«СК Фармация» мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Цойға бағынуы керек!

Dalanews 10 шіл. 2020 11:03 172

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы пандемия кезінде еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне айрықша статус пен өкілеттілік берілетінін атап өтті.

 

Бәрі Денсаулық сақтау министірін тыңдауы керек!

– Пандемия кезінде ҚР Денсаулық сақтау министріне айрықша статус пен өкілеттілік беріледі. Үкімет мүшелері пен әкімдер пандемияға қарсы атқарып жатқан жұмыстары жайында министрлікке күнделікті есеп беруі тиіс. Қазіргідей төтенше жағдай кезінде біздер пандемияға қарсы іс-шараларға қарсы шұғыл түрде шешім қабылдауымыз керек.

Сол себепті Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы үкімет мүшелері мен әкімдер үшін ең маңызды тапсырамау болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.


Індет ушығып тұрғанда барлық құрылымдардың Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмаларын дер кезінде орындап, вирусқа қарсы тиімді жұмыс істеуі маңызды.

 

«СК Фармация» және қағазбастылық

Бүгінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлер мен ауруханаларға ғана жауапты мекеме сияқты көрінеді. Шындығында министрліктің жұмысы сан-саналы екенін білеміз.

Айталық, дәрі-дәрмек пен қажетті медициналық техникаларды сатып алу ісімен «СК Фармация» компаниясы айналысса, еліміз бойынша жаңадан енігзілген медициналық сақтандыру ісін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» жүзеге асырады. Осылайша еліміздегі денсаулық сақтау саласының негізгі қаржы көздеріне осы екі қаржылық құрылым иелік етіп отыр. Бұл құрылымдар ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне толықтай бағынды деп айтудың өзі қиын.

Күні кеше ғана ақпарат құралдарында індетке қарсы Катардан мамыр айының аяғында келген медициналық көмекті «СК Фармация» компаниясы қоймада сарымайдай сақтағанын білгенде жұрт жағасын ұстады. Компания басшылары қажетті медициналық сертификаттарды талап етіп, қағазбастылыққа бой алдырып, өзге елден келген көмекті емханаларға жеткізбегенін қалай түсінуге болады?


Дәл сол кезде еліміздегі емдеу нысандарда медициналық қауіпсіздік заттары жетіспей талай дәрігер вирус жұқтырғанын білеміз.

 

Әйелдің әңгімесі – дауға тамызық болды  

Күні кеше ғана Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Айбатыр Жұмағұлов блогер-журналист Гүлбану Әбеновамен дауласып, жұрттың алдында сынға қалғанын жұрт жақсы біледі.

Жұмағұловтың жұбайы осыдан бірнеше жыл бұрын құдай қосқан қосағы 12 көлік сыйлағанын айтып, әлеуметтік желіде айдай әлемге жар салып жазыпты. Осылайша ерке келіншектің бірнеше жыл бұрын жазған жазбасы Жұмағұловты жұрттың сынына қалдырды.

Артынша Жұмағұловтың жұбайы әлеуметтік желідегі парақшасын өшіріп, жұрттың көкейіндегі күмән-күдікті одан сайын зорайтып, отқа май құйғандай болды. Айбатыр Жұмағұлов өздерінде бір ғана көлік екенін айтқанмен жұрт қор басшысының сөзіне иланған жоқ.

 

Олигархатардың қызметшісін білікті бизнесмендермен шатастырмайық

Қалай десекте осы екі құрылым Елжан Біртановтың түбіне жеткені анық. Біздіңше, осы екі құрылымды тарқатып ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құрамындағы ведмоствалық құрылымға айналдыру керек. Сол кезде Денсаулық сақтау министрі халықтың алдындағы моральдық жауапкершілікті мойынмен көтеретін болады.

Медицина саласына бағытталған қаржыны қалай жұмсауды таза медик мамандарға тапсыру керек. Сала мамандары мемлекет қаржысын жұмсай алмайды деген сыңаржақ пікірді қою керек.

Әр саладағы қаржылық құрылымдарға бизнесте табысты жұмыс істеген «жігіттерді» тарта беру жақсылыққа бастмайтынын көрдік.


Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой медицина саласынан бөлек қаржы, әкімшілік басқару саласында білікті маман екенін білеміз. Сондықтан ведмосвалық ұйымдарға қарасты қорлар мен акционерлік қоғамдарға жекелген олигархтардың банктері мен компанияларында директор, басқарма төрағасы болып табысты жұмыс істеген «іскер бизнесмендерді» тықпалай берудің қажеті жоқ.

Қазіргі қор төрағалары олигархтардың банктерімен компанияларында жұмыс істеген жылдарын бизнес саласында табысты жұмыс істеген кезең деп әңгіме айтып, дүние-мүлкін, қымбат машиналарын сол кезде сатып алғанын айтуға әдеттеніп алғанын көріп жүрміз.

Апайтөс олигархтарға қызмет еткен білікті менеджерлерді ведмоствалық қорлар мен компанияларға жолатпау керек. Медицина, білім, құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген мамандар да ақшаны қайда жұмсау керек екенін біледі.


Біздіңше, алдағы уақытта «СК Фармация» компаниясы мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға бағынуы тиіс. Олай етпеген жағдайда коронавирусқа қарасы күресіміз нәтижелі болмауы мүмкін.

Н Әубәкір

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x