Cоңғы жаңалықтар
Back

Басымнан бұлдырық та байқап ұшсын…

Жаһанның  жағырапиялық-саяси картасында аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын тәуелсіз мемлекет екеніміз рас. Отыз-ақ жыл толса да… Алтайдан Атырауға ұштасқан, шекарасы 15 мың шақырымға созылған, қазба байлықтары қордаланған, жылдың төрт мезгілі төрт құбыласында кезегімен келіп жататын алпар аймақты ешкім «сыйға» берген жоқ, ол – арғықазақ пен бергіқазақтың бізге қалдырған мұрасы. Атақты түркітанушы Лев Гумилевтың «Қиялдағы патшалығы» – осы дала. Қазақтарды «Мәңгілік елдің мұрагері» деген сөз маған аса ұнады. Оны ойлап тапқан бірінші президент емес, тарих солай айшықтайды. Тіпті сонау Балқанға барып, («Балқантау, ол да біздің барған тау») Бұлғар мемлекетін құрған Аштар ханның ұрпақтары да, біз отырған ауылдың үстімен дүркіреп өтіп, Еуропаның ергенегінен еңкеймей кірген, Ақ теңіз (Жерорта теңізі) бен Мәрмәр, Эгей теңіздерінің жағасына ел қондырған, Адрианопольды Едірнеге, Констанинопольды Ыстамбұлға айналдырып,

Айнала жатқан түркі елі,

Ада боп тұрса айтыстан,

Атының басын іркеді,

Андыздап жеткен қай дұшпан!

 

Алашқа теңдік әперіп,

Көрсек-ші, шіркін, көп қызық!

Түркіні күлден көтеріп,

Төбесін күнге жеткізіп!- деп, артында қалған ата жұрттың амандығын, бірлігін тілеп, сағына еске алған. Сол жұрт – дәл қазіргі Қазақ елі! Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Тәуелсіздік Декларациясын жариялағғанда, айналайын Аштар ханның үрім-бұтағы 18  минутта Тәуелсіздігімізді танығаны жөнінде хабар салған. Пейіште нұрың шалқығыр Түркия президенті Тұрғыт Озалдың «Осы күнді ғасырлар бойы күттік қой!» деген сөзін, қалай ұмытармыз?! Ал, Қап тауын қаптай қоныстанған сан түрлі мұсылман ұлттары да Қараханидтер дәуірінде қандасына сыймай, Орта Азиядан ауыпты. Ұлы Сырдың бойында дария алты аунағанда да жұрнағы қалған «Жетіасар» мәдениеті бар, алғаш аландар, қазіргі осетиндер қоныс тепкен. Қазақстанның қайраткер журналисі Олег Ахсарұлы Кациевті «аулыңа келіп кетпейсің бе?» деп мазалай беретінім сондықтан. Біздің «Мәңгілік елдің мұрагері» екенімізді дәлелдейтін мың сан дерек келтірер едім, әттең, уақыт тар, оның үстіне тақырыптан ауытқып бара жатқандаймын. Бір сөзбен айтқанда, ақ Сәрсен, қара ниетті Жириновскийдің, Никоновтың, Федоровтың, әне бір жатырынан жеріп туған якут па, бурят па, бірдеңенің құйтырқы сөздерін қиығыңа қыстырмай, тәуелсіздігіңді тойлай бер, Алладан рұқсат!

