Қылмыстық топ құрғаны үшін ұсталды

Dalanews 06 нау. 2017 10:49 227




Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Б.Нұрабаевты ұстады. Оған қылмыстық топ құрып, ірі көлемде пара алып келді деген айып тағылып отыр.


 Б.Нұрабаев кәсіпкерлерден аса ірі мөлшерде пара алып отыру үшін қылмыстық топ құрған. Ақшаны жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарттар бекітуге сұраған екен.


Аталған қылмыстық топқа Комитет төрағасының сенімді өкілдері – орынбасары Н.Құрбанов, «Қазжерқойнауы» және «Оңтүстікқазжерқойнауы» басшылары А.Нұржаубай мен Е.Әділханов, ««Қазгеоинформ» басшысы А.Өтегенов, Маңғыстау облыстық геология испекциясының басшысы Б.Мутан, сондай-ақ Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары тартылған.

Б.Нұрабаевтың сенімді өкілі М.Әбдірашев қылмыстық топ мүшелерінің қолтығына су бүркіп отырған. Комитет төрағасы сыныптасы Әбдірашевпен достық байланыста екен.

Бүгін Б.Нұрабаев жер қойнауын мемлекеттік зерттеуге келісімшарт бекітуге көмек көрсеткені үшін «Ақмола Голд» ЖШС өкілінен 20 мың АҚШ доллары мөлшерінде пара алып жатқан жерінен ұсталды.

Бұған қоса, Б.Нұрабаев пен М.Әбдірашев пара түрінде «AUDI Q7» маркалы автокөлік пен Шымкенттегі құны 25 мың АҚШ долларын құрайтын 3 бөлмелі пәтер алған.

Б.Нұрабаев алған параның жалпы сомасы 100 мың АҚШ долларынан асты.

Сондай-ақ, Б.Нұрабаев пен Н.Құрбанов қызметтік өкілеттігі мен құпия ақпаратты пайдаланып, перспективті кен орындарын еншілес кәсіпорындарға заңсыз тіркеп отырған. Барлығы 30-дан астам кен орны тіркеліпті.

Б.Нұрабаев, Н.Құрбанов және қылмыстық топтың тағы он алты мүшесі ұсталып, Астана ІІД уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.


 

Дереккөз: baq.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x