Back

Ақындар айтысы: Мұхамеджан Тазабек өзін айыптаған Светқали Нұржанға жауап қатты

Ақын Светқали Нұржан референдумға толғау арнап, Тоқаевтың саясатын қолдайтынын айтқан Мұхамеджан Тазабектің өлеңін “бетпақтың шатпағы” деп атаған еді. 

Сириядағы соғысқа еш қатысы жоқтығын, Қаңтар оқиғасына атсалыспағанын, қайта мұндай бүлікке түбегейлі қарсы екенін мәлімдеген Мұхамеджан мырза, ақын ағасына барынша салқынқанды жауап қатыпты.

Тоқаевқа жолдаған толғауы жағымпаздық емес, жанынан шыққан шынайы лебіз, жалпыға қатысы жоқ, жеке көзқарасы екенін жария еткен Тазабек теріс ағымдарға қатысты пікір білдіріп, олармен бес қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтыпты.

“Светқали ағам күн сайын таңғалдырып, сәт сайын сүйсіндіретін, ең мықты ақыным ғой. Ұрсып жатса да, төпелеп жатса да, мәтіннің мәнісінен гөрі ағамның ақындық жүрегі маңызды.

Екі дүниенің мазмұнын таразыға сап, қазақтың қасиетті қара өлеңімен рухыңды тербеп, пәндауи ортаның қасаңынан басқа әлемнің шуағына қарай жетелеп кететін илаһи жолдағы мінезді ағама құрметім бөлек.

Соңғы шыққан кітаптарын үңіле оқып, жантақ тамырлы, сексеуіл бұтақты, жусан иісті қазақы өлеңдермен құшырлана қауышып, біразға дейін әсерінен арыла алмай жүрдім. Аға, аман болыңыз!

Құл Қожа Ахмет Яссауиден бүгінгі Өзіңізге дейін түркінің түбіт тілінде Мұхаммед (ғ.с.ғ) ның ұлы насихатын мына маң далада шырақтай жаққан дарындарға Алланың нұры жаусын!

Құрметті, жазғыштар! Екі қазақтың ортасына от жағып, ағайын жұртты айдап салудан шаршамадыңыздар ма?!

Айтысатын жерде айтысқанбыз. Кәсіби сахынада майталман ақын боп, сөз таластырудың майын ішкенбіз. Әлі де талантым таусылып қалған жоқ. Бірақ, үміттеріңіз ақталмайды-ау, ағамның жағасына жармаспаймын, сөзінен ілік іздемеймін. Інісіне ренжісе, реті солай болған шығар. Ештеңе етпейді. Аға зордан, іні бордан.

Жылдар бойы теріс пікірлер естіп, арандатушы жандардың анализін жүрекке қабылдаған шығар. Ақын жүрек сенген шығар, сенгенін сезініп, маған екі ауыз сөз арнаған шығар. Әйтпесе, кесіп айтатындай, құрметті ағамызбен көрші тұрғанымыз жоқ, сапарлас болмадық, алыс-беріс те жасамадық.

Сирияға кеткендерге еш қатысым жоқ екенін, қаңтар оқиғасына түрткі болмақ түгілі, түбегейлі ондай бүлікке қарсы екенімді көзі қарақты кез-кез келген тұлға біледі”, – деп жазыпты Мұхамеджан Тазабек

Айта кетелік, Светқали Нұржан Мұхаметжан Тазабектің референдумға арнаған өлеңін “бетпақтың шатпағы” деп атаған еді.

Әзір Грузияда жүрген Тазабеков саяси науқанға қатысты келесідей өлең арнаған:

Азанмен әтірленіп, кофелендім,
Елімде боп жатқасын референдум.
Шет жатқан үш жүз шақырым Боржомиден,
Тифлиске такси жалдап, жеке келдім.

Елшілігің болғаны қандай жақсы,
Қасқайып қаласында бөтен елдің!
Көк Ту мен Елтаңбаның ортасында,
Таңдау жасап, ісіне көкелердің.

Тарихи бұл жиынға біз бармасақ,
Тағдырын ертеңгі елдің көтерер кім?!
Референдум шешімі хайырлы боп,
Бағы ашылсын, болашақ бөпелердің.
Береке тапсын барлық бастамасы,
Тоқаевтай байламы бекем ердің!”, – деген-тұғын Мұхамеджан мырза.

Тазабековтың толғауы ел ішінде қызу талқыланып, оған қарсы аудиторияның тарапынан келекеге ұшыраған еді.

Ал белгілі ақын Светқали Нұржан әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанда  маусым күні өткен референдумға байланысты жазған Мұхаметжан Тазабектің өлеңін сынап жазған.

«Төмендегі бетпақ шатқан шатпақ әлем-жәлемде “хит” болып жатыр екен. Нәйеті, осы адамнан азған пәлекеттерге сөз шығындау аузыма қаншалықты ылайық деп ойлауға да болар еді, бірақ бұлардың Отанымызға салған 30 жылдық ылаңы және шексіз арсыздығымен тағы да қазақты ақымақ көріп, алдамақ болып, сөйтіп әр жер, әр жерден жылтыңдап көрінгісі, жағынғысы, тағы санатқа енгісі, сапқа кіргісі келіп тұратын сұмпайылықтары жүректі айнытады! Ал айныған жүректен қай бір оңған өлең шықсын?! Бұл да сондай бір кеп», – дейді Facebook желісінде Айт-ман Нұржан деген атпен тіркелген ақын.

Бұдан ары ақын Тазабектің ұйқасына салып, бірер жол өлең жазады. Өлеңінде әнші, экс-депутат, Түркиядағы бүкіләлемдік этноспорт федерациясының бірінші вице-президенті Бекболат Тілеуханның да аты аталады. Ақын бұл екеуін Қазақстандағы діни ағым салафизм ағымы үшін кінәлаған.

“Азанмен әтірленіп, кофелендің”,

Тифлиске Боржомиден жеке келдің.

Әуелден уын жалап бөтен елдің,

Қазақтың қасиетіне “шекелендің”!

Ұлтыңның уызынан безіп, малғұн,

“Сайтанның мүйізіне” некелендің!

Отарын аранға айдап, арам теке,

Тып-тыныш келіп пе еді кете бергің?

Төгілген Сирияда тамшы қаным,

Келеді қу жаныңмен өтелер күн!

Боқболат екеуіңнен құнын алам,

Жат жерде арам өлген бөпелердің!

R.S. Жәдігөй мекіренгені кімге дәрі –

Салафит “сайтансақал-текелердің”!!!”

 

Светқали Нұржан Қазақстанда 2000 жылдардың басында кең жайылған тағы бір діни ағым – суфизмнің (сопылық) белді өкілі ретінде жиі аталады. Ол осы ағымның Қазақстандағы негізін салушы Исматулла Мақсымның қасынан жиі көрініп қалады.

Еске сала кетейік, 5 маусым күні Мұхаметжан Тазабек Конституцияға өзгеріс енгізу үшін өткен бүкілхалықты референдумға барып, дауыс бергенін өлеңмен жазып, әлеуметтік желіде сынға ұшыраған. Ол қазір шетелде жүр.

Ел арасында «осы ағымның серкесі Қайрат Сатыбалды қамауға алынған соң, Тазабектер шетелде бой тасалап жүр» деген болжам айтылады.

Тағы оқыңыз:

«Дүкеншілер қантты тығып отыр». Ақтөбелік шенді қант тапшылығын жоққа шығарды

 

 

 

 

.