Мемлекеттердің бір-біріне тәуелділігі… дейсің,ә? Ол жаһандану үдерісінің негізгі нышаны ғой. Ешкімге күні түспейтін ел бола ма өзі? Біз, әдетте, бір нәрсе туралы әңгіме қозғасақ, Америка, Ресей, Қытай сияқты алпауыттарды мысалға аламыз. Жаһанға жандарм болғысы келетін сол Америкаңыз қалай күнелтіп жатыр, алып өндірісімен, әлеуетті әлеуметтік әрекеттерімен, асып-төгілген ақыл-ойымен және мың сан миллитарлық қоймаларымен?… Әрине, Араб елдерінің ақшасымен. Қырық қадам құдықтан қауға тартып, мұнайдан тапқан миллиардтаған пұлын арекеңдер АҚШ-тың қаржы айналымына өсімге салып қойып, ақ жейде, ақ дамбалымен пальманың түбінде шалжиып жатыр! Сол қаржыны адымдап өлшеп шыққандай өз мемлекетінің экономикасына салар еді, бәдәуи жортқан баябанда «қара алтын», газдан басқа ештеңе жоқ. Суды сұрап ішіп отыр. Ірі өндірістік жобалар өзін өзі ақтамайды. Экономика «қызып» кетеді, қаражат құнсызданады. Бірақ кереге жұрттың  көсегесін көгерту керек қой, сосын барып алты қат аспанның  астарын жыртып, зәулім үйлер салады, теңіздің жағасын жазираға айналдырып, туристер шақырады. Қос-қостан қатын алады, гәремдерін жұртқа тамашалатады, бәйгеге миллиондар (теңге емес) тігіп, атан жарыстырады. Қазақстаннан сұңқар, қаршыға, ителгі ұрлатып алдырып, саятқа шығады. Одан қалды, біз сияқты елдердің экономикасына өздеріне аса тиімді, әрине, отандық жемқорларды да ұмыт қалдырмай, инвестиция құяды. Тіпті болмаса, Астана секілді жаңа қаланың көшесіне тарихта тұлға емес адамдарының (бен Талал) есімін бергіздіреді.

Cол арабекеңіз өсімге салған қаржысын бір күнде қайтарып алар болса, Сэм ағайдың салқары әп сәтте дефольтқа ұшырап, қара жамылады екен! Бірақ оны мезетінде қайтарып беретін Американы көріп тұрған жоқпын. Арада халықаралық саяси-экономикалық келісім-шарттар бар. Әйтеуір бір заманда қайтарып аларсың… Мен алып Америка мен азғантай Арабияны әдейі мысалға келтіріп отырмын. Ендеше, басқаларға не жорық? Әлем интеграцияланған сайын мемлекеттер барлық бағыттар бойынша бір-біріне тәуелділігі арта түседі. Сыртқы саясаттағы уағдаластықтар мен келісім-шарттар әр бір елдің заңдарына сәйкес бекітіледі және парламенттерінде ратифакцияланады. Ал бірақ сондай келісім-шарттарда, одақтарға кіруде, ұйымдарға бірігуде қай елдің ұтқаны, қай елдің ұтылғаны – ол басқа әңгіме. Шет жағалатып айтсақ, қазіргі таңда ЕуроОдақтың болашағы да күмәнді болып тұрған жоқ па? Ал, біз Кеден Одағынан соншалықты ұттық па?

«Кешегі қаңтар оқиғасы Қазақстанды да қарулы күштер жағынан басқа елдерге тәуелділігін байқатқандай» дейді жұрт. Бірден айтайын, қай елдің армиясы болсын басқаға тәуелді болуы мүмкін емес. Конституцияға сәйкес, әскер – мемлекеттің қорғаушысы, ұлттық табыстың белгілі бір бөлігі міндетті түрде қорғаныс саласына жұмсалады. Қарулы күштерді басқа көздерден қаржыландыруға тиым салынған. Ол тікелей мемлекет басшысына бағынады. Сондықтан қай елдің президенті де – Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы. Армияның тәуелділігі деген ұғымды «күшті» немесе «әлсіз» сөзімен алмастырсақ, сұраққа жауапты оп-оңай таба қоясыз.

Қазақстанның жүзмыңдық армиясы да отыз жылдан бері, Израильден қымбат бағаға «Семсер», «Найза» сияқты түкке тұрғысыз атқыш құралдарын сатып алғанына, Солтүстік Кореяға ұрлықы жолмен «МиГ» әскери ұшақтарын асырып жібере жаздап, халықаралық дауға қалғанына, Арыс өңірінде оқ-дәрі, қару-жарақ қоймаларының жыл аралап жарылып, бейбіт халықты аса зардаптарға ұшыратқанына, «Арқанкерген» шекара бекетінде «сарыауыз балапан» Владислав Челахтың 15 жауынгерді қанжоса ғып «қырып» тастағанына қарамастан, қалт етпей қорғаныс шебінде тұр. Сырттан пәлендей төніп тұрған қауіп жоқ. Офицерлердің көйлегі көк, сарбаздардың қарны тоқ. Халықаралық бейбіт күштердің құрамында Тәжікстан, Ауғанстан, тағы басқа мемлекеттерге барып, сойқан салған аумақтарды миналардан тазарту, қалпына келтіру және әскери яки әлеуметтік нысандарды күзету шараларына қатысты, әрине, құрбандықтар болды. Бірақ, қазақ әскерінің халықаралық миссияларға қатысуы еліміздің жағымды образын қалыптастырғаны рас.

