Түркия парламентінің өткені мен бүгіні

Dalanews 15 мау. 2015 22:45 624

 

7 маусымда Түркияда Парламент сайлауы өтті. Сайлауға 20 партия түскенімен, негізгі бәсеке қазіргі Премьер-министр Ахмет Дауытоғлу лидерлік ететін Әділет және Даму партиясы; Ататүрік негізін қалаған Республикашыл Халық партиясы; Түрікшілдік идеясының  белгілі өкілі Алпарслан Түркеш құрған Ұлтшыл Әрекет партиясы; 90 жылдары Түркия билігінде болған Рефах, оның жалғасы болған Фазилет партиясының кейінгі буыны ретінде саналатын Саддет(Бақыт) партиясы және Күрт қауымының сөзін сөйлейтін Халықтар Демократиясы партиясы сынды бес партия арасында өтті.

Сайлау нәтижесі бойынша, билік партиясы саналатын Әділет және Даму партиясы 40,92 пайыз дауыс жинап Парламенттегі 550 орынның 258-іне, Республикашылар 132-іне, Ұлтшылдар 80-іне, Демократияны ту еткен Күрт партиясы 80 орынға ие болды. Түркия қоғамы билік партиясы саналатын AKP-нің бұл жолы 2011 жылғы сайлауға қарағанда 9% аз дауыс жинағанын жаппай талқылап жатыр. Ел ішіндегі БАҚ «Ердоғанның күні бітті» деп жарыса жазды.

Біз бұл ретте, Түркия сайлауының сіз білмейтін қыр-сырына, билік пен бұқараның елдің ертеңі мен ендігі қадамдарына қатысты ұстанымдарына зер салуды жөн көрдік. Әуелі Түрік Парламентінің құрылуынан бастайық.

 ataturkТҮРКИЯНЫҢ ҚҰРЫЛУ НЕГІЗІ. АТАТҮРІК ИДЕЯСЫ

Түркия(Türkiye) – «бұл топыраққа Түрік ие» мағынасынан келіп шыққан атау. Түрік мемлекетінің жариялануы мен аяғынан тік тұруы Ататүрік есімімен тікелей байланысты. Мұстафа Кемал – (19.05.1881) Османлы дәуірінде түріктер иелігінде болған Селаник(Орысшасы Салоник. 1912 жылы Гректер иелігіне өтті. Грецияның екінші үлкен қаласы) қаласында өмірге келді. Оның қайраткерлік жолы Османлы Императорлығының басшылық режиміне(Абдул-Хамид ІІ билігі тұсы) қарсы сөз айтуынан басталады.  Ыстамбұлда биліктің көзіне іліккен ол, 1905 жылы Ыстамбұл Әскери академиясын бітіре сала Шамға(Ол кездегі Османлы топырағы. Сирия) әскери қызмет атқаруға жіберіліп, орталықтан ұзақтатылды. 1907 жылы қайтып келген соң, «жас түріктер» тарапынан құрылған, Түрікшілдік идеясын ұстанатын Бірлік және Ілгерілеу(İttihat ve Terakki) қозғалысының құрушы лидерлері Енуар Паша, Жемал паша, Талаат пашалармен танысады. Бұл қозғалыс Османлы билігінде парламенттік басқару жүйесін орнатып, демократиялық даму жолын қуаттайды. Осы кезеңде Түрікшілдік идеясы Мұстафа Кемалдың қанына сіңді.

Герман империалистерінің Патшалық Ресейге соғыс ашуымен басталған Бірінші дүние жүзілік соғыста, немістер ықпалында болған Түрік топырағының соғыс өртінен аман қалуы мүмкін емес еді. Бұл тұста Подполковник шеніндегі Мұстафа Кемал әскери министріліктен өзі сұранып, Ұлы Британия және оның отарындағы Австралия сынды бірнеше мемлекеттің Түрік топырағына басып кірмекші болған Галлиполь(Gelibolu) соғысында қолбасшылық етушілердің біреуі болады. Шанаққала(Çanakkale) қорғанысы үшін соғыста өзіндік ұрыс тактикасымен стратег ретінде ерекше көзге түскен жас қолбасшы Мұстафа Кемал 1915 жылы Полковник атағын алып үлгерді. Түрік топырағын қорғаудағы түрлі шайқастарда еңбегі сіңген Мұстафа Кемалға 1916 жылы 1 сәуірде Генерал атағы берілді. Ол осы жылы Түркияның оңтүстік шығыс аймағын орыс отарлығынан қорғап қалды.

