Тағы төрт облыста казинолар ашылады

Көркем Алдабергенова 30 жел. 2025 14:22

Қазақстанда жаңа ойын аймақтарын құру көзделуде. Олар Маңғыстау, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында және Жетісу облысында пайда болуы мүмкін. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қолданыстағы Бурабай мен Қапшағай ойын аймақтарынан бөлек, жаңа казино орналастыру мына аумақтарда жоспарланған:

  • Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауында;
  • Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Алакөл көлінің маңында;
  • Алматы облысының Талғар ауданында;
  • Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл өңірі мен Зайсан ауданында.

Алайда аталған аумақтардың нақты нүктелері әзірге анықталған жоқ.

Министрдің айтуынша, нақты жер телімдерін таңдау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде.

"Біз аймақтарды ғана белгілейміз, ал нақты учаске инфрақұрылым мен өзге де факторларға қарай әкімдіктер тарапынан анықталады", - деді ол.

Ербол Мырзабосынов ойын аймақтарын дамыту тек туризмді ілгерілету құралы ретінде қарастырылып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елінде бар.

Министрдің мәліметінше, әрбір жаңа казино жыл сайын бюджетке 2–3 млрд теңге көлемінде салық түсіріп, шамамен 500 жұмыс орнын ашады.

Сондай-ақ ол ойын бизнесіне салықтық жүктеме азайтылады деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Салықты төмендету туралы әңгіме жоқ. Казино әр ойын үстелі үшін салық төлейді. Жалпы түсім 2–3 млрд теңге болады", - деді министр.

Үкімет өкілдері алдағы уақытта ойын аймақтарының саны артуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

"Қазір осы аймақтар белгіленді, кейін туризмді дамыту мақсатында кеңейтілуі де ықтимал", - деп түйіндеді Ербол Мырзабосынов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove