Cоңғы жаңалықтар
Back

Халықтың 75,9%-ы Ата Заңға түзетулер енгізуді қолдайды – Қоғамдық саясат институты

Қазақстандықтардың 75,9%-ы Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды қолдауға дайын. «AMANAT» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты «Әлеумет» жобасы аясында жүргізілген «Referendum: Halyq üni» зерттеуінің қорытындысын жариялады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстандықтардың 67,9% Конституциялық реформа елдің дамуына оң әсер етеді деп есептейді. Сонымен, әлеуметтік деректерге сәйкес, азаматтардың көпшілігі қолданыстағы ҚР Конституциясын өзгерту бойынша референдум өткізуге оң көзқарас танытып отыр. Атап айтқанда, қазақстандықтар мыналарды қолдайды:

  • азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту – 80,1%
  • халықтың елді басқару ісіне араласуын кеңейту – 76,8%,
  • суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшу – 73,5%,
  • билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу – 72,3%,
  • Парламенттің рөлін күшейту және мәртебесін арттыру – 64,4%.

– Қазақстандықтардың 67,9%-ы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізу елдің дамуына оң әсер етеді деп санайды. 5 маусымда сайлау учаскелеріне азаматтардың үштен екісі келмек, – деп атап өтті партия хатшысы Дәулет Кәрібек.

Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиеваның айтуынша, халықтың өзгерістерге деген сұранысы тұрақты түрде туындап отыр.

– Соңғы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі қазіргі қоғамдық-саяси үдерістердің оң бағаланатынын көрсетеді. Азаматтардың 87,5%-ы белгілі бір дәрежеде ел өміріндегі өзгерістерді қалайды. Сұралғандардың 55,4%-ы белсенді азаматтық ұстанымға ие. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 1700-ден астам респондент қатысты, – деді Мәдина Нұрғалиева.

Айта кетейік, жүйелі әлеуметтануды қалыптастыру мақсатында «Әлеумет» жобасы аясында тұрақты негізде зерттеулер жүргізіледі. Ал олардың нәтижелері институттың @SocioExpert telegram арнасында жарияланады.

– Әлеуметтік зерттеулердің көмегімен партия қоғамдық пікір скринингін жүргізіп, тиімділікті арттыру үшін оны өз жұмысының барысында ескереді. Біз қоғамдық пікірді ескеріп, онымен санасамыз. Бұл жұмыстың барлығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мәніне толық сәйкес келеді, – деді Дәулет Кәрібек.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясының атынан сайланған депутат Саясат Нұрбек партияның үгіт науқаны туралы айтты. Халық қалаулылары аймақ тұрғындарымен мыңға жуық кездесу өткізді. Ал іс-шараларға барлығы 220 мыңнан астам адам қатысқан.

Сонымен қатар, үгіт науқаны аясында партиялықтар қазақстандықтардың ұсыныстарын жинауға бағытталған республикалық акцияны бастады. Үгіт науқаны басталғаннан бері 4,5 мыңнан астам талап-тілек келіп түсті. Олардың арасында әлеуметтік және саяси сипаттағы ұсыныстар мен өтініштер басым.

Ал қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова референдум өткізудің халықаралық тәжірибесімен бөлісті.