Ал, енді армиямыздың қорғаныстық-шабуылдау қару-жарағы, әскери техникалық базасы туралы әңгімелесек, миллитаристік өнеркәсібі қатты дамыған мемлекеттерге тәуелдіміз. Бірақ біз ғана ма? Бүкіл әлемнің қарулы күштері Ресейдің «Калашников», Израильдің «Узи» автоматтарына, Түркияның «Байрақтарына», АҚШ пен Ресейдің дыбыстан жылдам әскери ұшақтарына ділгер емес пе? Ең аяғы 16-шы калибрлі аңшы мылтығын да Туладан сатып аламыз. Құдайға шүкір, тәуелді болатындай жалдамалы әскер ұстамаймыз, тағы да Солтүстік Корея сияқты халықты қара көжеге таңып қойып, ядролық қару жасап жанталасып жатқан жоқпыз. Ақшамыз бар ма, қажетінше әскери техника сатып алып, армияны жаңаша жарақтандыруға тырысамыз. Үстінен «жонып жейтініміз» тағы бар. Әй, дегенмен, ішімдегі ұрты қуыс «ұры» ой айтады: «Қорғаныс Күшіміздің саяси-моральдық сипатына  шынайы баға беретін уақыт жеткен сияқты!…

Қаңтар оқиғасында бейбіт шеруге шыққандарды арандатып, іргесінен шала тастап, жастарды қиратып-өртеуге желіктірген, өзгенің мүлкін қасақана тонауға итермелеген террористік топтарды ауыздықтауға ішкі істер, қорғаныс министрліктері жасақтарының күштері толық жететін еді. Тіпті оқиға аумағын он қабат құрсаулап тұрса да. Бірақ алғашқы күндерде біздің «айбынды әскеріміз» қақтығыс аудандарында толық төбе көрсеткен жоқ. Полицияңызда да пәрменді қауқар болмады:  ғимараттарын «Брест қамалына» айналдырып, «қасық қаны қалғанша» қорғанып жатты. Ораған от-жалынға қарап өрт сөндірушілердің өзегі өртенді! Пәрменді кім береді, Президент пе, Қауіпсіздік Кеңесінің өмір-бақилық Төрағасы ма? «Екі кеменің құйрығын ұстағанның» күні құрысын, ақыры суға баттық, абыройдан жұрдай болдық!

Қаңтар қасіретінде Президент барлық жауапкершілікті өзі мойнына алып, мемлекетті сақтап қалды.

«Сценарийге» сыймаған Тоқаевымыз мықты екен, жинақталған агентуралық ақпараттардан, сенімді көздер баянаттарынан желдің қай жақтан соғып тұрғанын біле қойып, тәуекел етті: Қауіпсіздік Кеңесінің тізгінін дереу қолына алып, тегеурінді қимылға көшті. Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бірінші орынбасары Самат Әбішті қызметтерінен босатты, Үкіметті отставкаға жіберді.

Қиын күндер артта қалған соң  кейбіреулер Тоқаевты сырттан көмек сұрады деп кінәлай бастады. Бірақ, Президенттің ҰҚШҰ ұйымы әскерлерін шақыру қателік емес, дер кезінде қабылданған дұрыс шешім дер едім. Өйткені, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке сатқындық жасады. Қорғаныс министрлігі қорғанысын көрсете алмады.

Кейін белгілі болғандай, бейбіт шерушілердің бүкіл қазақстандық акциясын қалқанға ұстап, топалаң жасаған «билікті басып алуға» ұмтылған топтар екен. Баяғы, 1991 жылы тамыз айында «тақтан тайдыру»    оқиғасын ұйымдастырған «ГКЧП»! Бірақ Янаев-Крючков-Пуго-Павлов – Язов – Баклановтар хунтасының «сценариіне» бұқара қатыстырылған жоқ. Олар халықтан үрейленіп, Мәскеуге ауыр әскери техникаларды алдырып, басып-жаншуға даяр тұрды.Алғашқы қақтығыста екі тұрғынның танкінің астына түсіп өлгенін естіген КСРО-ның соңғы Қорғаныс Министрі Дмитрей Язов жедел бұйрық беріп, әскерді казармаларына қайтарды. Сөйтіп, «ГКЧП»-ның арамза ойы іске аспады.

