Back
| DalaNews

Ж. Ошырбайұлы: «Қытайда қазақстандық азық-түлікке сұраныс жоғары»

Қытайда соңғы кездері  Қазақстанның ауыл-шаруашылық өнімдеріне сұраныс артып келеді. Бұл туралы осы салада кәсіппен айналысып жүргендер жиі айтады. Қытайға экспорттың артуы азық-түлік, ет өнімдерін өңдеуді жетілдіруге мүмкіндік бермек. Миллиардтан аса халқы бар Қытай базарына Қазақстанның ауыл-шаруашылығы өнімдерін көптеп шығаруадың қандай қиындығы бар? Қытайға қазақстандық тауарларды өткізудің заңды жолын игерген кәсіпкерлер көп пе? Осы және басқа да сұрақтар туралы белгілі кәсіпкер, «DBK GROUP» компаниясының жетекшісі әрі негізін қалаушы, «Аяулым» ЖК-ның директоры Жолдыбай Ошырбайұлы өз ойын білдірген еді.

– Жолдыбай мырза, соңғы кездері Қазақстан тауарларын Қытайға экспорттау туралы жиі айтылып жүр. Бұрын тек қана Қытай тауарларын импорттау жайында ғана сөз болушы еді. Жалпы, қазақ кәсіпкерлері Қытайға қандай тауарларды көптеп шығарып жатыр?

Ж. Ошырбайұлы: Экспорттың түр-түрі бар ғой. Бұрындары негізінен Қытайға шикізат байлықтары – мұнай, газ, түрлі-түсті металдар көп экспортталатын. Бұл үрдіс әлі де бар. Біз дайын өнімді емес, өңделмеген шикізатымызды саудалап келдік. Бұл екі елдің арасындағы Үкіметтік деңгейдегі келісімдер арқылы жүзеге асырылды. Қазір бұл үрдіс тұрақты жүріп жатыр. Біздің байлығымыз тек Қытайға емес, Ресей, Еуропа, өзге де Азия елдеріне тасымалдануда.

Десе де, көптен бері шикізатты емес, дайын, мәнерленген өнімдерімізді шетелге қашан шығарамыз деген сұрақ елдік деңгейде көтеріліп келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет индустрияландыруға баса мән беріп отыр. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі бұл ауқымды жобаға ерекше назар аударып, өз қадағалауына алғаны мәлім. Соның пайдасын енді сезе бастадық. Соңғы жылдары қазақстандық ауылшаруашылығы өнімдері – астық, ет, май өнімдері, оның ішінде азық-түлік – ұн, май, кондитерлік өнімдер Қытайға экспортталуда.

| DalaNews– Индустрияландыру картасы – мемлекеттік айрықша жоба ғой. Бұған әдетте шағын және орта бизнес өкілдері көп араласа алмайды. Қытайға Қазақстан өнімдерін экспорттауда қарапайым кәсіпкерлердің үлес салмағы қаншалықты мол?

Бір нәрсені ашық айтуымыз керек. Қытай – үлкен нарық. Оған біздің мұнай-газ, қазба байлықтарымыз ғана емес, кез келген тауарымыз өтімді. Тек соның заңды жолын тауып, Қытайға шығара алуымыз керек. Айталық, соңғы жылдары Қорғас шекарасынан екі елге де ортақ еркін кәсіпкерлік аймақ ашылды. Осы базарда жұмыс істеп, қаржы тауып жатқандардың дені қарапайым кәсіпкерлер. Ол жерде Қытайдың тауарларын Қазақстанға әкеп сататындар да, Қазақстан тауарларын Қытайға саудалайтындар да көп. Жоғарыда айтқанымдай, соңғы кездері Қазақстанның азық-түлік өнімдері Қытайда үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Біздің ұн, май, кондитерлік өнімдеріміз Қытайдың ірі супермаркеттерінде брендке айналуда. Бұл үлкен орай.

– Сонда олар не үшін Қазақстандық азық-түлікке әуес?

