Жерді жекеменшікке бермей туризм саласы алға баспайды
Шілденің ыстығында алматылықтардың жартысы Қапшағай су қоймасына ағылады. Осы аралықта журналистер де Қапшағайдың жағалауындағы шашылған қоқыс, қолайсыз жағдай турасында жазуды ондаған жылдан бері әдетке айналдырған.
Бірақ сол журналистердің жазбасынан жағдайдың жақсарып кеткенін көрмедік. Сол баяғы жартас – бір жартас.
Әдетте жағажайдағы жайсыз жағдай үшін журналистер көбінде кәсіпкерлерді айыптайтыны белгілі.
Рас, демалушыларға қызмет көрсетіп, табыс тауып отырған кәсіпкерлердің демалушыларға қолайлы жағдай жасауы керек.
Бірақ кәсіпкерлер жағажайда қоқыс салатын жәшіктер мен дәретхан орнатып тазалық сақтауға аса көңіл бөлмейді. Неге? Өйткені олар Қапшағайдың жағалауында ұзақ уақыт аялдап жұмыс істемейтіндерін біледі.
Өзі жалға алған аумақты айналдыра қоршап, дәретхан мен қоқыс жәшігін орнатқаннан кейін әкім ауысса, жаңадан тағайындалған әкімнің нөкерлері есебін тауып, жағалаудан қуып шығатыны белгілі.
Сондықтан жағажайды жалға алған кәсіпкерлер өзі ақша тауып отырған жерге инвестиция салғысы келмейді. Жалға алынған жер бүгін бар, ертең жоқ. Ал енді кәсіпкерді айыптап көр. Қайтып айыптайсың?
Қазақстанның тәуелсіздігін алып, нарықтық қоғамға аяқ басқанына 30 жылдан асты. Осы аралықта Қапшағайдың жағлауында демалушыларға 15 жылдан бері үзбей қызмет көрсетіп, кәсіпкерлердің саны некен саяқ.
Егер белгіленген жерді әкімдік кәсіпкерге жекешелендіріп берсе, әлгі жерді кәсіпкер айнадай жарқыратып таза ұстар еді. Ол алдағы жылы тағы да демалушыларға қызмет көрсетіп, табысқа кенелетін біледі.
Ал таза, айнадай жарқыраған демалыс орнында демалған адам айналасын шыртылдатып түкірмейді, айналасын бықсытып шашылық пысырып өзге демалушыларға кедергі келтірмейтіні анық.
Ал қисайған беседка мен кір көрпенің үстінде сыраны ұрттап, айналасына алакөзденіп отырған демалушыдан қандай мәдениетті күтуге болады?..
Солай елімізде демалыс мәдениеті қалыптасуы үшін кәсіпкерлерге жер телімдерін жекеменшікке беру керек. Сол кезде керемет демалыс орындары бой көтеріп, туризм табыстың көзіне айналады.
Ал әкім ауысқанын күтіп отыратын кәсіпкерлер ішкі туризмді дамытпайды. Олар жерге жекеменшік құқын алмайынша чемоданный көңіл-күйден арылмайды.
Тағы оқыңыз:
Шағын бизнесті дамытып, халықты жұмыспен қамту маңызды міндет – Нұрлан Ноғаев