Back

Ашу-ыза мен кекке құрылған қоғамда болашақ жоқ

Қаңтар  оқиғасы саяси-экономикалық  және әлеуметтік  тұрғыдан  қоғамның  әлсіз қалғанын  көрсетіп берді.  Мемлекеттің  негізін шайқалтатын, еліміздің тәуелсіздігіне  қауіп төндіретін мұндай жағдайды  болдырмау  үшін не істеу керектігі баршамызды  толғандыруы тиіс.

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында  еліміздің өз  тәуелсіздігіне  қол жеткізуі – халқымыздың тарихи дамуының беталысын айқындайтын  маңызды  оқиғаға толы  болды.  Еліміз өз тәуелсіздігін жариялай  отырып,  адамзаттың өркениеттік  дамуының бірден-бір  сара  жолы іспетті демократиялық  саяси жүйеге бағыт ұстанды. Мұның  өзі  бұған дейін  әлеуметке қызмет атқарып келген  саяси, экономикалық, рухани  салалардағы  түбірлі  өзгерістерді  қажет ететіндігі белгілі еді. Бірақ оның  жүргізілуінде  тұрлаулылық  болмады.

Адамның жаратылысына ізгілік пен  зұлымдық  бірге  егілген. Ал, соның  қайсысы  алдымен  көрінеді, ол – адамды қоршаған  ортаға, адамның  тағдырына, санасына байланысты. Біреудің тағдырын шешу қолына тиген  адам санасыз, жігерсіз болса, адамгершілік  заңдары  аяққа тапталады. Мұндайда Құдай берген жанды сол құдай емес, басқа біреу  алған болып  шығады.

Бүгінде  адамгершілік  қағидалары  елде қандай  билік  тұрғанына байланысты емес. Олар заңдылықтың  бұзылуы мен  талаптың өсуі және оның    шеңберінен шекті  мөлшерде  шығып кетуіне  байланысты.  Халық, норма мен  нақты жағдайдың ара-жігі алшақтап кетуіне наразы. Оны Президент өз  сөзінде  жан-жақты  айтып та  берді. Қаңтар  оқиғасы жаңа шындықтың  бетін ашып берді.  30 жыл іштей  шіріппіз. Ол ісініп, қанды  іріңі  сыртқа  шықты.  Ол жолындағысын сүріп тастауға  талпынып,  алас  ұрды.  Жалпы, адамзаттық құндылықтарға  біріктірілген мәдениетімізге  нұқсан  келтірілді.  Тәуелсіздік жылдарында үлкен қиындықпен өркендеген демократиямыз   нығая бергенде, оған  өлім қаупі төнді. Қаңтар оқиғасының негізгі сабақтары  су бетіне  қалқып шықты.

Қоғамда  өкпелі  жұрт  көп.   Егер оны  ашу-ыза мен  кекке  айналдырып  алсақ,  бізге  болашақ  жоқ.  Бірақ  ақылды  адам пенделік  эгоизмге  құл  бола қоймайды. Ондай  болған сәтте  мемлекетті, елді  жоғалтамыз.  Сондықтан  бүгінгі  күннің  түсі мен мінезін түсініп,  құлқымызды сәл тия  тұрып,  дүрлікпегеніміз  абзал.  Егер   кешегі  дүрбелеңге  халық жаппай қосылып  кеткенде не болар  еді?! Бірақ  халық  оларға  ермеді, сабыр  сақтады. Соның  арқасында  қоғамда  деструкциялық құбылыстарға  жол  берілмеді. Бұл неден  шықты? Жас ұрпақтың  болашағына деген сенімінің жоқтығынан,  маман ретінде лайықты  жұмыс таба алмауынан,  қоғамда қайшылықтарды тудырды.  Адамдардың  пікір қайшылығы,  бірін-бірі түсіне алмауы да осының салдары.  Бір-бірінен алшақ әлеуметтік  топтардың болуы, әлеумет, байлық, мүмкіндіктер тұрғысынан  осының барлығының  түп-тамыры   әділетті  бөлінбеуінен туындады. 

Мемлекеттің  сипаты басшының  еркі мен мінезіне  байланысты  болады. Қаңтар  оқиғасынан  кейін  Президент  бар  билікті  өз  қолына  алды. Билікте  дуумвират  жоқ. Мемлекет  басшысы халық  үнінің  салмағын  үнсіздік  бұзылған  кезде  анық  естіді. Еліміздің  басындағы  қордаланып  шешілмей  қалған  мәселелердің  түпкі  салдарын  түсінді.   Өркениетті  елдердің демократиясыз өмір сүре алмайтыны  талассыз шындық.  Алайда,  әлемдегі  мейманасы  тасып  отырған  елдердің  өзі  демократияға бірден  өтіп  кете  қойған жоқ.  Демек,  қоғамды саяси, экономикалық  жағынан  эволюциялық жолмен  модерзациялау бірер  жылдың бедеріндегі шаруа емес. Әлемдегі ең дамыған  өркениетті ел саналатын   Германия   демократиялық  қоғам  орнату  үшін авторитарлық билікке  арқау сүйей  отырып, жарты ғасырлық өмір жолдарынан  өткен.