Ж. Ошырбайұлы: Ең басты себебі, қазақстандық азық-түліктің дәрумендігі жоғары және экологиялық тұрғыдан таза. Қытайдың астығы негізінен химиялық қоспалар арқылы өсіріледі. Түрлі химиялық тыңайтқыштар жыл сайын еселеніп беріледі. Бұл егістік алқаптарының құнарсыздануына әкеліп соқты. Одан алатын өнімнің де табиғилығы жойылып барады. Ал Қазақстанның жері құнарлы әрі астығы химиялық қоспасыз өседі. Демек, одан алатын өнім де таза деген сөз.

| DalaNews

Кәсіпкер Жолдыбай Ошырбайұлы

– Шағын және орта бизнес өкілдері бұл мүмкіндікті игере алып жатыр ма?

Қазір дәл осы салада еңбектеніп жатқан кәсіпкерлер шоғыры мол. Бірі астық өнімдерін, енді бірі кондитерлік өнімдерді, тағы бірі ет өнімдерін экспорттауға құлшына кірісіп жүр. Олар темір жол және автотранспорттар арқылы өз саудаларын арттыруға күш салуда. Бұған мемлекеттік көмек те бар. Әрине, әртүрлі кедергілер бар. Тек Қорғастағы еркін сауда аймағымен шектелмей, екі ел арасындағы келісімдер негізінде астық, ет, май өнімдерін ірі көлемде экспорттап жүргендер де кезігеді. Кей кездері Қазақстанның ет өнімдеріне шектеу қойып та жатады. Бұл халықаралық деңгейдегі эксперттердің толық жасалмауынан туындайды. Ет өнімдеріне карантин жарияланған уақыттар да болып тұрады. Мұндай сәттерді кәсіпкерлер алдын ала білуге тырысу керек. Егер заңды жолмен өз өнімдерімізді шетелге экспорттай алсақ, арнайы субсидия (НДС) беріледі. Оны алудың жолы тиісті құжаттарды дұрыс өткізу. Көптеген кәсіпкерлер қағаз жинаудан қашады. Енді біреулері субсия, НДС алу қиын деп ойлайды. Бұл ой қате. Мемлекеттен берілетін көмек, жеңілдіктерді тиімді пайдалануымыз керек.

– Шынымен де осы мемлекеттік көмекті алып жатқандар бар ма?

Бар. Қорғастағы еркін сауда аймағы 2013 жылы ашылды. Бастабында қара базардан зат сатып алып, сонда апарып саудалайтын кәсіпкерлер қазір мемлекеттік көмекті де ойдағыдай пайдалана алатын деңгейге жетті. Сол арқылы азық-түлік өндіретін ірі кәсіпорындармен бірлесіп, КамАЗ бен темір жол арқылы мыңдаған тонна өнімдерді саудалап жүрген кәсіпкерлер қалыптасып үлгерді. Бәрі бір күнде ол деңгейге жетпейді. Оның жүйесін, жолын үйренуге біраз уақыт кетері анық. Қандай қиындыққа қарамастан, мемлекет беріп отырған көмекті алуды үйрену маңызды. Қытай өз тауарын экспорттаса, кәсіпкерлерге арнайы беретін жеңілдігі бар. Олардың көмегін алу тезірек деп естиміз. Бәрі заң аясында нақты реттелген. Біздің кәсіпкерлер де мемлекеттік ынталандыруды алуға ниет еткендері дұрыс.

– Мемлекеттік келісімдер кезінде Қытайға астық пен ет өнімдерін экспорттауға уағдаласты деген хабарды көріп қаламыз. Мұндай келісімдердің иглігін шағын кәсіпкерлер көре алып отыр ма?

Ж. Ошырбайұлы: Екі елдің арасындағы қарым-қатынастың жиілеуі, өзара мемлекеттік деңгейдегі келісімдердің болуы кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Егер мемлекеттік келісімдер болмаса, қазақтың азық-түлігін өздігінен шығара алмайды. Кей кездері кедендік рәсімдеудің өзіндік тосқауылдары болатыны жасырын емес. Соны барынша азайту керек.

| DalaNews

“Жолдыбай” ұны

– Сіздің компания Қытайға қандай өнімдерді экспорттап отыр?

