Құлаған метеоритті өз атымен атаған диктатор

Dalanews 03 там. 2017 06:31 226

Тарих талай диктаторды біледі. Талайын өткерген. Талайына куә.


Диктаторлардың дерті ұқсас. Олардың синдромы ортақ. Тоймайды. Тойса да, тойғанын білмейді. Атаққа. Марапатқа. Мақтауға.


Олар періште, олар пайғамбар. Бұл деңгейден түспеуі керек халықтың алдында. Түсті екен түтіп жейді өз халқы.


Елді «ертең мен кетсем, мемлекет те күйрейді, сендер сорлап қаласыңдар. Елдегі бақ пен бақуат менің арқамда ғана сақталып отыр» дейді олар. Сабыры сарқылмайтын жұрты сенеді оған.




«Иә, солай. Сіз мемлекетсіз. Мемлекет деген сіз. Сіз болмасаңыз, мемлекет те болмайды. Сіз, тек қана сіз...» дейді.



Тарих мұндай диктатордың талайын біледі. Соның біріне тоқталайық.


Сапармұрат Ниязов. 1992 жылғы жалғыз өзі түскен сайлауда Ниязов тәуелсіз Түркіменстанның президенті атанады. Осыдан басталады бәрі. Таққа отыра сала жеке басқа табынудың жоспарын түзеді ол. Алдымен идеологияға ауыз салады. «Түркімендер менің төңірегіме топтасуы тиіс» дейді ол.



Түркіменбашы деген титулды иемденеді. Ұлттың атасы, әкесі атанады осылайша. Аздық етеді.


«Халық – Ұлт – Түркіменбашы» деген плакаттар пайда болады тұс-тұста. Ниязов бұған «қасиетті үштік» деп ат қойған. Аздық етеді тағы да.


Айттық қой, диктаторлардың дерті ұқсас деп. Періште, пайғамбар атану үшін Ниязовқа ұлттың атасы атанған жеткіліксіз-тұғын.



Тойымсыздық


Осыны түсінген ол көзіне көрінгеннің бәрін өз атымен атауға көшеді. Көшелерден бастайды алдымен. Ұзындығы мың қадамнан асатын көшелердің көпшілігі Түркменбашының атын иеленеді. Ашхабадтағы халықаралық әуежайға да өз атын атын берген.


Каспий теңізінің жағасындағы Красноводск қаласының аты ресми түрде Түркіменбашы деп ауыстырылады. Аздық етеді.


Өз атын арақ-шараптың арасынан көргісі келеді Ниязов. Елдегі ең қымбатты деген шөлмектердің сыртында диктатордың портреті пайда болады.




«Байқайсыңдар ма, менен бір хош иіс шығады» дейді Ниязов. Төңірегі түсіне қояды. Келер күні «Түркменбашы» әтірі саудаға шығады. Президент сияқты аңқығысы келетін таласа-тармаса кезекке тұрады. Бұл да аздық етеді.



1998 жылы Түркіменстан территориясына метеорит құламай ма. Оған да өз атын қойып жібереді. "Түркіменбашы метеориты" келер күні елдегі ресми БАҚ-тың басты бетінде жүреді. Сенсеңіз, бұл да аздық етеді.



Елдегі ең еңселі деген тау өз атымен атайды Ниязов. Тоймайды бәрібір.


«Наурыз, сәуір деген ұнамайды маған» дейді диктатор. Төңірегі түсіне қояды. Айлардың атауын өзгертеді. Бұдан былай түркімендер жылдың алғашқы айын Түркіменбашы деп атауға тиіс болады. Сәуір Ниязовтың марқұм анасының атымен Ғұрбансолтан деп аталады. Қыркүйекті Рухнама деп өзгертеді (Түркіменбашының кітабының аты).


Сенсеңіз, бұл да аздық етеді.


«Апта атаулары ұнамайды маған» дейді ол. Төңірегі түсіне қояды.




Осылайша, дүйсенбі – «бәшгүнге» (басты күн)


Сейсенбі – «яшгүнге» (жас күн)


Сәрсенбі – «хошгүнге» (жақсы күн)


Бейсенбі – «согапгүнге» (сауап күн)


Жұма (жұмаға тиіспейді)


Сенбі – «рухгүнге» (рухани күн)


Жексенбі – «дынчгүнге» (демалыс күн) айналады.



«Ас атасы нан» ғой. Түркімендер «чорек» дейді. Осы чорекке тиіседі Түркіменбашы. «Нан демей-ақ, «гұрбансолтанедже» деп атамаймыз ба?», – дейді ол. Анасының толық аты-жөні болатын бұл...


Сенесіз бе, бұл да аздық етеді оған.



Асқыну 


Дерті асқына түседі оның. Ашхабадта 75 метрлік мұнара бой көтереді бір күні. Мұның төбесіне алтын жалатылған, ұзындығы 10 метр ескерткішін ортанады Ниязов.


Тоймайды бұған да. Көзі тоймайды. Тойса да, тойғанын білмейтін кезге келген тұсы-тұғын.



Ілгеріде айтқан «Рухнама» түркмендердің Құранына айналады. Елдегі барлық мешіттерде «Рухнаманы» Құранмен қатар қою керек деген заң шығады.




Түркімендер, анығы Ниязовтың төңірегі жеке басқа табынудың шырқау шегіне жетеді. Түнде төсегіне жатса да, таңертең жұмысына тұрса да табынатын Түркменбашыны пайғамбар деп жарияламақ болады олар. Жариялап жіберер еді, ислам әлемінің қарғысына қалудан қорып әрең тоқтайды...



Білетіндердің айтуынша, жеке басқа табынудың мұншалықты көрінісі Солтүстік Кореяның өзінде жоқ. Бұрын-соңды тарихта болмаған, демек.


Ал диктаторлар тағында өледі. Жоқ, олар үшін бұл трагедия емес, бақыт. Түркменбашы да солай, тағында өлді. 2006 жылдың 21 қыркүйегінде тірісінде атаққа тоймаған диктаторды табытқа салып, жер қойнына тапсырды.


(жалғасы бар)


Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x