I дүние жүзілік соғыста Үштік одақтың жеңілуіне сай, 1918 жылы 30 қазанда Османлы капитуляцияны қабыл етіп, Антантамен бітімге келуге мәжбүр қалды. Осыдан соң Мұстафа Кемал Түркия Республикасын құру керек екенін түсінді. Ыстамбұлдағы қуыршақ үкіметтен қашып шығып, Самсунда ұлтазаттық көтерілістердің басын бір арнаға шоғырландырған ол, отарлаушыларға қарсы соғыс жүргізіп, ел топырағын өзгенің өктемдігінен арылтып, бірте-бірте елдің билігін қолына ала бастады. Мұстафа Кемал ел билігіндегі Османлыдан қалған діншілдердің кері тартпа дүмше санасынан ештеңе шықпайтынын білді. Өзінің қажырлы да, қайратты соғысында Түрікшілдік идеясын ту етті. Оның бастауымен құрылған Түркия Үлкен Ұлт Мәжілісі(Türkiye Büyük Millet Meclisi, қысқаша TBMM – 1920 жылы, 23 сәуірде құрылды) 1922 жылы, 1 қарашада Ыстамбұлдағы қуыршақ үкімет билігі «Османлы Салтанатының» күшін жойды. 1923 жылы 24 тамызда осы мекеме Түрік топырағына қол салып отырған Ұлы Британия, Франция, Грекия сынды елдермен Лозанна бітім шартын жасасты. Сөйтіп, Осман Империясының құлағаны заңдастырылып,  Түрік Республикасының құрылуына бір жола негіз қаланды. 1923 жыл. 29 қазанда Түркия Республикасы жарияланып, Мұстафа Кемал ел Президенті болып сайланды. 1934 жылы Мұстафа Кемалға Ататүрік тегі берілді. Ол өзінің президенттік мерзімінде бірде бір шет мемлекетке ресми іссапармен бармады. Түркиямен байланыста болған елдердің саяси тұлғалары Ататүрікпен сөйлесуге Түркияға өздері келіп отырған.

 Ататүріктің басты қағидалары

Ататүрік ең әуелі түрікшіл. Жоғарыда оның «жас түріктер қозғалысымен» байланысы туралы жаздық. Ол билікке келе сала, 1924 жылғы конституцияға «Түркия халқы – діні мен нәсіліне қарамастан Түркия азаматы болғаны үшін Түрік боп саналады. (Türkiye ahalisine, din ve ırk farkı gözetilmeksizin vatandaşlık itibariyle Türk denilir)», - деп жаздырды.

1933 жылы Түркия Республикасының он жылдығында Ататүрік Чанкаядағы резиденциясында былай деді: «Бүгін Совет одағы, досымыз, көршіміз, ортақ серіктесіміз. Қазір осы достыққа деген қажеттілік туындап отыр. Алайда, ертең не боларын ешкім қазірден бастап білмейді. Дәл Осман империясы сияқты, Aвстрия-Венгрия сияқты ыдырауы мүмкін. Қазіргі кезде қол астында ұстап отырған туысқан халықтар таралып, бір-бір ел болуы мүмкін. Әлемде жаңа тепе-теңдіктер пайда болады. Дәл сол кезде Түркия не істейтіндігін білуі тиіс... Біздің осы достығымыздың негізінде тілі бір, діні бір өз текті бауырларымыз бар. Оларды қолдап, қолпаштауға дайын болуымыз керек. Дайын болу тек сол күнді күту деген сөз емес. Қазірден бастап дайындалу керек. Ұлттар бұған қалай дайындалады. Рухани көпірлерді мықты орнату арқылы. Тіл көпір... Дін көпір ... Тарих көпір... Түбірімізге көз салып, бөлінген тарихымыздың ішінде бірігуіміз қажет. Олардың бізге жақындауын күтпеу қажет. Біз оларға жақындауымыз қажет ...»

Бұдан сырт Ататүріктің: «Күндердің бірінде барша түрік мемлекетімен бірге Қытай қорғанында кезігетін боламыз», - деген сөзі де оның қаншалықты түрікшіл екеніне айқын дәлел. Ататүрік 1930 жылы, 26 қарашада Самсун лицейінде оқушыларға тарихтен дәріс түсіндіріп, картадан Тұран топырағын сызып: «бұл – баршамыздың ата жұртымыз», - деген. Оның Түркияның алғашқы ақшасына көк бөрінің суретін бастыруы, Түрік Үлкен Ұлт Мәжілісінің мінберіне де азулы бөрі басын қойдыруы көп нәрседен хабар берсе керек.

Ататүріктің бұдан сырт мемлекет басқаруына байланысты респбуликашылдық(биліктің халықта болуы), мемлекетшілдік(экономикалық күш халық игілігі үшін), халықшылдық(заң алдында түрік азаматтары дініне, тегіне, тіліне қарамастан тең құқылы), зайырлылық(мемлекет басқару ісінде дін мен саясаттың араласпауы), ұлыс бірлігі(халық пен мемлекетінің бірлігі) қағидалары бар.

