Cоңғы жаңалықтар
Back

“NEET санатындағы жастар”. Оларға кімдерді жатқызамыз?

Қазіргі таңда жастардың қоғамдағы әлеуметтік статусын анықтау өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.  Соңғы уақыттары жұмыссыз жүрген жастарды NEET санатына жатқыза салатын болдық. Бұл қаншалықты дұрыс. Алдағы уақытта NEET санатындағы жастарға кімдерді жатқызу керек екенін тайға таңба басқандай анықтап алуымыз керек. Өйтпеген жағдайда еліміздегі жұмыссыз жастар мәселесі еш уақытта шешілмеуі мүмкін.  

Жастар мәселесімен айналысып жүрген азаматтардан жөн сұрасаңыз NEET санатындағы жастарға білімі жоқ, жұмыс істегісі келмейтін жастарды жатқызу керек екенін алға тартады. Бұл топқа жататын жастар елімізде баршылық. Оны мойындауымыз керек. Бірақ олардың саны анау айтқандай көп деп айтуға де келмейді.

Бір қызығы, ресми орындар кей жағдайда жүктілігі бойынша декреттік демалысқа шығып, босанған жас аналарды да NEET санатындағы жастардың қатарына қосып жібереді екен. Бұл қаншалықты дұрыс? Біздіңше, декреттік демалысқа шыққан жас аналарды NEET санатына жатқызудың жөні жоқ секілді.

Бұдан басқа, отбасылық бизнесі бар ауқатты отбасының балалары оқуды да, жұмысты да жиып қойып, жеке отбасылық бизнесімен айналысқанды жөн санайтыны белгілі. Отбасылық бизнеспен айналысатын жастар өзіне әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарнасын аудармағаннан кейін олар да ресми түрде жұмыссыз ретінде танылып, NEET санатындағы жастардың қарасын көбейтуде.

NEET санатындағы жастардың санын азайту үшін бірінші кезекте олардың аражігін ажыратып анықтап алудың маңызы зор. Әрине, бұл үшін арнайы заң керек. Осы жайтты басшылыққа алған Үкімет «Жастар туралы» заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуге әрекеттеніп жатқанын білеміз. Заңға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін «NEET санатындағы жастарға кімдерді жатқызуға болады» деген сұраққа нақты жауап алатын боламыз.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған Отбасылық цифрлық картаға назар аударсақ, дәл қазір еліміздегі NEET санатындағы жастардың саны 181 мың адамды құрайды.

Сарапшылардың сөзіне құлақ асатын болсақ, NEET санатындағы жастарға негізінен, кәсіби білімі жоқ, жұмыс істегісі келмейтін жастарды жатқызатынын айтты. Үкімет еліміздегі аталған санаттағы жастардың санын қысқартуды көздесе, бірінші кезекте жастардың кәсіби білім алуына жағдай жасауы керек. Ол үшін еліміздің әр аймағында кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарын құрып, олардың жастар арасында тартымдылығын арттыруға күш салу керек.

Жоғары оқу орындарына түскен жастар оқуын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша жұмыс істеп, өмірден өз орнын тауып кетуге ұмтылатыны белгілі.

Ал кәсіптік-техникалық орта буынды білім ордаларын тәмамдаған жастар жайында бұлай деп айта алмайсың. Өйткені кәсіптік-техникалық оқу орындарын бітірген жастарға жұмыс бірден табыла қоймайды. Себебі  елімізде өндіріс орындары тиісті деңгейде дамымағандықтан, колледждерді тауысқан жастар бірден жұмыс таба алмай, NEET санатындағы жастардың санын көбейтуге мәжбүр.

Оның үстіне, біздің қоғамда колледж бітірген жастарға жартыкеш маман ретінде қарайтыны жасырын емес. Айталық, заң, экономика, педагогикалық, медициналық колледждерді бітірген жастар орта білімді тауысқаннан бірден жұмысқа араласып кете алмайды. Жұмыс берушілер аталған мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандарды жұмысқа қабылдағанда жөн санайды.

Мұндайда кейбір жастар университеттерде кәсіби білімін жалғастыруға мәжбүр болса, енді бірі отбасындағы тұрмыстық жағдайы көтере алмаған соң, жоғары білім алудан амалсыз бас тартып, қара жұмысқа бет бұратыны жасырын емес. Айналып келгенде, олар NEET санатындағы жастардың қатарын толықтырады.

Егер біз NEET санатындағы жастардың санын азайтуды шындап қолға алғымыз келсе, өңірлерде шағын өндіріс орындарын көбейтіп, жастарға дұрыс кәсіби білім бермейтін орта және жоғары буынды оқу орындарының жұмысын тоқтатуымыз керек. Жастарға білім бергеннен гөрі ақша табуды бәрінен де жоғары қоятын мұндай оқу орындары жастардың кәсіби маман болып қалыптасуына басын ауыртпайды.

Тағы оқыңыз:

Айжан Ысқақова: «Экологиялық мәдениетті дамытпайынша, экотуризмді қалыптаспайды»

Елімізде «Қайырымдылық керуені» байқауы басталды