Қазақстан  Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаев  Мемлекет  басшысы болып сайланғаннан бастап, өзінің басты  ұстанымы  әділеттілік екенін, онсыз  қоғам ешқашан  дамымайтынын айтып  келеді.  «Әділеттілік салтанат  құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Сондықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан басқа тура жол жоқ. Қоғам әділеттілік салтанат құрғанда ғана жаңарады, дамиды. Қоғамда болып жатқан барлық келеңсіз жағдайлар: сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлердің табыстарының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей және әділ бөлінбеуі, азаматтардың құқықтарының қорғалмауы, қолданыстағы заңдардың толыққанды орындалмауы биліктің жүргізген саясатының әділеттілігіне байланысты. Сондықтан да басты мәселе – қазақ қоғамының әділетті жолмен дамуында жатыр.

Тәуелсіз еліміздің тұғырының биіктігі, мызғымастығы қоғамдағы әділеттілік деңгейімен өлшенеді. Еліміздің алға дамуы үшін келісім мен ынтымақ, ауызбіршілік керек екені бәрімізге аян болса, ол тек әділеттілік бар жерде ғана болады. Әділеттілік – тәуелсіздіктің темірқазығы. Әділетсіздік белең алған кез келген қоғам тығырыққа тіреледі, тоқырауға ұшырайды, ел тәуелсіздігіне қауіп төнеді, мемлекеттілігімізге деген сенім төмендейді, билікке қарсы  наразылықтар күшейеді. Кеше ғана елімізде болған трагедия соның айқын дәлелі. Соңдықтан да әділетсіздікпен аяусыз күресу біздің басты міндетіміз болуы керек. Бұл тарихтағы алғашқы оқиға емес. Көптеген  елдер осы жолдан өткен. Солардың бірі – Малайзия  мемлекеті.

Малайзия – Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан мемлекеттердің локомотиві. Өткен ғасырдың  70-ші жылдары  осы елде де  халық  көтерілісі  орын алды.  Оны малай  халқының  зиялы  топтары  ұйымдастырды. Елдің экономикалық ұлы секірістері мен есеп-қисапқа деген табанды көзқарасы батыс әлемінің зәресін талай алса да, олар еркін рынок пен шетел инвестициясына сенімділікпен қарайтынын жасырмады. Халық үкіметтен  Малайзияны кедей ел қатарынан жоғары дамыған елдер қатарына енгізуге батыл қадамдар жасауды талап  етті. Сол талап  негізінде Малайзия дамымаған ел санатынан жоғары технологиялар әлеміне, заманауи байланыс жүйелері дамыған индустрия  алаңына үлкен секіріс жасады.  Малайзияның соңғы 40 жылдағы феноменальды қарқынды дамуы ел премьер-министрі Махатхир Мохамадтың есімімен тығыз байланысты. Ол Малайзияның динамикалық өсу және оны үшінші әлемнің жетекші елдерінің біріне айналдыру стратегиясының авторы және орындаушысына  айналды.

1969 жылы 13 мамырда ел астанасы Куала-Лумпурде малайлар мен қытайлықтардың арасында қанды қақтығыстарға жол берілді. Қытай ұлты өкілдерінің иелігіндегі  тұрғын үйлер, дүкендер өртеліп, қиратылды. Мұндай жағдайлар өзге қалаларда да орын алды. Елде төтенше жағдайлар енгізілгеніне қарамастан, қақтығыстар одан әрі өрши түсіп, оның соңы қытайлықтар мен үндістер және малайлықтар  арасында ұласып, өрши түседі. Осы оқиғадан кейін Махатхир Мохамад  “Малайзиялық ой-тұжырым” атты аты-шулы кітап жазды. Ол өз еңбегінде, малайлықтардың өмірден  артта қалу себептерін және оны қорғау үшін не істеу қажеттігін түсіндіріп, бұл жолдағы үкіметтің іс-қимылын сынға алды. Қоғамда  үлкен сілкініс тудырған бұл кітап  “ұлтшылдыққа” сайып, оның еркін айналымда таралуына қатаң тыйым салынды.  Ол өз сөзінде: “Малайзия – экономикалық секірістің табалдырығында тұр. Біз әлемді өзімізді құрметтеуге мәжбүр етеміз, ал малайлықтар өздерін-өздері сыйлауға тиіс”, -деді.

Дағдарыс жағдайынан шығарудың шебері атанған Махатхир өзінің алғашқы жұмыс күнін тәртіптен бастады. Малайлықтардың күнделікті өміріндегі “әйтеуір, өлмесек  көрерміз” деген  қасаң тұжырымының санадан өшуін қатаң ескертті. Шенеуніктердің ертеңгісін сағат 8-де жұмыс орындарында болуын, тіпті  министрлердің өзі жұмысқа нешеде келіп, нешеде кетуі тіркелуі міндетті саналды.