 скачанные файлыТҮРКИЯ ҮЛКЕН ҰЛТ МӘЖІЛІСІ БЕЛЕСТЕРІ

Түрік топырағында алғашқы парламент Османлы жылдарында 1877 жылы құрылған Умими мәжілісі(Meclis-i umumi - қоғамдық мәжіліс) болды. Арада бірнеше рет аты өзгеріп, ашылып жабылған Османлы парламенті 1920 жылы Мондрос бітімінен кейін Ыстамбұлдың оккупациясы себебімен ресми жабылды. Осы жылы Мұстафа Кемал Ыстамбұлдан Анкараға табан тіреген кейбір Мәжіліс мүшелерінің  басын қосып Түрік Үлкен Ұлт Мәжілісін құрды және өзі Мәжіліс тарапынан төраға болып сайланды. Ататүрік бұл қызметті Республика жариялап, президент болып сайланғанға дейін атқарды.

Түркиядағы партиялы кезең

Түркия парламенті алғашқы жылдарда тек партиялы басқару жүйесінде болды. 1923-1950 жылдары билікті Республикашыл Халық партиясы(CHP) иеленді. 1923 жылы 9 қыркүйекте Түркияның алғашқы саяси партиясы - Республикашыл Халық партиясы(Cumhuriyet Halk Partisi) құрылды. Партия атауы алғашында Халық партиясы(Halk Fırkası) деп аталды, 1924 жылы партия алдына Республика(Cumhuriyet) сөзі қосылды. Партия жарғысы ретінде Ататүрік қағидалары алынды. Түркияның тек партиялы кезеңінде бірнеше партия құрылды, бірақ биліктен орын ала алмады. Мысалы: Республика жарияланған соң Ататүріктің ұлтазаттық көтеріліс кезінде үзеңгілес болған жолдастары Кәзім Қарабекир, Али Фуат, Рефет Беле, Рауф Орбай, Аднан Адвар 1924 жылы 17 қарашада алғашқы оппозициялық көзқарастағы партия -  Ілгерілеуші Республикалық партиясын(Terakkiperver Cumhuriyet Fırkası)құрды. Алайда, Ататүріктің халифалықтың күшін жоюына қарсылық білдірген Шейх Сайд бүлігінен соң бұл партия 1925 жылы 5 маусымда жабылды. 1930 жылы, 12 тамызда Ататүріктің өзі, жақын досы Али Фетхиге Еркін Респбликалық партиясын(Serbest Cumhuriyet Fırkası) құрғызды. Елдегі демократиялық өрістің екінші талпынысы ретінде сипатталатын бұл партия үкіметтің басына келуі үшін үкіметпен және президентпен қарсы келуге тиіс болатыны білінген соң өз еріктерімен 17 қарашада жабылды. Себебі бұл партия құрыла салып, халықтан айрықша қолдау тапты. Дағдарыс дәуіріндегі Түркия үшін биліктің ауысуы тиімсіз етті.

Түркия билігі ел дамуының басты бағыты ретінде өндірісті қуаттандыруды қолға алды. Ұзақ жылдарғы бойғы соғыстан кейін есін енді жиып, етегін жаңа түзеген елдің саяси аренасында көптеген жылдар бойы алауыздықтар болған жоқ. Ататүрік 1938 жылы қайтыс болғанға дейін парламент оны 1923, 1927, 1931, 1935 жылдары төрт рет президент етіп сайлады. Ататүрік президент болған жылдарда елдің Премьер-министрі қызметін Исмет Инөнү(İsmet İnönü) атқарды. Тек партиялы кезеңде билік партиясы Республикашыл Халық партиясының атқарған негізгі жұмыстар: Ататүрік ұсынған реформаларды қабылдап, ел экономикасының алға басуына жағдай жасады. Ең бастысы елде транспорттық магистральдар көптеп салынып, ауыр өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы қарыштап дамыды. Көптеген өндірістік мекемелер, банктер құрылып, мемлекет қазынасы молайды.

1938 жылы, 11 қарашада Ататүрік қайтыс болған соң, Исмет Инөнү президент болып сайланды. Осы қызметте 1950 жылы, 22 мамырға дейін отырды. Оның президент қызметі кезеңінде атқарған басты жұмысы Түркияны II Дүниежүзілік соғыс өртінен аман алып қалды. Франция отарына 1921 жылы өтіп кеткен Хатай облысын 1938 жылы Түркия территориясына қосып алды.

1385611535 Түркияның көппартиялы кезеңі

Түркияда демократияның шынайы қалыптасуы 1950 жылдан басталады. 1946 жылы, 7 қаңтарда құрылған Демократиялық партия 1950 жылғы сайлауда жеңіске жетіп, партия төрағасы Аднан Мендерес Премьер-министр, партияны құрушы Желал Баяр(Османлы кезінде Межлиси Мебуса парламенті мүшесі, Ататүріктің соңғы Премьер-министрі болған, 103 жас жасаған қайраткер) Түркияның 3 президенті болып сайланды. Бұл билік буыны өз кезегінде Корей соғысында Оңтүстік Кореяға әскер жіберу арқылы 1952 жылы, 18 ақпан Түркияны НАТО мүшелігіне қабылдатты. Премьер-министр Аднан Мендерес үкіметі 1952 жылы 13 наурызда арнайы қарар қабылдап, Алтайдан ауып, Пәкістан мен Үндістан топырағын паналаған Қазақтарды 1954 жылға дейін түгел Түркияға көшіріп алды.

