Назарбаев Зияткерлік мектептерінде берілетін президенттік гранттың мөлшері азайды. Бұл туралы тиісті бұйрыққа ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Президенттің «Өркен» білім беру гранты 2009 жылы алғашқы зияткерлік мектептермен қатар енгізілген болатын. Бұл грант оқу ақысын толықтай өтейді. Оқушылар тегін білім алып, жатақханада тұрып, тамақтана алады.
Жаңа бұйрыққа дейін грант көлемі мынадай болған:
– 2 349 191 теңге (жатақханасыз);
– 3 247 305 теңге (жатақханамен).
Енді бұл сома төмендетілді:
– 2 190 080 теңге (жатақханасыз);
– 3 053 940 теңге (жатақханамен).
2023 жылы қабылданған бұйрыққа сәйкес, грант көлемі жыл сайын индексациялауға жатады.
НИШ мәліметінше, биылғы оқу жылында ел бойынша барлық зияткерлік мектептерде 17 884 оқушы білім алуда. Оның ішінде 11%-ы ауыл, шағын қала мен аудан орталықтарынан келген балалар. Сондай-ақ, оқушылардың шамамен 39%-ы әлеуметтік осал топтардан.
2025 жылдың қаңтарында «Курсив» басылымы аудит қорытындысынан кейін НИШ-та бірқатар процестер өзгергенін хабарлаған. Атап айтқанда, ақылы негізде оқуға қабылдау ережелері өзгерген.