Шынын айтайық па, бізде сол «ГКЧП» бола жаздады! Көзі ашық, көкірегі ояу әр бір қазақ мұны білуге тиіс! Қазір жағдай саябырсығанда, әңгімені сан-саққа жүгіртіп, өзіңнің жалқы пікіріңді жалпыға телімей, ойымызды ортақ мүддеге тоғыстырып, конституциялық құқықтарымызды қырағы қорғауымыз керек!

Жағдайға сын көзімен қарайықшы: Қызметінен босаған Кәрім Мәсімов алдымен «Отанды сатты», соңынан «билікті басып алуға әрекет жасады» деген қылмыстық баптармен қамауға алынды, екі орынбасарымен бірге. Оның екі мәрте Прьемер-Министр қызметін атқарғанын, бірнеше министрлікті басқарғанын, бұрынғы Президентке өте жақын адамдардың бірі болғанын ескерсек, жалғыз өзі немесе бірнеше  жақтастарымен ғана осындай әрекетке барды деп ойлаймыз ба? Кәрекеннің қайраты 18 адаммен Батистаны тақтан құлатқан Фидель Кастроның  жұлығынан да келмейді ғой. Демек, қазіргі билік бұтақтарында оны қолдайтын сеператистік топтардың отыруы әбден мүмкін. Өйткені оқиғалар тізбегінде әр деңгейдегі күштік құрылымдардың әрекетсіздігі,  қирату-бүлдіру нысандары ретінде әкімшілік, сот, мемлекеттік басқару ғимараттарының таңдалып алынуы, оқиғаны өршітпеуге  асықпаушылық пиғылы соны аңғартқандай.

Меніңше, «билікті басып алу» жобасы осыдан он-он бес жыл бұрын жасалған сияқты. «Халықты қатыстыра» отырып… Бұрынғы биліктің спектакльдерінде халық үнемі «массовкада» жүретін. Бір-екі актіде жалт етіп көрінеді де, жоқ болады. Ал басты Актерлер рөлдерін аяғына шейін сәтті ойнап шығады. Олардың өз тыныштығы үшін қойған қойылымдарының есебі жоқ. Саяси технологтарының аса мықты болғанын мойындауымыз керек.

Сертің қайда сөз беріп, сөз алысқан,

Ата заңды ақтарсам…

тозақ ұшқан!

Ертісбаев ерінін жыбырлатса,

Еріп кете бересің, Қазақстан!

Ертеңінің не боларына алаңдап отырған жұрттың «2050» бағдарламасымен басын қатырды… («Оған дейін не патша өледі, не есек өледі» деген Қожанасыр сияқты).

«Озық отыз елді қуып жетеміз» деді… (Жыртық шалбар, жалаң аяқпен бе?)

Тұралаған ел түрегеліп еді!… Ойбай, біз «Мәңгілік елдің» ұрпағымыз, алысып-жұлысып жатқанымыз сырт көзге ұят. Одан да «рухани жаңғырайық!» деп арқамыздан қағып жуысытты. (Бәріміз «Тарих толқынына» көміліп, батып кете жаздадық!)

Қай бір жылы Кодекске жерді шет елдерге сату жөніндегі бапты білдірмей,сол кездегі парламенттің алқауымен, енгізіп жіберіп еді, арғымақ атын сұрағанда да, аяулы қатынын қалағанда да, «көршімен тату тұрғанымыз жөн» деп, сөзге келмей бере салып, басынған кәуір «енді жеріңнің бір пұшпағын бере ғой» дегенде, «қай қатының толғатып жер туып еді, жерді бергеніміз-өлгеніміз» деп, буырқанып-бұрқанып, мұздай темір құрсанып, атқа қонып, дандайсыған дұшпанның тас-талқанын шығарған  Мөде қаһанның ерлігін бойтұмар ғып жүрегімізге түйіп алып жүрген ел емеспіз бе, қанымызға қарайып, екі көзіміз алайып, ақырып алаңға шығып едік, «Оллаһи-биллаһи, жерді сату ойымызда жоқ, шамасы, құлағымызға шайтан сыбырлап кеткен шығар» деп, биліктегілер бастап, «тіфу-таттар» (менің ойлап тапқан сөзім) қостап, басқыншы бапқа мораторий қоя салды.(Құдай-ау, пиғылы дұрыс болса, сол бапты біржолата алып тастаса қайтеді?)