1960 жылы, 27 мамырда ұсақ шенді офицерлер астыртын түрде мемлекеттік әскери төңкеріс жасады. Төңкеріске ел басқарудағы «зайырлылық» ауытқулары сылтау етіп көрсетілді. Төңкеріс жасаған 37 әскери адамның бірі белгілі түрікші, полковник шенді Алпарслан Түркеш еді. Төңкеріс нәтижесінде Желал Баяр жасына байланысты қамалып, Аднан Мендерес асып өлтірілді. Осы төңкерістен кейін билік жиі ауысып, билікте тұрақсыздықтар орын алды. Арада әскерилердің билікке үстемдік ететін сәтті және сәтсіз бірнеше әрекеттері болды. Олардың бірі 1971 жылы, 12 наурыздағы әскерилердің үкіметті отставкаға кетіруі. 1980 жылға дейін Республикашылар және Сүлеймен Демирелдің Әділет партиясы ауыса билеп келген Түркия үкіметінде үшінші рет әскерлердің билікке ашық араласуы (1980 жыл. 12 қыркүйек) болды. Бұл уақыт аралығындағы үкіметтердің 1974 жылы Бүлент Ежевит үкіметі кезінде Кипрге әскер кіргізуінен басқа айтарлықтай қызметі бола қойған жоқ. Сондықтан көп тоқталмауды жөн көрдік.

1980 жылы әскерлер қолына алған билікке 1983 жылы ғана «Анаотан партиясымен» Тұрғыт Өзәл келді. 1989 жылға дейін үкімет басында болған ол, сол жылдан 1993 жылға дейін ел президенті болды. Қазақстан тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған Тұрғыт Өзәл Қазақстанға арнайы сапарында журналистердің: «Түркияда қанша қазақ бар?» деген сұрағына, -  «Мені қосқанда 70 миллион қазақ бар» деп жауап берген еді.

1993 жылы Тура Жол партиясымен Түркияның алғашқы әйел Премьері Танысу Чилер билікке келді. Түркияда 1980-1990 жылдары радикал оңшылдардың ықпалы артты. 1995 жылғы сайлауда Нежметтин Ербақанның Рефаһ партиясы үлкен жеңіске жетті. 1997 жылы билікке радикал діншілдер араласты деп тапқан Ұлттық Қауіпсіздік кеңесі Ербақанды биліктен тайдырды. Түркияның қазіргі президенті Ердоған осы Рефаһ партиясының мүшесі ретінде қоғамдық тұлға болып танылған. 1960 жылдан 2002 жылы Әділет және Даму партиясы билікке келгенге дейін үкімет жиі ауысты. Мезгілінен бұрынғы сайлаулар көп болды. Кейде үкімет басына бір партия ғана келіп отырса, кейде коалиция құрылды. 1961-1980 жылдары Түркия парламенті Республика Сенатынан және Мәжілістен тұратын қос палаталы парламент болды.  1961 жылы құрылған Республика Сенаты мәжіліс сияқты емес 40 жастан жоғары жас шектемесі бар, жоғары білімді адамдардан құралды және олардың 150-ін халық ұсынды, 15-ін президент тағайындады. Түркия Үлкен Ұлт Мәжілісінде алғашқыда 436 депутат(Milletvekili) болды. 602 депутат жинаған кездері болған Түрік Парламентінде 1995 жылдан бері қарай тұрақты 550 депутат сайланып келеді. Түркияда парламенттен орын алуы үшін сайлауға түскен партиялар ең азы 10 пайыздық межеден артық дауыс жинай алуы керек.

 2015 ЖЫЛ, 7 МАУСЫМ САЙЛАУЫ. ПАРТИЯЛАР БӘСЕКЕСІ

[caption id="attachment_11016" align="alignright" width="762"]54846e36bd4c0_26874a9b-d7e3-44cb-b08d-43b29c107ce5 Ердоған[/caption]

AKP – Әділет және Даму партиясы

Адалет ве Калкынма (Қысқаша АК партия) – 2000 жылдардың басында біріккен жаңашылдар партиясы.  Партияны құрушы Ердоған туралы бұған дейінгі мақаламызда жазғанбыз.  Ол Рефах партиясының мүшелігімен 1994 жылы, 17 наурыздағы жергілікті сайлауда 25,19% дауыс жинап, Ыстамбұл әкімі болып сайланды. 1998 жылы 16 қаңтарда Рефах партиясы Конституциялық сот тарапынан таратылды. Бұл партияның жалғасы болған Фазилет  2001 жылы, 22 маусымда Конституциялық сот тарапынан жабылған соң, партия ішіндегі қайраткерлер ұлттық көзқарасы мен жаңашылдығына қарай екіге жіктеліп, екі партия құрды. Ұлттық пікірдегі топты соңына ерткен Режай Құтан Saadet (Бақыт) партиясын, Режеп Тайиып Ердоған басқаруындағы жаңашылдар 2001 жылдың 14 тамызында Әділет және даму партиясын құрды. Және бұл партияның алғашқы арнайы конгресінде Ердоған төраға болып сайланды. 2002 жылғы, 3 қарашада өткен сайлауда 34.29% дауыспен жеңіске жеткен АҚ партия биліктен орын ала бастады. Алғашқыда халықтан үлкен қолдау тапқан партия саясаты 2009 жылы күрттерге еркіндік беретін «Күрт ашылымына» жол бергені үшін халық сынына іліге бастады. Түркия билігін иеленген Ердоған және партиясының халыққа жасаған көптеген игіліктері бар. Дінге деген көзқарасы арқылы халықтан үлкен ықылас көрген Ердоғанның пайдалы еңбектерін былайғы жұрт жақсы біледі. Біз оның соңғы сайлауда тоғыз пайыз дауыс жоғалтуына себеп болған саясаттағы жаңылыс қадамдарына зер салайық.