Біз де ел секілді май, ұн, кондитерлік өнімдерді Қорғас еркін сауда орталығына кіргізуден бастағанбыз. Осы орталықтың талай кәсіпкерге пайдалы болғанын сеніммен айта аламын. Ең алғаш шағын автобустармен жөткедік. Кейін КамАЗ арқылы таси бастадық. Қазір өзіміздің «Жолдыбай» маркалы ұн, майларымызды шығара бастадық. Тұрақты клиенттеріміз бар. Олар осы марка өнімдерін Қытайда бренд жасауға жұмыс жасап жатыр. Алға қойған мақсатымыздың бірі – ұн, май, ет өнімдерін мәнерлейтін арнайы зауыт ашқымыз келеді. Қазір осы жұмыстарды қолға алу үстіндеміз. Бәрін өзің мәнерлеп, дайын өнімді саудалау бізге де, елімізге де тиімді. Біріншіден, жұмыс орны ашылады. Екіншіден, егін, мал шаруашылығы дамиды. Болашақта өзімізбен еншілес компаниялар құрып, егіншілік пен малшылықты дамытуға үлес қоссақ па деген жоспарымыз да жоқ емес.  

| DalaNews

“Жолдыбай” майы

– Астық пен ет өнімдеріне сұраныс жоғары болса, онда елімізде егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуды барынша қолға алған жөн ғой.

Негізі, егін егіп, мал өсірем дегенге Қазақстаннан қолайлы жер жоқ. Жыл сайын арзандатылған несие, субсидия беріліп келеді. Оны да негізінен ірі шаруа қожалықтары алып жүр. Бұл салаға қадамын енді басқандар субсиядияның қызығын көріп отыр деуге әлі ерте. Болашақта бұл олқылық жойылып, шағын шаруа қожалықтары да субсидия алатын күнге жетеді деп ойлаймын.

Қазақтың жері кең деп құр мақтанбауымыз керек. Сол жерді игеруге күш салмасақ, ұланғайыр даланың пайдасын көрмесек, онда құр мақтанның зардабын тартуымыз мүмкін… Біз осы даланы малға толтырып, егінмен гүлдендірсек қана, оның игілігін болашақ ұрпақ көреді. Әлемде азық-түлік тапшылығы жыл сайын артып келеді деген ақпаратты күнделікті оқып жүрміз. Ендеше, егін мен ет өнімдеріне сұраныс артпаса, кемімейді.

– Кәсіпкерлікпен айналысам деген жастарға қандай кеңес берер едіңіз.

Бізде әлі де болса кәсіпкерлікпен айналысудан қорқу психологиясы басым. Сауда жасау – біреуді алдау, арбау деп қарайтындар да кезігіп жатады. Мұндай ойдан арылуға тиіспіз. «Бәсекеге қабілетті ұлт» дегенді жиі айтамыз ғой. Қазір нағыз бәсекенің заманы. Кәсіпкер болу – үлкен жауапкершілік. Бұл алдаудың жолы емес, сенімнің жолы. Сенімсіздік бар жерде, кәсіп өрге домаламайды. Соны есте ұстап, өзінің кәсібін бастауға талпыну ләзім. Кәсіпкердің бәрі үлкен бизнесменге айналуы неғайбыл. Бірақ үлкен мақсат болса, оған да жетуге болады. Кәсіпкер болу үшін зиян тартпау маңызды емес, сол зиянын пайдаға айналдыра алу маңызды. Біздегі көптеген жастар бір кәсібі дұрыс жүрмесе, екінші сауда жасаудан, кәсіп бастаудан бойын аулақ ұстап жатады. Мұндай қадам негізі жеңіске бастар жол емес екенін ұмытпаса деймін.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Н. ТІЛЕУҚАБЫЛ.