Back

30 жылда көргеніміз – әділетсіздіктен жапа шегу, өтірікпен өмір сүру болды

Тоқсаныншы жылдар еліміз тәуелсіздігін алғанда әділетсіздіктен құтылатын шығармыз деген үміт болды. Бірақ Назарбаев дәуірінде қазақ халқының әділетсіздікпен өмір сүруі ары қарай жалғасты.

Әділетсіздіктен жапа шегу, өтірікпен өмір сүру әдепкі дүниеге айналғаны жасырын емес. Дәл осы уақытта елімізде өтірік зауыттар ашылып, өтірік әңгімелер көп айтылды.

Әділетсіздік пен өтірікпен өмір сүрген сормаңдай қазақ енді жемқорлық, алдап-арбаумен өмір сүруіне тура келді. Өткенге салауат айту, ұлттық құндылықтарды насихаттау имитация деңгейінен аспады.

Көбік сөз алға шықты. «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген жалаң ұранмен өмір сүрдік. Саясатты айтпағанда, экономика саласында алға жылжушылық болмады.

Кезінде Қонаевтың арқасында салынған зауыт-фабрикалар тиынға сатылып, ел экономикасы күйреді. КСРО-ның үшінші экономикасы болған Қазақстанның экономикасы қатты құлдырауды бастан өткерді.

«Алдымен – экономика, содан кейін  – саясат» деген қағидаттың бос әңгіме екеніне көзіміз жетті. Мемлекеттік аппарат бір ғана адамның қас қабағына қарап, соның билігін нығайту өмірлік мұратқа айналды.

Осылайша, Назарбаев билігі Кеңес заманынан созылып келе жатқан әділетсіздік ары қарай жалғасып, Қазақстанды жемқорлықтың батпағына батыра түсті.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист