Cоңғы жаңалықтар
Back

Тайжанның сөзін бұрмалау кімге керек болды?

Түсінгенім, танымал тұлғалардың жазбасына сілтеме жасарда сақ болу керек.

Қателеспесем, түнеукүнгі Сберге қатысты Мұхтар Тайжанның постын алдымен Ulysmedia.kz көшіріп басты. Тайжанның атынан “Сбер-мен ат-құйрығын үзістік” деген сыңайда ақпарат таратты-ау.

Ulysmedia-ның бюджетімен Тайжанға копипаст жасағанша, министр Мусинге тікелей шықса болар еді. Біз секілді қоңды құрылтайшысы жоқ, өз күнін өзі көрген сайт болса бір жөн.

Мәселе мұнда емес, Ulusmedia-ға соқтығып отырғандай көрінбейін. Әйтсе де жазбаның түп өзегіне үңілмеудің салдары жұртты адастыруға ұрындырды. Әрі қарай әлгі ақпараты әлемжелідегі жұрт қағып әкетті.
Ақпараттың түп қайнары – Тайжанның парақшасы деп тұр. Айналып келгенде Мұқаң крайний болып қалды.
Мұхтар Тайжанның жазбасын жаңсақ түсінген жұрт кімді жазғырарын білмей сеңдей соғылысты. Бұл тұста Ulysmedia-ға сілтеме жасаған, тағы бірнеше сайт әлгі ақпаратты атойлатып, жариялап жіберді.

Негізінде Тайжанның аузынан “Біздің eGov ресейлік “Сберге” берілмейтін болды” деген сөз шықты ма? Жоқ.
Оның жазбасын шала оқымаған секілді едім.

“Сбербанк не будет заниматься дальнейшей цифровизацией Казахстана”. “Дальнейшей!” деп тұр.

Демек, бұл жолғы цифрландыруды “мейлің тіріл, мейлің өл” Сбер бастап, Сбер аяқтайды. Біздің билік Egov-тың орнын алмастырар жаңа плафторманың сұлбасын сатып алады Сберден.

“Әрі қарай бұл мәселемен тек қазақстандық IT компаниялар шұғылданады. Елдің бұл бағыттағы саясатына ресейлік компаниялар тұмсық тықпайтын болады. Қазақстан азаматтарының жеке дерегі сыртқа тарамайды.
Сонымен қатар, 500 млн доллар төңірегіндегі қаржы да ішінара ел ішінде қалмақ”.

Тайжан сөй деген секілді еді. Әлде жер дауы, пияз дауында кегі кеткендер мұндай сәтті мүлт жібермейін деді ме? Бұл енді бөлек әңгіме…

Ал Мусинге қарасты министрлік жұртқа едел-жедел ақпарат таратып үйренгені жөн-ау. Соның өзі Сбердің төңірегіндегі талқылауды адекватты арнаға бағыттауға сеп болар ма еді.

Мәселе министрліктің шешімін ақтап, мақтауда емес, шынайы, ұдайы ақпарат таратуға тіреліп тұр дәл қазір!

Шыны керек, сарапшыға кенде емеспіз. Ресейдің репутациясын әркім біледі.

“Сбермен ауыз жаласпау керек. Мұның аржағында Кремльдің сумақай саясаты тұр…” деп талай спикерді сөйлеттік.

Айналып келгенде әңгіменің түйіні соған тіреледі.

Ал осы төңіректегі ақпаратқа зәруміз. Ал әлгі жазбаны апыл-ғұпыл көшіріп, тақырыбын айғайлатып қойған сайттар елдің алдында айыпты.

Думан БЫҚАЙ

Автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Тағы оқыңыз:

Биыт Түркістан облысынан Солтүстік өңірлерге 400-ге жуық отбасы қоныс аударған