"Жұрт алдында әбден сыйымыз кетті". Ақтөбелік ұстаздың манифесті

Қаракөз Амантай 18 қыр. 2024 16:21 4794

Алдағы айда АЭС құрылысына байланысты референдум өтетіні жұртқа мәлім. Әлемжелідегі қауым "бұл науқан ең алдымен ұстаздарға салмақ салады, саяси науқан мұғалімдерді әуре-сарсаңға түсіреді" деген пікірде.

Dalanews осы тұста білім саласындағы қағазбастылық пен науқаншылықты ашық сынап жүрген жас маман, Ақтөбе қаласындағы орта мектептің мұғалімі Ұлданай Маратқызымен пікірлескен болатын.

Ұлданайдың желідегі парақшасында осыдан бір күн бұрын жарияланған видео оқырман тарапынан қызу талқылануда. Мектептегі бюрократия мен көзалдау үшін өткізілетін іс-шаралардан мезі болғанын айтқан жас маман жұмыстан кетуге оқталып жүргенін хабарлаған еді.

"Мұғалім болғаныма төрт жылдан асты. Алғаш оқу ордасына үлкен шабытпен келгенмін. Келе-келе бұл саладағы кемшіліктерді аңғара бастадым. Біздің салада көп дүниеге көңілім толмайды. Мен секілді жас мамандарды қағазбастылық қажытып бітті. Қанша жерден электронды журналға ауыссақ та, бәрін электронды яки сандық форматқа көшірсек те қағазбастылық қыр соңымыздан қалмай қойды. Пайдасыз жиналыстар, ешкім бас сұғып қарамайтын пәпкілер, "срочный" документтер, аспаннан сап ете қалатын тексеріс жүйкеңді жүндей түтеді”, - дейді ол.

Айтуынша, мұғалімдердің көзге көрінер-көрінбес міндеттері өте көп. Өкінішке қарай, олардың көбі еленбей жатады.

“Тіпті өз отбасыңа қарауға, олармен сөйлесуге мұршаң болмайды. Сынып жетекшісі болсаң екі бастан, екі есе жауапкершілік. Оқушының мектепке келгенінен бастап оның қоңыраудағы, сабақтағы қауіпсіздігі, үйіне аман-есен жетуі, жеткен соң кешке беймезгіл шығып кетпеуі, бос уақытында немен айналысатыны тікелей сынып жетекшісінің мойнында. Былай қарайтын болсақ, ата-ананың міндетін бізге артып отыр”, - дейді Ұлданай Маратқызы.

Оның сөзінше, бүгінде өзгенің уақытын аялап, өзінің уақытын аямай жүрген ұстаздардың сапалы білім беруіне кедергі келтіретін пайдасыз іс-шаралар тізбегі азаймай тұр.

“Мектептегі жиындар, апталық пен семинарлар, қажет емес жарыстар, керегі жоқ құжаттар мұғалімнің алтын уақытын ұрлауда. Сол қағаздарды жазамыз, толтырамыз деп жүргенде сабаққа дайындалуға мұршамыз болмай қалатыны жасырын емес. Физикалық тұрғыдан үлгермейтіндей күндер де болады”, - дейді ол.

Ақтөбелік ұстаз білім саласына біршама өзгеріс керек деген ұстанымда.

“Мұғалімнің темір емес, ең алдымен адам екенін ескеріп, мойнындағы көп міндеттен арылту керек деп ойлаймын. Пән мұғалімінің басты міндеті - қағазбен арпалысу емес, сапалы сабақ беру. Ал сапалы сабақ - білім кепілі емес пе? Сол үшін мұғалімдердің ештеңеге алаңдамай, сапалы сабақ беруіне мүмкіндік жасалуы керек.

Таңнан мектепке бас сұққаннан, сөздің шыны керек, қас қарайғанда бір-ақ шығамыз. Үйге келіп шала-шарпы шәй-тамағымызды ішіп тағы да сол қағазға отырамыз. Түннің бір уақытында ұйқыға кетіп, таңертең тағы да сол тіршілік басталады. Бұдан келіп денсаулығымыз ақсап жатады”, - дейді маман.

Оның пікірінше Қазақстанда мұғалімге қарсы заңның бәрі күшті, алайда мұғалімді қорғайтын заң жоқ. Қоғамда ұстаздардың жалақысын көре алмайтындар, көпсінетіндер де бар. Бұл қоғамның "жас келіні" мұғалімдер...

Сөй деген Ұлданай Маратқызы: "Кейде құжаттарымды жинап кетіп қалғым келеді. "Біз кезінде тезек тердік, сендер де тезек теріңдер" деген ұраннан, үйінде тәрбие көрмей, мектепке келіп кәнцерт қоятын оқушыдан, баласына жаны ашымайтын, алайда сол "мейірімді" мектептен күтетін ата-анадан, шамасы келсе қауып, одан артылса "жеуге" дайын тұратын әріптестерден, жалпы әділетсіздіктен шаршадым. Қит етсе, мұғалімнен көретін, мұғалімнің мойнына "отырып" алған қоғамнан шаршадым. Жұрт алдында әбден сыйы кеткен, сайқымазақ мамандық болса, ол - біз. Бұл қоғамның "жас келіні" мұғалімдер. Мектептің отымен кіріп, күлімен шығасың бірақ бізге жақсы ат жоқ...", - дейді мұғалім. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар