белгісіз. Бәлкім, одан да көп болуы мүмкін... Тәуелсіз деп атауға болатын, бірақ белгілі бір мәселеге байланысты Ресейдің қамқорлығын қажет ететін Оңтүстік Осетия мен Абхазия бар. Олардың да өз позициясы бар екенін ұмытпау керек. Ескеру керек

Семен сәл үнсіз қалды.

– Клинтон бегім жаңа экономикалық одақтан қорқады. Біздің үлкен күшке айналарымызды біледі. Батыс пен АҚШ бізге кедергі келтіріп, аяқтан шалуға тырысып бағады. Қайтеді енді, оларды да түсінуге болар. Айтпақшы, Украинадан келген журналистер бар ма?

Залдың шеткі бұрышында әлдекім қол көтерді.

– Америка үшін шекара жоқ. Олар кез-келген жерге, кез-келген елдің ішкі ісіне тұмсық тығады. Қазіргі түрлі-түсті революцияны алдымен Сербияда сынап көрді. Кейіннен Грузияға ауыз салды. Артынша Украинаға жетіп, соңынан Қырғызстанды да ала кетті. Олардың құлашы қандай кең,  көрдіңіз бе? Қазір Украинаға қайта айналып соқты. Осы аралықта Молдавияның Парламентін өртеп жіберді. Мұнымен айналысатын арнайы топ бар. Менеджерлер. Олар өзара дос. Ал біз жемтікпіз...

Ал украин журналисі үндеген жоқ... Шу шығарғысы келмеді ме, әлде Семеннің (Мәскеудің) саясатын қолдаған түрі ме, о жағын білмедік.    

 ....
Тереңдетілген саяси интеграцияның уақыты әлі жеткен жоқ. Бірақ кезі келеді. Әзір бұл одақтың құрылымы түсініксіз. Заңдық, техникалық қалыптасу кезеңінен өткен жоқпыз. Бірақ, бізге қалай болса да, саяси институттар қажет. Солардың көмегімен экономикалық интеграцияны тереңдете түсеміз.

[caption id="attachment_8880" align="alignright" width="334"]алексей Алексей Пилько[/caption]

Ал бұл Алексей Пилько. Еуразиялық коммуникация орталығының директоры. Орталықтың одақтас елдердің ақпарат таратушысына айналуын армандайды екен.

«Интеграцияға үлкен үмітпен қараймын. Дегенмен, Семеннің сөзімен келіспеймін. Біз үлкен одақпыз. Бірақ өздігімізден күн көре алмаймыз», – деп бір қойды.  

– Еуразиялық экономикалық одақ. Әзір бұл осылай аталады...– деді енді бірде.  

Бұл арада біз де үнсіз отыра алмадық.

– Мұнымен не дегіңіз келеді, Алексей мырза?

– Еуразиялық интеграция алғаш жоба ретінде талқыланып жатқан тұста, осынау экономикалық одаққа саяси интеграцияның элементтері кіріктірілмек болды. Бұл ашық талқыланды. Білетін боларсыз? Әрине, бұл түрлі пікірталас туғызды. Менің бұл тараптағы пікірім мынадай: тереңдетілген саяси интеграцияның уақыты әлі жеткен жоқ. Бірақ кезі келеді. Әзір бұл одақтың құрылымы түсініксіз. Заңдық, техникалық қалыптасу кезеңінен өткен жоқпыз. Бірақ, бізге қалай болса да, саяси институттар қажет. Солардың көмегімен экономикалық интеграцияны тереңдете түсеміз.

Но это уже не союзническое, а колониальное мышление, – деді залдың артқы жағындағы дауыс (әдейі аудармай беріп отырмыз). Тағы да әзірбайжан бауырлар екен. 

Пилько кірпідей жиырыла қалды.

– Сіз өзбексіз бе?...

Журналистің жауабын күткен жоқ, жалғастырып кетті.

– АҚШ Ауғанстанда жеңіліс тапқаннан кейін, Орта Азиядағы ықпалынан да айырылып жатыр. Бірақ кеткісі жоқ...

Тілін тістеп қалды. Атаңа нәлеттердің деп айтқысы келген сияқты. Байқауымша, журналистердің алдында абыройын төккісі келмеді.

– Иә, кеткісі жоқ. Өңірдегі әскери ықпалын сақтап қалуға тырысып жатыр. Күні бүгінге дейін Орталық Азияда – Бішкектің іргесіндегі Манас базасын паналады. Ендігі жерде бұл да жоқ. Олар жаңа алаң іздестіреді.

Өзбекстанға қатты сеніп отыр. Қайтсін... Басқа барар жері де, сенері де жоқ олардың. Орталық Азиядағы 5 мемлекет: Қазақстан Ресейдің ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) бойынша одақтасы. Қырғызстан Еуразия одағына кіруге ұмтылып жатыр. Олар Американың әскери базасынан құтылғанына қуанбаса, қайғырған жоқ. Тәжікстанда аймақтағы ең ірі ресейлік 201-ші әскери база орналасқан. Ал Түркменстанның нейтралды мемлекет деген ресми статусы бар.Ендеше, кім қалды?

Аздаған үзілістен кейін «тереңдетілген саяси интеграцияның жедел жетуін» қалайтын Пилько үзілген әңгімені қайта жалғады. Тегі залдан сауал қойған әлгі әзірбайжан журналисін өзбек деп қабылдаған болуы керек. 

– Бірақ, Ақ үйдің әрекеті іске аспайды. Ташкент Вашингтон мен Мәскеудің арасындағы тепетеңдікті сақтауға тырысады. Оның үстіне өзбектер Еуразиялық одақпен арадағы еркін сауда аймағына қол қойғалы отыр. АҚШ пен әскери әріптестікті кеңейтпей тұрып, Кәрімов он ойналады. Көр де тұрыңыздар...

Пилько осылайша өз-өзін сендіргендей болды. Ал біз Мәскеу сапарынан бір нәрсені ойға түйіп қайттық. «Орыстан көршің болса, айбалтаң жаныңда болсын!».

Думан БЫҚАЙ.


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x