Ең әуелі Ережеп Тайып Ердоған бұған дейінгі әскерлер тарапынан бірнеше рет биліктің төңкерілуінен ұтымды сабақ алып, билікке келе салып жоғарғы әскери шенділердің орынын өз сөзін тыңдайтын адамдармен ауыстырды. НАТО-ның ең көп әскері бар мүшесі болған Түркияның әскери тәртібін әлсіретті. Бұған наразылық ретінде білікті әскери мамандар отставкаға кетті. Ердоған билігі нығайғаннан кейін конституцияны өзгертуге талпынып, Ататүріктің атазаңдағы қағидаларына қырын қарады. Атазаңдағы түрікшілдік жойылуға бағытталды. Түркия азаматтарының баршасы түрік саналатын Ататүрік жаздырған арнайы баптың(Бұған дейінгі Атазаңдарда сөздері өзгертілгенімен күшін жоймаған 1 тарау, Түрік азаматтығы, 66 бап) күшін жойып, Түркия азаматтарын түрік емес Түркия республикасы азаматы деп атағысы келді. Сол сияқты Түрік байрағы Түркия байрағы деп жазылуы тиіс болды.  «Түрікпін дегенге не жетсін(Ne mutlu Türküm diyene)» дейтін  Ататүріктің ұлағатты сөзі қоғамдық орындардан алына бастады. Күрттер еркінсіп, күрт екенін мақтанышпен айтатын болды(Заңға сай Түркия азаматтарының бәрі түрік болатынын жоғарыда айттық).

Батыстың шоқ салуымен ойластырылған «Үлкен Таяу шығыс(Büyük ortadoğu projesi- Greater Middle East)» бағдарламасының(1980 жылдан бастап қолданысқа түсе бастаған термин. Араб елдерін, Таяу Шығысты, Иран, Түркия, Ауғанстан, Пәкістан, Түркіменстан, Кавказ, Солтүстік Африка елдерін қамтыған отарланушы территорияның Израил мен АҚШ тарапынан биленуі) тең төрағаларынан бірі ретінде өзін атаған Ердоғанның сөзі халықты алаңдатты.

Сирия дүрбелеңіне халық еркінен тыс кірген Түркия саясатының салдары ел ішіне 2 миллионнан астам босқынның жосып келуіне әкеп соқты. Бұл өз кезегінде Түркиядағы жұмыссыздық пен қымбатшылыққа зардабын тигізді. Босқындар тарпынан болған бұзақылық қылмыстардың жиілеуі жергілікті жұрттың наразылығын тудырды. Түркияның өз ішінде 11 пайызға жақын жұмыссыздық болғанына қарамастан, Сириялық босқындарға ел бюджетінен Түркиядағы төменгі жалақыға тең жәрдем көрсетілуін халық мүлде қабылдай алмады.

1990 жылдары Түркияда діни радикалдар күшеюіне байланысты мәжбүрліктен 1999 жылы Америкаға кетіп, үстінен 2000 жылы іс қозғалған, 2008 жылы Ердоғанның араласуымен Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі жағынан ақталған, әлі күнге АҚШ-та тұрып жатқан діни қайраткер, Түркиядағы ықпалды адам Фетхуллаһ Гүленмен Ердоғанның арасы соңғы жылдары салқын тартып, Түрік билігі Гүленді Интерполмен іздеуге дейін барды. Екеуінің арасындағы қақтығыстан Түркиядағы көптеген сот, құқық қорғау органдары қызметкерлері отставкаға кетуге мәжбүр болды. Ислам дініне көзқарасын ту етіп, бір шепте сап түзеген тұлғалар қақтығысынан қоғамдық пікір екіге жарылды.

Түркияда он жылдық Премьерлік қызмет атқарған Режеп Ердоған елдегі билікті өз қолына шоғырландыра бастады. Кейбір құқықтық мекемелер мен беделді қоғамдық ұйымдар тікелей Премьерге бағынышты болды.  Мемлекеттік өндіріс орындары мен қоғамдық қызмет атқаратын құрылымдар, атап айтқанда Түріктелеком сынды белді компаниялар жекешелендіруге кетті.