Тағы ма? Қай бір жылы ауыр әлеуметтік мұқтаждықтардан өндіршегіміз оңазып, кеңсірігіміз кеуіп, ыңыршығымыз айналып, қауға тиген өрттей ұйтқып, наразылығымызды білдіре бастап ек, су жұқпас, қу тақым технологтар Елбасының аузымен  «Қаріптері ағылшын әліпбиімен ұқсас екен, латынға көшпесек, лағып айдалада қаламыз» деп, және бір жобаны зыңқытып жіберді. «Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайтын» қайран қазағым-ай, атамыз бен әжеміз, әкеміз бен шешеміз латынмен қара танған, аруақ аттамайық, көшсек,көшейік деп, ала құйын алағызып, әрлі-берлі шауып кеттік. (Бірақ билік латын әліпбиіне көшудің жөнін айтқан жоқ. Осыдан ширек ғасыр бұрын латын әліппесіне көшіріп, әзер-алда игеріп келе жатқан көршіміз-өзбектердің «анаңды… алдымен ана тілін жарылқап алмай ма?» деп, артын түріп күлгенін түйсігіммен түйсіндім).

Күн сайын – жаңа қойылым!

Ол қайдан білсін жоғары жақтың ойынан?

«Шынында бізге тыныштық керек» дейді ағам,

Бір сипап қамыт қажыған мойынын.

 

Қанардың түбі толар ма?

Қараң жүр, әне, базарда сүйреп қоларба.

Жоғарғы жағың, әрине, біліп айтады:

«Тыныштық керек!»

(Сізге емес, көке!)

… Оларға!

 

Мынау билікті басып алу жобасы да оқушының шимайы емес, әбден әзірленген, пысықталған. Әйтпесе, екінші Президентке дара билік бермей, Конститутцияға өзгеріс енгізіп, қосанжар  Қауіпсіздік  Кеңесі институтын құрудың, онымен мемлекет басшысының  санасып отыруы керектігінің астарында не жатыр? Ата заң бойынша, біз көпұлтты, унитарлы, зайырлы, президенттік басқару үлгісіндегі елміз. Қаіпсіздік Кеңесін де Президент басқаруы тиіс. Әлемде мұңдай қос биліктік құрылым жоқ! Тек Иран Ислам Республикасында ғана президент жоғары дінбасы – аятолланың алдында есеп береді. Өйткені, аты айтып тұрғандай, қызылбастар шариғат заңын қатты тұтынады. Сонда біздікі не? Бұл –  Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігін әлсіретудің, қоғам алдындағы беделін түсірудің, ұзақ жылдардан бері қордаланып тұйыққа тірелген әлеуметтік-экономикалық, рухани азып-тозушылық жағдаяттарды қазіргі басшылықтың мойынына арта салып, кезіндегі қиянаттардың ізін жасырудың, билік бұтақтарында, квазимемлекеттік ірі құрылымдарда саботаж жасау арқылы халықтың «қанын ішкен» күрделі мәселелерді одан әрі шиеленістіріп, ашынған алашты қабатына ала отырып, «сарай төңкерісін» жасау әрекетінің монархиялық-узурпаторлық жоспары. Н.Назарбаевтың «айналасындағылардың» әлі де династиялық билікті орнықтырудан дәмесі болуы мүмкін. К.Мәсімов, кеше ғана үйқамаққа алынған А.Мамин соның бір ғана мысалы. Қазақстанның бүкіл байлығын тонаған 162 алпауытты қайда қоярсың? Бұл цифрдың ұлғаюы ықтимал. Олар саусақ қимылдатпай-ақ мол олжаға кімнің тұсында, кімнің арқасында  кенелді?  Оны бір білсе, кезінде, «осы отырғандардан  кез келгеніңді сотқа сүйреп апара аламын» деп қоқан-лоққы көрсеткен бірінші президент біледі.Сосын біз білеміз.

