Қазіргі  және  болашақтағы Өскемен

Dalanews 25 қар. 2017 10:42 420

Өскемен қаласы жыл санап дамып келе жатқан еліміздегі тарихы ұзақ, табиғаты шұрайлы, өндіріс ошақтарына, зауыт-фабрикаларға  бай  қала.

Ал бұл қаланың бүгіні мен ертеңі қалай?

Сонымен, енді 15 жылдан кейін Өскемен қаласын қандай өзгерістер күтіп тұр?  Қала қалай түрленеді?

Білеріміз, Өскемен қаласына қатысты жоспарланған ауқымды жобалардың барлығы да орындалмақ.

Біз оқырман қауымды қазіргі және 15 жылдан кейінгі Өскеменге саяхаттап қайтуды ұсынамыз.

Қазіргі Өскемен


Өскемен еліміздің Шығысында, Алтай тауының қонышында орналасқан, көрікті қалалардың бірі. Тарихы сонау 18 ғасырдан басталатын қала көрікті де сымбатты табиғатымен тартымды.

Мұнда 300 мыңға жуық халық тұрады. Соңғы кездері Өскемен қаласы дамудың жаңа сатысына көтерілді десек қателеспейміз. Жаңа театр, бір жерге орналасқан спорт кешендері, қаланың шетінен салынып жатқан жаңа аудан, әкімшілік орталық, Ертіс бойының абаттануы, гүлзарға бөленуі, этноауыл салынып, халық қыдырыстайтын,  қала тұрғындары жаз бойы серуендейтін орынға айналуы – Өскеменнің бүгінгі келбетінің ажары.

Өскеменге барсаңыз, әсем саябақтар, тарихи ескерткіштер, қала шетіндегі қыстық спорт алаңдары, ірі өндіріс ошақтары қарсы алады. Бұл қаланы – Алтай тәжі деп әспеттейтіндер де көп.

Өскеменде көпсанды ұлт өкілдері тұрады. Шығыс  Қазақстан облысының әкімшілік орталығы ғана емес, осы аймақтың экономикасының тірегі де осы қала.

Қала жыл сайын кеңейіп келеді. Мұнда облыстың әр аудан-ауылынан келіп жұмыс істейтіндер көбею үстінде. Бұл ішкі көші-қон облыс орталығында жаңа жұмыс орындарының ашылуына орай жаратып отыр.

Соңғы бірнеше жылда Өскеменнің шағын және орта бизнесі дамығаны байқалады. Халықтың жеке кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік артқан.

Экономикасы және тұрғындар саны

2025 жылға қарай Өскемен халқының саны 400 мыңға жетеді. Ал 2030 жылға қарай тұрғындар саны – жарты миллионды құрамақ!

Бұл уақытта Өскемен еліміздегі ең ірі деген облыс орталықтарының біріне айналады. Қала өзінің өндірістік даму бағытынан адаспайды. Өндірістің қарыштап дамуы арқасында Шығысқа еліміздің ғана емес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің барлығынан жоғары білікті мамандар ағылады. Олардың арасында бір кездері Шығыстан басқа мемлекетке көшіп кеткендер де қайта оралады.

Айналдырған бес жылдың ішінде Өскемен өзіне іргелес жатқан Герасимовка, Прапорщиково, Ушановский сияқты поселкілерді құрамына қосады. Ал он жылдың аралығында Глубокое поселкісі де қаланың құрамына кіреді. Бірақ олар қараусыз қалмайды. Облыс орталығына жаңадан қосылған аудан-ауылдарға жеңіл рельсті трамвайлар қатынай бастайды.



Индустрия және инфрақұрылым

 Алдағы 15 жылда Өскеменді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Оның көпшілігі өндіріске қатысты. Қаладағы өндірістік қуат көздері саналатын зауыт-кәсіпорындар қаланың орталығынан сырт жерге көшіріледі. Ең ірі кәсіпорындар арнайы белгіленген аумақта орналасып, сол кездің технологиялық талабына сай модернизацияға ұшырайды.

Бұл ретте бірінші кезекте зауыттарға қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи  құрал-жабдықтарды өз жұмысына кіріктіру талабы қойылады. Осының арқасында Өскемендегі экологиялық ахуал жақсарып, өмір сүру жеңілдейді. Өкпе-бауыр және онкологиялық аурулардың саны азайып, ауаға тасталатын уытты, зиянды қалдықтардың мөлшері төмендейді.

