Ұлттың ұлы ұстазы

Dalanews 25 сәу. 2022 05:45 207

Қазақ  ұлтының  кемелденуі жолында қаншама алаш азаматтарымыз, қанша оқымысты ғұлама ғалымдарымыз, қайраткерлеріміз жасаған жақсылығы мен еңбектері үшін оң бағасын ала алмай, керісінше солақай саясаттың арқасында  халық жауы атанып өле-өлгенше жәбір көріп жазаланды. Әрине олардың титтейде болса бір күнәсі мен жіберген қателіктері болса ғой шіркін!

Бойларында отанға, елге, жерге деген сүйіспеншіліктері  жоғары, отаншылдықпен рухтанып, барлығын өз қара қамы емес келешек ұрпақ қамы үшін қанын төгіп, жан берісті. Осындай рухты тұлғалардың, білімді, парасатты бабаларымыздың еңбегін оқып, қастерлеп-қадірлеу әрбір исі қазақтың парызы. Біле білсек біз солардың алдында басымызды иіп, тағзым етуіміз керек. Қарап тұрсаңыз қазақтың маңдайына шоқтығы биік небір асыл азаматтарды берді. Соларды бағалап бағасын берер ұрпақтары бар болғай!

Бір басында соншама таусылмайтын білім мен ілімі көп, рухани мәдениеттіліктің мәйегіне айналған мірдің оғындай оқшауланып дара жаратылған дарынды ұлы тұлғалардың бірі ол - Ахмет Байтұрсынұлы. Кітап бетін ашқан сайын білім деген тұңғиыққа кіретінің белгілі. Сол сияқты Ахмет Байтұрсынұлының әлемі де ерекше және өте терең. Ұрпақ  тағдырына бей-жай қарай салатын салғырт адам санатынан емес. Керісінше бар ғұмыры мен еңбектерін сол жолда сарп еткізіп, жарқыраған жасампаздыққа ұмтылды. Өркениетті ұлттың тәуелсіздігін армандады. Бүгінде ұлының еңбектерін қаншама зиялы қауым өкілдері зерттеп-зерделеумен келеді.

Қазақтың қазақ болып қалыптасуына  қазіргі тілмен айтқан өзіндік ірі тың бастамаларымен бастап, тұжырымды түрлі бағдарламаларын іске асыруда аянбай тер төгіп еңбек еткен ұлы тұлға, қоғам қайраткері, ақынның туғанына биыл 150 жыл. Қазақ батыры Бауыржан Момышұлының айтқан сөзі бар: "Ана сүтімен сіңірген ана тілімізді білмеу-барлық ата-бабаларымызды, бүкіл тарихымызды ұмыту дегенді білдіреді"-демекші нағыз халық жанашыры, әсіресе тіл жанашыры болып ғана қоймай жан-жақты талантты да қабілетті болды.

Қазақ тарихында терең із және өшпестей сан ғасырлық мол мұрасымен қалған қоғам қайраткерін келешек ұрпаққа насихаттауда және жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық "Бір ел-бір кітап" акциясы аясында биыл ақынның шығармашылығы таңдалды. Осыған орай Алматы облысы кітапханаларында да тарихи мағынасы терең түрлі мәдени іс-шаралар өтуде. Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасында «Алаштың нары Ахмет» еске алу кеші, "Әліппені аялаған Ахмет" республикалық ғылыми-тәжірибелік шарасы еліміздің түкпер-түкпірінен 20-ға жуық адам қатысып, түрлі тақырыпта баяндама жасап, мағлұматтар берілсе, сондай-ақ ақынның нақыл сөздері бойынша «Ой ағыны» атты айлық сайыстары ұйымдастырылып өтуде. Сонымен қатар Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылдық кітапханасында  "Дәуірдің жарық жұлдызы – Ахмет Байтұрсынұлы" еске алу кеші, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылдық кітапханасында"Ұлттың ұлы ұстазы" атты әдеби танымдық кеш, Балғабек Қыдырбекұлы ауылдық кітапханасында "Ұлы дала тұлғасы" дөңгелек үстел, Іле аудандық кітапханасында «Ұлттық әдебиетіміздің алтын діңгегі» мектеп оқушылары мен көпшілік оқырмандардың қатысуымен дөңгелек үстел, Ескелді ауданы, Ақын Сара ауылдық кітапханасында «Тіл – білімінің атасы» тұлғатану сағаты, Қаратал аудандық кітапханасында  «Ахмет Байтұрсынұлы–Ұлт ұстазы» дөңгелек үстел, Қарасай ауданы, №6 бөлімшесі Ұмтыл ауылдық кітапханасында "Дара тұлға" дөңгелек үстел өтті. Әрбір оқырманның санасына ұлтымыздың намысшыл, рухты ұлы, қаймықпас қайраткердің әрбір жасаған еңбектері туралы ақпарат беріп, елжандылық намысын оятуда кітапхана қызметкерлері аянбай қызмет көрсетуде.

Ұлтының ұлы ұстазына айналуы да үлкен тарих. Ұлты үшін күрескен намысшыл қайраткердің жасампаздық жолындағы сан ғасырлық тарихи мәнін жоғалтпайтын ұлы істері ешқашан ескірмейді. Сөз соңында осындай ұлы тұлғаны ұлықтап ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау біздің парыз.  Ұлтым деп соққан әрбір қазақтың жүрегінде  және парасатты да білімді ұрпағы тұрғанда есімі мәңгі сақталары сөзсіз.

 

Лаура Жапсарбаева, Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық кітапхана қызметкері

Алматы облысы, Талдықорған қаласы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x