Жанболат Мамай абақтыдан хат жазды

Dalanews 11 ақп. 2017 10:17 357

2017 жылы ақпанның 11-і күні Алматыда "Астана" қонақүйінде өткен Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу жиынында ақпанның 10-ы ұсталған «Саяси қалам: Трибуна» газеті бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамайдың абақтыдан жазған мәлімдемесі оқылды. Оны Сәрсенбайұлын еске алу дөңгелек үстелі модераторы Төлеген Жүкеев оқып бергенін құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады деп хабарлайды Азаттық сайты..

Мәлімдемеде "Жария мәлімдеме. Мен, Мамай Жанболат Мамайұлы, тағылған айыптар бойынша өзімді кінәлі деп санамаймын. Өмірімде бизнеспен, қаржылық шаруалармен айналысқан емеспін. Бұл істі саяси астары бар деп, журналистік қызметіме қысым және "Трибуна" газетін жабу әрекеті деп есептеймін" деп қолмен жазылған. Мәлімдеменің соңында 11 ақпан күні жазылғаны белгіленіп, Жанболат Мамайдың қолы қойылған.

Азаматтық белсенді Жанболат Мамайды 2017 жылы 10 ақпан күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстаған еді. Бюроның ресми сайтында Жанболат Мамайдың ұсталуын "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы М.Әблязов пен Ж.Жарымбетов және басқа да тұлғаларға қарсы ақша жымқыру туралы қозғалған істің "жалғасы" деп түсіндірген.

Бюро "Тергеу барысында Әблязовтің жаңа көмекшісі Мамай Жанболат екені анықталды. Ол "БТА банктен" ұрланған қаражаттың бір бөлігінің ізін «Саяси қалам: Трибуна» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған. Қазір коррупцияға қарсы бюро қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр" деп жазады.

2006 жылы 11 ақпанда оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісіне қастандық жасалып, мәйіттері Алматы облысы Талғар ауданынан табылған еді. 2017 жылы ақпанның 11-і күні Алматыда саясаткерді еске алу жиыны өтті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x