Ердоғанның билікке келуімен жоғарыда айтқанымыздай Ататүрік қағидалары билік принцибінен алшақтап, Түрікшілдік орнына «Нео Османжылық» белгілері көріне бастады. Бұған дәлел: Бұған дейінгі Түркияда Түрік туыстас Қазақстан, Қырғызстан сияқты мемлекеттерден келген студенттерге «Түрік тектес» деп айрықша ықылас танытылып, заң жүзінде Түрік азаматтарымен қатар құқықтық мәртебе көрсетілетін. Ердоған билігі бұл заңның күшін жойдырып, Ондай мәртебені бұрынғы Осман Империясында болған мемлекеттер студенттеріне таныта бастады. Екінші дәлел: AKP атынан қатысқан кейбір депутаттар сайлау алдындағы үгіт-насихатында Османлы киімдерін киген суреті басылған плакаттар ілді.

Ердоған президенттікке сайланғаннан кейін партиялық сайлауларда тарапсыз болатынын мәлімдеген еді. AKP төрағасы қызметі қазіргі Премьер Ахмет Дауытоғлуна жүктелген. Партияның бұл сайлаудағы басты ұраны «Жаңа Түркия жолында». Басты нысанасы «Түркия 2023». Лозанна бітімінің 2023 жылы күшін жоюына қарсы Босфор бұғазының егемендігі түгелдей Түркияға өтіп, кемелердің Қаратеңізге кіру-шығуын Түркия түгелдей өз қолына алады. Соған сай Босфор бұғазындағы маңызды мегаполис Ыстамбұлға арнап AKP көптеген үлкен жобаларды қолға алды. Олардың біреуі қазірде қолданысқа берілген Азия құрлығы мен Еуропаны жалғайтын теңіз асты метро желісі Мармарай. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары басталып кеткен екі құрлықты жалғайтын үшінші көпір және ауыр жүк таситын кемелердің Қаратеңізге кіруіне арналған Босфор бұғазына балама «Канал Ыстамбұл» жобасы, сонымен қатар әлемдегі ең үлкен әуежай болатын Ыстамбұлдың үшінші әуежайы Түркия экономикасына үлкен табыстар әкеліп қана қоймай Түркия дамуының жаңа сатысын көрсететін болады. Осындай жобаларды қолына алып отырған AKP бұл жолғы сайлауда парламенттен 3/5 орын иеленетін болса, оларды Түркияның жаңа конституциясын референдумға жіберу жұмысы күтіп тұр еді. Бұл конституция бойынша  Түркия парламенттік басқарудан президенттік басқару жүйесіне көшуі тиіс болатын.

 CHP – Республикашыл Халық партиясы

Жұмхриет Халық партиясы – сөзсіз Түркия тарихында үлкен орны бар партия. Ататүріктің өзі құрып, халықтың саяси сауатын ашқан тамырлы, түбірлі партияның құрылуы туралы жоғарыда жаздық. Түркияның алғашқы 18 үкіметінің, жиыны 24 үкіметінің билігін қолында ұстады. Партия туындағы алты оқ – Ататүріктің алты қағидасын меңзейді. Соңғы үш реткі парламент сайлауында Республикашылар 20-25 дауысқа ие болып, парламентте отырды. Түркияның ең үлкен оппозициясы болып саналатын Республикашылардың қазіргі төрағасы 2010 жылдан бері Кемал Қылышдароғлу.

РХП-ның негізгі қолдаушылары Батыс Түркияның, Эге бөлгесінің халқы болып саналады. 2015 жылғы сайлауда бұл партия «Болашағы мығым Түркия(Yaşanacak Bir Türkiye)» ұранын қолданды. Негізгі партиялық бағыт ретінде елдің демократиясын ең жоғарғы деңгейге жеткізуді, барша байлықты халықпен бөлісіп, тең дәрежеде өмір сүретін қоғам қалыптастыруды мақсат етті.

MHP – Ұлтшыл Әрекет Партиясы

Миллетші Харекет Партиясы – Пантюркизмге негізделген партияны 1969 жылы Кипр тумасы  Алпарслан Түркеш(Азан шақырылып қойылған есімі Хұсейін Феизуллаһ (Hüseyin Feyzullah)) құрды. 1970 жылдары Түркияда жұқпалы індеттей тарай бастаған коммунизм мен Советтік идеологияға қарсы шықты. Партияның негізгі қағидасы Алпарслан жазған «Тоғыз сәуле доктринасы(Dokuz ışık doktrini)»  болып табылады. Алпарслан Түркеш отставкадағы әскерилерден құрған және тікелей өз әмірімен жұмылдырған «Ызғар жасағы(Rüzgâr Birliği)» Қарабақ дауында түрікшілдіктің туын көтеріп, Әзербайжан туыстарына көмектесті. Сондай-ақ Тұраншылық идеологиясын барша Түрік әлеміне жаюды ойластырған «Ызғар(Rüzgâr)» штабын Әзербайжанда құрды. Бұнда әскери және саяси білім беріліп, 2000-ға жуық адам оқытылған. Ызғар жасағы 1994 жылы Алпарслан Түркешке жасалған үкімет қысымынан соң жабылды.