Кешегі «қанды қаңтарда» күштік құрылымдарды, оның ішінде  армияны тәртіп орнатуға, террорлық, узурпаторлық-сепаратистік пиғылдағы топтарға қарсы күресуге алып шықпаған, қазіргі президенттен емес, кейін «мен 2019 жылдан бері зейнеткермін» деп жалтарған ақсақалдан пәрмен күткен басшылықтың «қосүрейлігін» қалай түсінеміз? Шамасы, «билікті басып алу» сценарийінің бір эпизоды солай болуы керек шығар… Қорғаныс министрі қызметіне қайта тағайындалған Бектенов санаулы күндерден соң Президент Жарлығымен қайтадан жылы орнын суытты. Себеп: – күрделі кезеңде командирлік міндетін дұрыс атқара алмады… Мүмкін, адал атқара алмады ма? Соғыс жағдайында директиваға сай әрекет етпеген, міндетін дұрыс орындамаған командирлерді «Отанды сатты» деп айыптап, жазаға тартқан, тіпті әскери соттың жедел үкімімен атып тастаған! Еліміздің Қарулы Күштері Бас Қолбасшысының маңайына топтаса алмаған ол қандай армия сонда? Бейімбет Майлиннің  «Охрана нәшандігі» Құрымбай айтқандай: «Сабатаж! Сабатаж!»

Күрделі мезетте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы күштерін еліміз аумағына енгізуге тәуекел еткенін енді түсінген боларсыздар. Жол-жөнекей ҰҚШҰ – ның шежіресін тарқата кетейін. Халықаралақ әскери-саяси ұйым 2002 жылы құрылып, Шарт 2003 жылы 18 қыркүйекте күшіне енді. Оған мүше – мемлекеттер – Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Тәжікстан. Басым бағыттары: – жаңа трансұлттық айбаттар мен қауіптерге қарсы тұру, орын алып отырған немесе ықтимал аймақтық немесе шағын қақтығыстардың алдын алу, шешімін табу; халықаралық терроризммен, агрессивті экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен, ұйымдасқан қылмыспен, жаппай қырып-жою қаруын таратумен күрес.

Ұйымның әскери контингенті жекелеген майда-шүйде шараларға елеусіз қатысқаны болмаса, кешегі күнге дейін пәлендей көзге түсе қоймады. Тіпті ондай қажеттілік туындамаған да шығар? Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен мүше-мемлекеттің аумағына енуі олардың практикасындағы алғашқы жағдай. Менің Сәпен Аңсат ағам қауіп еткендей, Ресей жасағы жағдайды пайдаланып немесе сыныққа сылтау тауып, осында біржолата тұрақтап қалуды ойлаған да жоқ он, күн ішінде қарулас әріптестерімен ынтымақтасып, Ұйым Кеңесі ұсынған нақты міндеттерді адал атқарды. Тағы да, кейбіреулер «қауып» айтқандай, бес елдің берен құрамасы басы бейбіт басталып, террористердің арандатуымен аяғы ойран-ботқаға айналған шеруге қарсы оқ жүгірткен жоқ. Алматы әуежайын лаңкестерден арылтып, бақылауға алды, әлеуметтік мемлекеттік маңызды нысандарды қорғады, морадерлік талапайдың жолын кесті, шет елдерден келген жалдамалы терродистерді ауыздақтады. Астанамыздағы Министрліктер Үйін, Президент резиденциясын, тағы басқа құрылымдарды күзетті. Қысқасы, олардың келуімен елдегі дүрбелең ахуал біршама саябырсыды. ҰҚШҰ-ның контингенті алғашқы әскери емтиханды жақсы тапсырды. Миссия орындалды! Дүние демін тартып күткендей, бір кезгі Югославиядағыдай, қырық пышақ қантөгіске жол берілмеді. «Түрлі-түсті революциялар» сценарийлерінің сыртқы авторлары, бейбіт шеруге шығушыларды көзсіз қатыстыра отырып билікті басып алуға ұмтылған ұрымтал топтар (өзіміздікі, Мәсімов жалғыз емес!) оқиғаның басқа бағытта өрбитінін, 82 жастағы ақсақалдың аузына жалтақтаған оқалы иіндердің армияны бейтараптандыру әрекетінен түк шықпайтынын ойламапты. Салымды саясаткер Қ.Тоқаев сабаздарға сан соқтырып кетті. Кім біледі, хаос жағдайындағы қақтығыс одан әрі өршіп, бой бермей, тәртіп орнатуға шақырылған әскеріміз кенеттен «халықтың жағына шығып кетсе», конституциялық биліктің күйреуі мүмкін ғой. Біз мұны ойдан шығарып отырғанымыз жоқ, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Чилиде Сальвадор Аленьденің үкіметі осылай құлатылған. Берідегі Ливия, Мысыр оқиғаларының формалары да соған ұқсастау. «Форма да – мазмұн сияқты» дейді әйгілі ақын Е.Евтушенко. Қалай десек те, біздің генералдар қарекетін «ГКЧП» кезіндегі маршал Д. Язовтың азаматтығымен салыстыра алмайсың. Ол Мәскеуге баса көктеп кіріп келіп, хунтаға қарсы шыққан ельциншілерге оқ атуға дайындалған бронетанк әскерлерін горнизондарға қайтарды. Ертең «ГКЧП»-ға қатысқаны үшін ауыр айыпқа тартылатынын біліп тұрса да! Мемлекетшіл тұлға Тимофеевичтей болу керек!

