Cоңғы жаңалықтар
Back

Тұрсынғазы Рахимов есімі қалалық мәдениет сарайына берілсе…

Еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуда өлшеусіз үлесін қосқан ірі тұлғаларға киелі мекен атанған Семей өңірі де қашанда кенде емес. Тарих қойнауының тылсымына тереңдемей, берісі Абай, Шәкәрім, Мұхтарларды еске алсақ та жетерлік.

Семей — Алаштың жүрегі, Семей — руханияттың қайнар көзі, Семей — Алашорда үкіметі ту тіккен тарихи орталық. Семейде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, Қ.Мұхамедханов т.б. көптеген алаш қайраткерлерінің тұрғаны, еңбек еткені, өшпес іздері қалғаны мәлім.

Алаш арысы Ж. Аймауытов: «Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлк етсе, бір губерния ел бүлкілдейді», – деп толғайды, одан асырып айта да алмаспыз.

Сол киелі Семейдің мәдениетін, өнерін өрге сүйреген небір өнер саңлақтары әуелете әнге салып құлақ құрышын қандырды. Тек Семейге ғана емес, бүкіл елімізге танымал өнер майталмандары қатарында Ә.Қашаубаев, Б.Сыбанов, М.Ешекеев, Д.Хайруллин, Ж.Кәрменов, Ж.Қамбаров т.б. сынды өнер иелерінің есімдерін атауға болады.

Күні кеше «Қазағым-ай» деп шырқаған Тұрсынғазы Рахимов, Санақ Әбеуов ағамыздың орындауындағы «Жас қазақ» үні санамызда жаңғырып тұр. Асқақ үндері мен жарқын бейнелері көзден көшсе де, көңілден өшпек емес.

Әнші әрі композитор Тұрсынғазы ағаның жан дүниеңді баурап «Сәби болғым келеді» әні барша адамзат баласының жан дүниесін тап басып балалық шаққа жетелейтіндей әсер қалдырады. Композитор Тұрсынғазы ағамыз ақиық ақын М.Мақатаевтың көптеген өлеңдеріне ән жазып қанат бітіріп, таңдай қақтырғаны белгілі.

Оның қатарында көпшіліктің жүрегінің төрінен орын алған — «Сәби болғым келеді», «Аякөз— ару», «Қазағым-ай», «Дариға, домбырамды берші маған!», «Мен сені сағынғанда», «Отыздан асып барамын» т.б. әндерін жатқызуға болады.

Қазақтың қайталанбас қос талант иесі, бірі өлең жолдарын сұлу сөзбен өрсе, енді бірі ғажайып әуенімен асқақтата көкке самғатып үндесіп тұр. Қазақ поэзиясының Хантәңірісі атанған Мұқағали ағамыз Семей жайлы: – «…Ойхой, Абай даласы, “Абайлаған”, Семей десе, Абай деп қарайды адам…» деп толғайды. Тұрсынғазы ағамыз сахнада бебеулете салғанда бізде тұл-бойымыз шымырлап ерекше күйге түсетінбіз. Ән құдыреті деген осы болар.

Марқұмның тағы бір ерекше дара қасиеті өте қарапайымдылығы десем артық айтқандық болмас. Ешкімді мансабына қарап бөліп-жарып қарамайтын сондай бауырмалдығы әлі есімізде. Ең алғаш рет 1996 жылы Семей қалалық мәдениет Сарайының босағасын аттаған күнімнен бастап өзара түсінісіп аға-інілі адамдай болып силасып кеттік.

Тұрсағаң үшін қалалық мәдениет Сарайы екінші үйіндей болды десек олда артық айтқандық емес. Қазіргі уақытта ара-тұра ағамыздың есімі қалалық мәдениет Сарайына берілсе деген ұсыныстарда естіліп қалады. Орынды пікір.

Тұрсынғазы ағамыз қалалық мәдениет Сарайында ұзақ жылдар аянбай еңбек етіп маңдай тері сіңген адам. Исі қазақтың мақтанышына айналған танымал өнер иесінің бірі. Саналы ғұмырында еліміздің өнеріне, мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан композитор, әнші Т.Рахимовке арнап өзі өмірінің соңына дейін қызмет атқарған Семей қалалық мәдениет Сарайының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылса деген ұсыныстар да бар.

