Cоңғы жаңалықтар
Back

Жат ағымға қарсы иммунитет: Рухани тәрбиенің адам өміріндегі маңызы

Жат ағымға еріп кететін адамдардың негізгі проблемасы неде?- деген сұрақты қойып көрмеген жан жоқ шығар. Осы мәселені түп-тамырынан іздеп көруге тырыстық. Бала кезде алатын тәрбиенің, үлкен өмірде тиетін пайдасы мен зияны қандай? Жас ұрпаққа рухани тәрбие беру дегеніміз не? Қанша жастан бастап балаға дін туралы айту керек?

Осы және өзге сұрағымызға  елордалық Діндерді зерттеу орталығының дінтанушы маманы Олег Синяков жауап берді. 

Мектепте берілетін білімге қоса, көптеген қазақстандық отбасылар үшін баланың рухани тәрбие алуы,  бағыт көрсету маңызды болып қала береді. Өйткені, бала өзінің даралығын сақтай отырып, аға буыннан дәстүрлі танымды игере білгенде ғана дамуы бірізді, жаңашыл әрі орта буынды алмастыра алатын, тұлға болып қалыптасады.

Алайда, «дұрыс тәрбиелеу керек»- деген жәй сөзбен ғана шектелу көп кездеседі.  Іс жүзінде көріне бермейді. Ата-аналар арасында «тәрбиені беру» көрсеткішінің әртүрлі бағаланатын ескеруге тиіспіз. Мысалы, бір ата-аналар үшін, балаларының үстінде киімінің түгел болуы, тамағының тоқ болуы көрсекіш болса, басқа ата-ана үшін баланың алуан түрлі білім алуы тәрбиенің  негізгі көрсеткіші деп есептеледі.

Осы жерде бала өміріне әсері зор, рухани тыныс тіршіліктің қалыптасу маңыздылығын ата-аналар ұмыт қалдырып жатады. 

Шындығында, рухани тәрбие беру – дамып келе жатқан жас ұрпаққа ең керек дүние. Рухани кемелдеуге бағыт алған адамда, өзінің ішкі «мені» қалыптасады, бұл өз кезегінде өзге таным-түсініктерді сараптай алуға үлкен мүмкіндік береді.

Егер де, ата-аналар бала дүниетанымының іргетасын дұрыс қалауға мейлінше көп күш салса, қоғамда саналы шешімге келушілер қатары көп болар еді. Олай болмаған жағдайда, болашақта сөзі мен ісі сай келетін  азаматтың орнына, жат ортаның мүддесін қорғап, отанына опаздық жасаудан тайынбайтын ұрпақ тәрбиелеп алу қаупі жоғары.

Бұл нәрсеге қалай жол бермеу керек? Рухани тәрбие беру деп нені айтамыз? Отбасы – бала өмірінің қалыптасуындағы алтын ұясы. Біріншіден, ата-аналар өздерінің көзқарастары мен сенімін балаға тықпалай берудің қажеті жоқ. Бала тәрбиесіндегі кез-келген дүниені сүйіспеншілікпен, ерекше ықыласпен тәрбие берсе, Ондай тәрбие адамның болашақта өз бетінше шешім қабылдай білу мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар, діни сенім мен таным түсінігіне келгенде, кез-келген дінге деген толерантты көзқарасты қалыптастыру бүгінгі заманның талабы. Кез-келген діннің негізінде – жақсылыққа ұмтылыс пен адамгершілікке шақыру болатынын жеткізе білу. Сонымен қатар, өздерінің саяси немесе коммерциялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін адам бойына соқыр сенім, фанатизм, зорлық – зомбылық, өшпенділік сіңіріп, дін атын жамылған ағымдардан бойды аулақ ұстау үшін, олардың қандай болатындығы жөнінде де ақпарат беру керек.

Балаға дін аясында не білуі керектігін және діни ақпараттарды қабылдауға қай жаста дайын болатынын әрбір отбасы өздері шешеді. Үйде ата-анасы ислам дінін ұстанып, діни рәсімдерді жасайтын болса, ол отбасындаға балалардың ислам дінін ұстанушы болатындығы сөзсіз. Бұл өзге діни сенімдегі отбасыларда да орын алуы мүмкін құбылыс.  Өскен ортаның  ұстанымын қабылдау ең жиі кездесетін практика. 

Алайда, діндар адамдар елімізде көп емес. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің деректері бойынша, бүгінгі таңда елімізде діндарлар шамамен 15%.

Біздің қоғамда атеистер мен агностиктердің, ешқандай діни тұжырымдаманы қабылдамайтын, балаларын зайырлы және анти-мистикалық жолмен тәрбиелейтін ғылыми ой-пікірдегі адамдардың пайызы жоғары. 

Біз қалаймыз ба, жоқ па, бірақ діни мейрамдар мен дәстүрлер біздің қоғамның бір бөлшегі. Кейде біз діни рәсімдерді инерция арқылы қалай орындайтынымызды да байқамаймыз. Сіз атеист немесе агностик болсаңыз да, діни мейрамдар туралы балаға түсіндіру керек. Құрбан айт, Рождество немесе Пасха мерекелері не үшін тойланылады, оның мағынасы қандай, балаға оны айту маңызды. Бұндай ақпарат, өскелең ұрпаққа ешқандай зиянын тигізбейді. Керсінше, баланың таным көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді.

Ақпаратты барынша ата-анасынан естіп өскен дұрыс. Себебі, қазіргі таңда, әлеуметтік желілерде ақпарат ағынын ұстап тұру мүмкін емес. Кейбір ата-аналар балаларына теледидар көрсетпей, мемлекеттік маңызы бар мерекелерді тойлауға қарсылық білдіріп, қазіргі таңда өздерінің діни ұстанымдары үшін екпе салдыруға да рұқсат етпейтіндерді кездестіріп жатамыз. Бұл да өз кезегінде адасушылыққа алып келетін факторлардың бірі. 

Көп ата-аналар балаларына дін туралы айтпайды. Кәмілеттік жасқа толып, үйінен жыраққа шыққан балада дін туралы түсінік толық қалыптаспаған. Әрине, осындай адамдар деструктивті немесе дәстүрлі емес діни ағым өкілдері үшін оңай олжа. Сондықтан, адамның алғашқы мектебі- ол үйі. Сөзімді қорытындылай келе, бала тәрбиелеуде белгілі бір формула жоқ. Бірақ, ата-ана бала үшін бағыт-бағдар көрсетуші болып табылады.