«Қанды қаңтардың» қыртыстары бүгін жазыла бастады, «саботажшылар» да анықталып жатыр. Бірі қызметінен түсіп, бірі жауапқа тартылып… дегендей. Бір өкініштісі, іздестіру-зерттеу-тергеу процедурасының талаптарына сәйкес, біз әзірге олардың аты-жөндерін білмейміз. Бірақ күндердің күнінде міндетті түрде білетін боламыз! «Қой терісін жамылған қасқырлар» Мәсімовтің мекемесінде ғана емес, басқа да мемлекеттік немесе квазимемлекеттік салаларда, тіпті армияда да болуы ықтимал. Станиславский айтқандай, «сахнадағы ілулі мылтық әйтеуір бір атылуы тиіс». Елімізді әбден сорға батырған кешегі биліктің құйыршықтары әлі де жұмсақ креслоларына жарқанаттай жабысып алған. Әрі – сәрі… Екінші президенттін дәргейіне біржолата көшіп алайын десе, қолтығына жастықты емес, қап-қап компроматтарды қысып жатқан Қожайын, өзі айтқандай, «бастарын жұлып тастайды». Біздің заманда «сезікті секір… мейді» екен, мемлекет басшысы өткізген кешегі жиында солардың көбісі түк болмағандай маңдайы жарқырап алдыңғы қатарларда отырды. Демек, қауіп сейілген жоқ!

Сақ болғанымыз жөн. Ол үшін бізде, санының қаншалықты екені соншалықты маңызды емес, «үш жүз спарталықтың» жүрегіндей жүрегі, білегіндей білегі бар, тамырында қазақтың қаны тулаған, бұлшық еті қатып-пісіп қунаған, намысын нартқа суарған, қолына көкшіл ту алған, Қабанбайларды пір тұтқан, дұшпанын көрсе ынтыққан, семсері желге суынған, бес қаруын буынған  армия болуы керек! Кешелі-бүгінгі бұқпантай түрімізбен, оқ-дәрінің иісін айыра алмайтын Д. Ахметов, И. Тасмағамбетов, С. Ахметов  басқарған қарулы күшімізбен қай ұшпаққа шықтық екен? Айтпақшы, Қорғаныс министрлігінің тізгінін ұстаған Әділбек Жақсыбековтің негізгі мамандығы киногер-экономист, кәсібі – өндіруші-саудагер. Мемлекеттік қызметтің маңдайалды кабинеттерін түгендеп тауысқан ол баяғы армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовтың орынтағында қорықпай-ақ, қысылмай-ақ бес жыл отырды. Не бітіргенін сайтан білсін! Менің білетінім – «Афалиннің секірісі», «Оберон бүлігі» сияқты «боевик» фильмдердің сценарийін жазып, қорғаныс саласын нығайтуға з-о-о-о-р үлес қосқаны.

Кәсіпкерлермен кездесу өткізген  Президентіміз Қ. Тоқаев: «Қаңтар оқиғасы бізге үлкен сабақ болды. Қазақстан дамудың жаңа жолына түсті» деп мәлімдеді. Бір серпіліп қалдық. Бұл жолы туннельдің түбінен көрінген жарық тепловоздың шамы емес енді! Демек, жаңа жолдың Қорғаныс министрлігінің үстімен өтетіні анық. Қапы қалмайық, Қарулы Күштерімізді заманауи талаптарға лайық жасандырайық, жабдықтайық, нығайтайық! Басымыздан бұлдырық та байқап ұшатын болсын! Ұзын сөздің қысқасы – осы.

… Айтпақшы, Қорғаныс министрлігінің басына жаңа басшы келді: Руслан Фатихұлы Жақсылықов. Таяқтай генерал – лейтенант «Күрең береттің» иесі көрінеді…

 

Соғуға әзір ертерек алақанды,

Күрең күзде «санаймыз балапанды»…

Шаһизада Әбдікәрімов,  ақын «Құрмет» орденінің иегері