Алпарслан Түркеш ықпалымен құрылған MHP жастар қанаты «Көкбөрілер(Bozkurtlar)» атты ұлтшыл-идеалист жастар ұйымы 1970 жылдары коммунизммен күрес жолында қантөгістерге барды. 1990 жылдары күрттердің сепартистік қозғалыстарына қарсы күрестер жасады.

Ұлтшылдар партиясы 2000 жылдары Ердоған ел билігіне келген соң басты қарсыласының біріне айналды. 1997 жылы Алпарслан Түркеш өмірден өткен соң партияны Дәулет Бахчелі басқарып келеді. 2015 жылғы сайлауда Ұлтшылдар партиясы «Бізбен бірге аттан Түркия(Bizimle yürü türkiye)» ұранын қолданды.

 HDP – Халықтар Демократиясы партиясы         

Демократияны «желеу еткен» Халықтар Демократиясы партиясы 2012 жылы 15 қазанда құрылғанымен, бұған дейін мемлекет тарапынан саяси тиымдар салынған бір емес бірнеше күрттер сөзін сөйлейтін партияның кейінгі буыны болып саналады. Күрттер ең алғаш 1921 жылы республика құрылмай тұрып, Түркия Үлкен Ұлт Мәжілісіне қарсы бас көтерді. 1930 жылдары Дерсим аумағында күрттер бүлік шығарады. 1937 жылы Түрік Қарулы Күштері тарапынан бүлік тыныштандырып, Дерсим Түнжелі болып өзгертіледі. 1978 жылы Күрдістан Жұмысшы Партиясы құрылып, Түркия, Ирак, Сирия, Иран топырақтарынан тәуелсіз Күрт мемлекетін құрғысы келді. 1984 жылдан Түркияның оңтүстік шығысындағы тауларға жасырынған күрт жасақтары Түрік Қарулы Күштерімен қақтығыстарға барды. 1999 жылы бүлікшіл сепаратист  күрттер лидері Абдулла Өжалан(Abdullah_Öcalan) тұтқындалған соң күрт бүлікшілдері әлсіреді. Бүгінгі таңда есімдерін жиі ауыстырып, заңды түрде саяси күрестерге ден қойған күрттердің соңғы партиясы HDP-нің Селаһаттин Демирташ және Фиген Иүксегдағ есімді екі тең төрағасы бар. Күрттердің алғаш рет Түркия парламентіне кірген партиясының негізгі ұраны «ортақ отан, демократиялық автономия» болды. Партияның алдыға қойған мақсаттарында күрттер мәселесін қарусыз шешу, жергілікті басқаруды халық тағайындау, Түркияның Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесін жабу, Күрттердің ана тілінде білім алуы, Түркияның ұлттық мемлекет қағидасы мен діни ұстаным жолын белгілеуге қарсылық, мемлекетте жаңа конституцияның қабылдануы сияқты бөлімдері бар. Күрттер қоныстанған аумақтың кейбір тұрғындары бүгінге дейін салық пен коммуналды төлемдерді төлемей, контрабандамен айналысып, мемлекетке толықтай бағынбай келеді.

 Сайлаудың барысы. Нәтижесі

Түркияның 25-парламент сайлауы биылғы жылдың 7 маусымда болатыны туралы 22 қаңтарда белгілі болды. Сол сәттен бастап-ақ сайлау алды үгіт насихаттар қызу өрбіді. Сайлауға дайындыққа жеткілікті уақыт беріліп,  демократияның шынайы көрінісі сипат алды. Партия төрағалары мен сайлауға түскен депутат үміткерлері қалалар мен елді мекендерді еркін аралап, ашық митингілер мен шерулер ұйымдастырды. Жергілікті және мемлекеттік БАҚ қызметтерін ашық қолданып, тікелей эфирлерді, газеттердің бас беттерін ұтымды пайдаланды. Бұл жолғы сайлаудың басты ерекшелігі бұрынғы сайлаулардай партиялардың «соғысы» айтарлықтай асқынбады. Партия лидерлерінің екінші партияны аудио немесе бейне көрініс компроматтары арқылы әшкерелеуі мен бопсалау оқиғасы тіркелмеді. Сайлауға қатысқан партиялар негізінен AKP-ге шүйілді.