2020 жылға дейін Канадамен арадағы әріптестіктің арқасында қалада уранды аффинаждау бойынша зауыт салынады. Бұдан сырт толық циклді көлік зауыты пайда болып, темір тұлпарларды дәнекерлеу, бояу және құрастыру, көлік бөлшектерін, штамповка бұйымдарын және пластмасс шығару ісі жолға қойылады.

Қазақстандық кәсіпорынға құйылған инвестиция көлемі 5,7 млрд долларды құрайды. Зауыт жылына 120 мың темір тұлпар шығаратын қуатқа ие болады. Жаңа өндірістік объект 12 мың жұмыс орнын құруға септесіп, еліміздің жалпы ішкі өнімін 1 млрд долларға көтеріп тастайды.

2020 жылы Қасым Қайсенов ауылының жанындағы 400 га аумаққа Солтүстік жағалаудағы ЖЭО (жылу электр орталығы) салынады. Соңғы жылдағы жоғары сапалы технологиялармен тұрғызылған жаңа ЖЭО-2 арқасында қала жылудан тапшылық көрмейтін болады.

Бұдан сырт тұрғын үй шаруашылық, су және жылумен қамтамасыз ету желілері толықтай модернизацияланады. Атап айтқанда «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сумен қамтамасыз ету желілері және су шығару объектілері күрделі жөндеуден өткізіліп, ескі насостар энергосыйымдылығы жоғары жаңа насостармен ауыстырылады.

2020 жылға қарай Өскемен халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Оңтүстік Ауыл, Вокзальная, Айтықов көшелерінің, Мұнай базасы ауданының, әуежей, Солтүстік Атамановскі және Төменгі Согринкс тоғандарының, Защита, Шмелев Лог шағын аудандарының, Красина, Ново-Троицк, Меневное, Ахмирово және Октябрск су бөгеттерінің бойымен сумен жабдықтау техникасы жүргізіледі.

 Сәулет кешені

Уақыт өте келе Өскемен қаласының сәулеттік кешені құлпыра түседі. 2025 жылға қарай қаланың шекарасы іргелес жатқан аудан-ауылдардың арқасында кеңейе түсетінін айттық.  Бұл уақытта Өскеменнің аумағы алты мың гектарға үлкейеді. Жібек мата комбинаты бұл уақытта орталыққа айналып, қаладағы  негізгі әкімшілік орталықтар осы жерде орналасады.

Ең бастысы, болашақта өскемендіктер өндірістік кәсіпорындардан аулақта тұратын болады. Тұрғындар қолайлы жерге, бірінші кезекте Ертістің солтүстік жағалауына көшіріледі. Бұл арада сонымен қатар 11 мың адамға арналған 7 кешені бар рекреациялық аймақ пайда болады.

Сонымен қатар бес жылдың аралығында этнографиялық саябақтың құрылысы аяқталып, оның ішіндегі жануарлар саябағының аумағы кеңиді. Меновнов қазаншұңқыры қайта орналастырылып, қайық станциясы, ипподром, экологиялық саябақ, теннис орталығы және Қазақ драмалық театры модернизацияланады.

Әкімшілік, облыстық аурухана, мұрағат, прокуратура, сот және басқа да мемлекеттің құрылымдар қаланың солтүстік жағалауына көшеді.

2030 жылға дейін 19-шы ауданда жаңа футбол стадионы, ауыр атлетика орталығы, аурухана кешені, мектептер, көпқабатты көлік тұрағы, кинотеатр, базар, жасөспірімдер үйі және Абайдың шығармаларын оқуға арналған клуб ашылады. Барлығы 130-дан аса ғимарат бой көтереді. Олардың көпшілігі биіктігі 5-тен 12 қабатқа дейін жететін тұрғын үйлер болмақ. Ал өзгелері мәдени-әлеуметтік және әкімшілік ғимараттар болады.
Сонымен бірге қаладағы барлық жағалауларға күрделі жөндеу жүргізіледі. Ең негізгі жаңалық – жолаушыларға арналған су транспортының жұмысы жолға қойылады. Вокзал маңындағы  өзеннен Бұқтырма, Семей, Кереку және Омбыға дейін қатынайтын шағын кемелер жүре бастады.

Мінекей, осылайша Өскемен қаласы Еуразиялық аймақтың өзен-транспорттық жүйесін біріктіретін өзіндік орталыққа айналмақ.

«Қала мен Дала»


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x