1970 жылдардан бастап, Малайзия қоғамның барлық маңызды салаларын елдің ұлттық байлығымен қамтамасыз ету мақсатында экономика белсенді түрде қайта құрыла бастады.   Осыған сай, 1970  жылы  Жаңа  экономикалық саясат   пайда болды. 1990 жылы ол Ұлттық даму саясатына  ауыстырылды. Ұлттық даму саясаты халықтың әртүрлі топтарының әл-ауқатын  зерттей  келе, ол  одан әрі экономикалық  теңгерімдеуге, санға емес, сапаға мән беруге бағытталды.

Жекешелендіру саясаты жергілікті халықтың жалпы топтарын  оған  белсенді тартуға әкелді. Соның  арқасында  ірі бизнес  гүлденіп шыға келді.

Жаңа саясат тек билік басындағылардың туыстары мен солардың жақындарына ғана тиімді екенін айтып, оның ішкі мәніне  ой тастамады.  Барлық есептер бойынша, Малайзия билігі бизнеске ашықтық  жариялады.

Жемқорлыққа қатысы бар   шенеуніктер мен саясаткерлер сотталып, олар заң бойынша қатаң жазаланды. Әйтсе де, Малайзиядағы сыбайлас жемқорлық бұрын-соңды экономикалық инвестициялық процестің дамуына кедергі болатындай ауқымда болған жоқ немесе олар қажетті рұқсаттарды қолайлы мерзімде және көп қағазбастылықсыз ала алатынын жақсы білді. Шын мәнінде, Малайзияның жоғары экономикалық өсу қарқыны сыбайлас жемқорлықтың төмен деңгейінің ең жақсы көрсеткіші болып табылды. Өйткені сыбайлас жемқорлық кең таралған елдердің  дамуы мен оған инвестициялардың  түсу қарқынының  өте төмендігін көрсетіп  берді.  Егер ол әлсіреген жағдайда  үкімет жемқорлық  уытына  ұшырап,  протекционизм болып шығар еді. Жемқорлық пен протекционизм өркендеген жерде компания активтерінің тегін акциялары таңдаулы субъектілерге берілетінін билік жақсы түсінді.  Сондықтан  Малайзияда жағдай мүлде басқаша  сипат  алды.   Соның  арқасында  Малайзия экономикасы әлемнің кез келген елімен жекелеген салалар бойынша бәсекеге түсе алды. Күні кешеге дейін Малайзияның ұлттық экономикасының 80 пайызын ауыл шаруашылығы құраса, небәрі 20 пайызын өнеркәсіп өндірісі құрап келген еді. Премьер осы екі саланың орнын ауыстырып, экономикалық үлкен секірістерге жол ашты.

Шындығына сайсақ, Малайзияда кәсіпкерлікпен, негізінен, қытай ұлтының өкілдері айналысты, елдің бар байлығы солардың игілігінде болды. Олар әбден байыды, алайда, ел мүддесі үшін қызмет етпеді. Елдің 60 пайызын мұсылман халқы құрайтын Малайзияда бір сілкініс қажет болды. Мұндай сілкініс болды да. Нәтижесінде ұлттық келісім мен үйлесім салтанат құрып, жаңа бір ортақ тұжырым қалыптасты. Халықтың сана-сезімін оятып, рухын көтеру жолында арнайы бағдарлама жасалды. Сөйтіп, ұлттық рухани менталитетке революция жасалды. Бұл ең басты қағида еді. Егер Малайзия қоғамында жалт еткен жаңалық болса, ол – менталитетке жасалған революцияның жемісіне санайды. Қазақстан  Президентінің  барлық  тұжырымдары  осыған  саяды. Ол айналасы 2-3 жылда  өз  жемісін  беретін  болады.

Малайзия дәстүрінде үлкен орын алған  “Готонг – ройонг “ – бірге өмір сүріп, бірге жұмыс істеу, барлық жағдайда бірімізге-біріміз көмектесу” ұраны да салауатты қоғам орнатуда өз ықпалын тигізді. Бұл ұран қоғамның байыған топтарын өзгелерге, халықтың аз қамтамасыз етілген топтарына бұру ниетінен туындаған. Ұран қоғамның барлық саласында қолдау тауып, іс жүзінде орындалып келеді. Мысалы, белгілі бір кәсіпкер – өз ісін үйретіп, нақты бір жолға салғанша бірнеше адамды баулып шығаруы тиіс. Бұл еңбегі үшін оларға мемлекеттен қаржы берілмейді немесе қызмет саласында артықшылықтар жасалмайды. Міне, бізге осы үлгі  ауадай қажет. Президент  бізден  осыны  талап  етіп  отыр.

Ермек Жұмахметұлы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстанның құрметті журналисі