Әділет және Даму партиясынан іріктеліп, осы жолғы сайлауға түскен 400 депутат үміткерінен Ердоған үлкен жеңіс күтті. Егер парламенттен билік партиясы 330 орын иеленген жағдайда жаңа конституцияны референдумға жіберуге, 360 орын иеленген жағдайда референдумға шығармай-ақ жаңа конституцияны қабылдап жіберуге мүмкіндік алатын еді. Бірақ, нәтиже күткендей болмады. AKP-нің мемлекетті жеке-дара билеп төстеуінен алаңдаған кейбір оппозициялық көзқарастағы ұлты түрік азаматтар күрттер партиясының парламентке кіруіне дауыс беріп, олардың да AKP алдына қарсы шығуына мүмкіндік туғызды. Алайда Әділет және Даму партиясы ғана үкімет құруы үшін олар ең азы 276 депутаттың орын тағына ие болуы керек еді. Сайлау алдында AKP төрағасы, Премьер-министр Ахмет Дауытоғлу өз партиясы үкіметті жасақтауға керекті мөлшерде дауыс жинай алмаған жағдайда отставкаға кететінін мәлімдеген. Сайлау нәтижесіне сай, Дауытоғлу отставкаға кетті, оның үкіметі жаңа үкімет құрылғанша өкілетті қызметін жалғастырмақ. Түркия Атазаңының 116 бабына сай, Мәжілісте төрағалық комитет құрылған соң 45 күн ішінде парламент жаңа үкімет жасақтауы керек. Жасақтай алмаған жағдайда мезгілінен бұрын Премьер-министр сайлауы болады. Мезгілінен бұрынғы сайлау белгіленген жағдайда үш ай уақыт ішінде өтуі керек. Жаңа парламентке әлі Мәжіліс Төрағалық Комитеті бекітілмеді. Сайлаудың қазіргі нәтижесі бойынша, үкімет басына жалғыз партия келе алмайды. Сондықтан ең азы екі партия коалиция құрып, үкімет жасақтауы керек. Алайда, сайлау алды насихаттарында бірде-бір партия AKP-мен коалиция құрмайтыны мәлімдеген болатын. Ұлтшыл Әрекет Партиясы сайлаудан кейін AKP-мен коалиция құру үшін соңғы жылдағы үлкен дау болған ел билігіндегі жемқорлықтың әшкереленуін сұрады. Ал, Республикашылар ұлтшылдармен және демократтармен бірігіп, AK партияға қарсы коалиция құруға келісетіндіктерін айтты. Алайда, бұл қазіргі саяси жағдайда мүмкін емес. Үш партияның біреуі қалайда Әділет және Даму партиясымен бірігіп коалиция құруы керек. Мезгілінен бұрын сайлау бола ма, әлде үкіметте коалиция құрыла ма? Халық әліптің артын бағуда.

 Жаңа парламенттің міндеті. Ел ертеңі

Жоғарғы Сайлау Кеңесі төрағасы Сади Гвуен сайлаудың нақты қорытындысы он күн ішінде жарияланатынын мәлімдеген болатын. Алайда сайлау нәтижесінде үлкен өзгерістер бола қоюы екіталай. Үкіметте коалиция құрылса AK партияның жеке дара билік жүргізу дәуірі аяқталып, елде демократиялық парламент жұмыс істей бастайды. Қоғамдық пікір соңғы он жылда билікті иеленіп келген AK партияның таралып, орнына жаңа партия құрылуы мүмкін екенін де айтуда. Парламентте алғаш рет орын иеленген күрттер болса, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға талпынады. Олар 1999 жылы тұтқындалып, қазірге дейін қамауда отырған Абдулла Өжаланды абақтыдан шығаруға әрекет жасайтын болады.

Сайлау өте салып, түрік валютасы лираның долларға шаққандағы бағасы 5 пайызға құнсызданды. Жаңа парламент ең алдымен экономикалық тұрақсыздықты реттеуі, оңтүстік шығыстағы қақтығыстарға нүкте қоюы тиіс. Кім не десе де, бұл жолғы парламент сайлауы ел президенті Ердоған үшін үлкен сын болды. Себебі Түркия халқы ел басына келген басшылардың бәрінің атқарған жұмысын Ататүріктің қызметімен салыстырып қарайды. Бұл қандай басшы үшін болса да үлкен сын. Ердоған кезінде Түркияда халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жақсарды.  Елеулі экономикалық реформалар да осы Ердоған тұсында жасалып, лира айтарлықтай күшейген болатын. Көптеген әуежайлар, университеттер салынды. Автожолдар төселіп, жоғары қарқынды поездер іске қосылды. Түркия халқы елдің ертеңгі болашағының бұдан да жарқын болуы, мемлекет әлдеқайда қуатты болуы үшін билікке ынтымақты, білікті адамдардың келгенін және олардың халықпен санасқанын қалайды. Біз өз кезегімізде Түркияның келешекке бастар жолы тек қана тұрақтылықпен, табыспен,  табандылықпен жалғаса бергенін қалаймыз.

 Нұрғали Нұртай, арнайы "Қала мен Дала" үшін Түркиядан.


Дереккөз:


https://www.tbmm.gov.tr


http://www.hurriyet.com.tr/


http://www.milliyet.com.tr/


http://www.sabah.com.tr/


http://www.guncelmeydan.com/


http://www.haberler.com/


http://www.wikipedia.org/


http://www.akparti.org.tr/


http://www.isteataturk.com/


http://www.chp.org.tr/


http://yasanacakbirturkiye.com/


http://www.mhp.org.tr/


http://www.hdp.org.tr/





Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x