Министр 34 қазақ қызы қытайға тұрмысқа шыққанын хабарлады

Dalanews 23 қаң. 2017 19:23 247

ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев алты жылда этникалық қытайлармен некеге тұрған қазақстандық қыздар саны небәрі 34 екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы министр Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

"Жұмыс барысында Статистика комитетінің мынадай бір деректерін кездестірдім. Жалпы, бұл цифрлар осыған дейін Фейсбукте қызу талқыланған мәселеге қатысты болғандықтан, оқырмандарыма маңызды болар деп ойлаймын", - дей келе министр 2010 жылдан бергі статистиканы келтіреді.

Статистикаға қарағанда, 2010 жылдан бастап 2016 жылғы сәуір айына дейін ҚХР азаматтарына 253 қазақстандық тұрмысқа шыққан көрінеді. "Соның ішінде, 190 қазақ қызын Қытайда тұратын өз қандастарымыз, яғни қазақ жігіттері жар еткен. Осы уақыт ішінде, яғни алты жылда этникалық қытайлармен некеге тұрған қыздар саны - небәрі 34. Ал, осы кезең ішінде Қазақстанның 277 азаматы ҚХР қыздарына үйленген. Соның ішінде 244-і - Қытайда тұратын қазақ қыздарымен бас құраған қазақ жігіттері", - деп жазды Дәурен Абаев.

Еске салайық, қазақстандықтар Бейжіңнен келеді делінген дөкей қытайларға қазақстандық қалыңдықтарды жинау туралы хабарландыруға наразы болған еді. Осындай мазмұндағы хабарлама Facebook әлеуметтік желісіндегі "Доска объявлений Алматы, Астана" паблигінде жарияланған. Хабарламада Бейжіңнен келген дөкей жігіттер тобы қазақстандық қыздар мен шынайы қарым-қатынас құру үшін келе жатқаны айтылады. Бұдан кейін Қазнетте ұлтаралық неке тақырыбы қызу талқылана бастаған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x