Тұрсынғазы ағамыздың замандасы, қаламызға белгілі ақын, сазгер, ардагер ақсақалымыз Қ. Нұрқасым ағамыз Фейсбук желісінде: «Қолдау аз, талап етсек жөн болар еді!» деген жазбасында қалдырыпты.

Марқұм туралы жақын араласқан адамдардың қасйсысынан сұрасаңызда еститініңіз тек жағымды пікірлер мен қолдаулар. Иә, көзі тірісінде сәбидей таза көңілімен көпшіліктің ықыласына бөленген адам еді…

Қарапайымдылығымен, аңғал мінезімен, адамгершілігімен, ұлттық өнерге деген құрметімен саxнада жүрген талай өнерпазға ұстаз бола білді. Өнерін өмірім, өмірін өнерім деп қараған жан. Асылдың сынығы, кешегі қазақ саxарасын әуезді әнге бөлеген Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Мәдилердің жалғасы. Жүсіпбек Елебеков сынды ұстаздың алдын көрген сазгер, дәстүрлі әннің майталмандары Еркін Шүкіман, Клара Төленбаева, Медет Салықов, Толу Сембаев, Алтын Смасейітова сынды өнер иелерін тәрбиелеген ұлағатты ұстаз еді.

Халқының жүрегінен орын алған әнші, сазгер Тұрсынғазы көзі тірісінде марапаттарға еленбей, үнемі атақтардан шеттеліп қалып жатты. Ал дүниеден өткеннен кейінде Тұрсынғазы Рахимовқа жасалған ескерткіш тұғырына қона алмай, қаламыздан екі метр орын таба алмай, шаң басып бірнеше жыл сол мәдениет сарайының ауласында тұрды.

Иә, саналы ғұмырын қазақ өнеріне арнаған жан иесіне лайықты құрмет көрсетілуі заңдылық еді ғой.
Білетіндердің айтуынша, Қазақстанның өнері мен мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті тұлғалардың(выдающиеся личности Казахстана) қайтыс болған уақытына бес жыл толған мерзімде елдің дамуына сіңірген орасан еңбегін бағалап ескерткіш тақталарын орнатуға бекітілген заң бар дейді.

Әлде бұл мәселені жергілікті әкімдік шешеді ме екен?… Онда қолынан келгендер, жергілікті әкімдіктің көңілін тапқандар қонышынан басып кетуі әбден мүмкін ғой. Егер бұл тұрғыдан алып қарайтын болсақ та, ескерткіш қоюға да ешқандай заң бұзушылық әрекеті байқалмайды екен.

Семейлік әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов ағамыз:
Қадірі болмас адамның,
Ортаңда тірі жүргенде.
Орны қалар ойсырап,
Бір күні көрге кіргенде.- деп толғайды.

Тұрсағаңның келместің кемесіне мініп, фәниден бақиға сапар шегіп орны ойсырап қалғанына да алты жылдың жүзі болыпты.

Марқұм ағамыз өмірінің соңында Нұрлан Мәукенұлының сөзіне арнап: «Өлінің қамын тірі жер…» деп әнін жазып бебеулете шырқап өтіп еді. Әр саланың тізгінін ұстаған беделді тірілеріміздің әсіресе қолында билігі бар «ірілеріміздің» марқұмның тірісінде дұрыс құрмет көрсете алмай ұсақталғаны қынжылтады-ақ.

Қазір ерінбеген пысықай шенеуніктің кеудесінен орын тауып жатқан Құрмет орденіне де лайық көрмеппіз-ау. Әрине, халықтың жүрегінің төрінен өзінің лайықты орнын тапқан, тірісінде атақ-мансап қумаған асыл аға ондай орденге зәру болмаған шығар.

Нағыз өнер иесіне халықтың ыстық ықыласынан артық қандай құрмет бар. Дегенмен, артында ұрпағы айтып жүретіндей үміт дүниесі дегенім ғой..

Халықтың жүрегінен орын алған, елдің сүйіспеншілігіне бөленген Тұрсынғазы Рахимовқа өзі ұзақ жылдар еңбек еткен Семей шаһарындағы қалалық мәдениет сарайына есімі берілсе, әнші,сазгерге лайықты құрметіміз болар еді.

Ерлан Шаяхметұлы,

Семей қалалық мәдениет Сарайының қоюшы-суретшісі.

Семей қаласының гербінің авторы.