Cоңғы жаңалықтар
Back

Жұмыссыздықпен күрес радикалды ағымдардың тамырына балта шабады – сарапшы

Бұған дейін Dalanews.kz биылғы жылдың алғашқы ширегінде әлемжелідегі деструктивті діни пабликтерге кіріп кеткен жүздеген азаматтың тағдыры жайында жазған еді. 

Ақпарат министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің дерегінше алғашқы 6 айда осындай радикалды пабликтерге тіркелген 85 мыңға жуық азамат райынан қайтып, олармен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде ел ішіне іріткі салатын топтардан шыққан.

Бұған дейін біздің порталға пікір білдірген Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мекеме мамандарының радикалды контентпен күресті ұдайы жүргізетінін мәлімдеген еді.

Оның айтуынша осы күнге дейін интернет кеңістігінде лаңкестердің идеологиясын насихаттаумен айналысқан 80 мыңға жуық экстремистік мәндегі мақаланың көзі жойылып, 300-ге тарта сайт біржолата бұғатталған.

Ал әлеуметтік желінің негізгі аудиториясы кім? Әрине, жастар. Аталған аудитория радикалды діни ағымдардың астамшыл саясатына төтеп беру үшін – жастардың діни сауатын арттыру актуалды мәселе.

Осыған орай Dalanewz.kz-ке пікір білдірген белгілі дінтанушы Сұлтангелді Сәриев кейбір жастардың неліктен радикалды бағыттағы контентке үйір келетінін түсіндірген еді.

Оның айтуынша мұндай идеологияның өкілдері тұрмыстан қысылған, жоқшылықтан қажыған жастарға ауыз салады.

“Түптеп келгенде, мәселе жастардың жұмыспен қамтылуына тіреліп тұр. 19-бен 30-дың арасындағы жастардың қанша пайызы жұмыссыз? Бұған қатысты статистика қоғамдағы шынайы жағдайды көрсете алмай отыр. Екі қолға бір күре таба алмай сенделіп жүрген жастарымыз қаншама! Радикалды топтар бірінші кезекте осындай аудиторияны қақпанына түсіруге тырысады. Үйіп-төгіп уәде беріп, егер осы ағымның құндылықтарын қабылдар болса тұрмысының түзелерін айтып, басын айналдырады.

Адамды иландыру үшін Құран және хадистерді тілге тиек етіп, әлі де болса бұғанасы бекімеген жастың сеніміне кіреді. Ашығын айтқанда, радикалды ағымдардың арбауына түскен іні-қарындастарды қоғамға қайта бейімдеу ауырға соғатын іс. Себебі, уытты уағыз қан-тамырына араласып кеткен, ұстазы нені бұйырса, соны бұлжытпай орындауға сақадай-сай тұрады…”, – дейді дінтанушы.

Сарапшы сайт тілшісіне өзі куә болған жайтты да баяндап берген.

“30-дың үстіндегі әйелі, бала-шағасы бар азамат ұл-қызын мектепке беруге қарсы шықты бір жылдары. Ән сабағына қатысуға мүлде тыйым салды. Тіпті, мемлекеттік гимнді орындау мен қолды кеуде қоюды дінге қайшы деп дау көтерді. Мұндай отбасыдан шыққан адам бала жасынан психологиялық соққыға ұшырайды. Отбасында алған тәрбие санасына сіңіп қалады.

Айналып келгенде, бұл діни сауатсыздықтың көрінісі. Әлемжелідегі деструктивті пабликтердің контентін қорытпай, талғаусыз қабылдай бергеннің нәтижесі. Бәрінен бұрын адасқан ата-ананың мектеп жасындағы балаларына обал”, – дейді Сұлтангелді Сәриев.

Біздің бұл мәселені көтергеніміз бекер емес. Күні кеше Дін істері комитетінің мұрындық болуымен діни сауатын арттырғысы келетін, дін саласында оқып-тоқып жүрген жастармен діни проблемалар төңірегінде талқы құратын “YZ Club” дискуссиялық клубы ашылды.

Бұл діни бағытта жас аудиториямен диалог құру мәселесі мемлекетті де мазалап отырғанын көрсетеді. Сөй деген комитет басшысы Ержан Нүкежанов клубтың ашылуынан бөлек, дін саласындағы тағы бір өзекті мәселені сөз етті. Оның айтуынша дінді танып, білгісі келетін жастардың қатары артқан сайын дін саласында сауатты үгіт-насихат жүргізе алатын мамандарға сұраныс артады.

“Әлбетте, бұл мәселе бір-екі жылдың ішінде шешілетін шаруа емес. Әйтсе де кадр тапшылығын туындатпауға күш салудамыз. Жыл сайын исламтану, дінтану негіздерін оқып тауысқан 500-ге жуық маман әзірленіп, еліміздегі діни орталықтар мен басқа да ұйымдарға жұмысқа орналасуда”, – дейді ол.

Осынау клубтың ашылуына ұйытқы болған комитет бұдан былай жас аудиториямен тұрақты байланыс орнатуды жоспарлап отыр. Бұған осынау ұйым өзіндік өткел болмақ.

Клубтың отырысында қандай мәселелер көтеріледі? Дін саласындағы өткір, өзекті мәселелер ашық айтыла ма? Сайтымыздың тілшісі комитет төрағасына дәл осы сауалды қойған еді.

Нүкежановтың нақтылап өткеніндей “YZ Club” дискуссиялық клубының құрылудағы мақсаты – дін саласындағы қаны сорғалап тұрған мәселелерді ашық талқылау. Әсіресе, діни сауатын арттырғысы келетін жастар осы клубтың отырыстарына қатысып, көкейіндегі дүниені ортаға сала алады.

“Айналып келгенде барлығы контент  мәселесіне тіреліп тұр. Ақпаратты әлемжеліден, интернет кеңістігінен алатын жастарға дінге қатысты толыққанды мағлұмат беруге міндеттіміз. Діни сауаты жоғары жас азамат әлеуметтік желідегі алып-қашпа әңгімелерге, діннің төңірегінде теріс идеологияға алданып қалмайды. Барлығын талғам таразысына салады”, – дейді ол.

Дін комитеті жастарға арналған дисскуссиялық клубтан бөлек, ғаламтор кеңістігінде де белсенді жұмыс жүргізуге көшпек. Нүркежановтың атап өткеніндей, осы мақсатта халық тарапынан түсетін түрлі сауалдарға дер кезінде жауап беретін “Елге қызмет маңызды міндет” атты жобаның тұсауы кесілген.

Жобаның ерекшелігі неде десеңіз, дін мамандары әлемжелідегі түрлі плафтормаларға тіркеліп, тікелей эфирде діннің төңірегіндегі мәселелерді сөз етеді, көпшілікті алаңдатып отырған мәселелерге жауап беруге тырысады.

Анықтама: 

Клубтың атауындағы бастапқы екі әріп жастардың жас айырмашылығын білдіреді. Y белгісі 1980-1998 жылдар аралығында өмірге келген буын, ал Z әрпі 1998-2016 жылдары дүние есігін ашқан ұрпақтың таңбасы.