Cоңғы жаңалықтар
Back

Тоқаевтың сынынан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының директоры орнынан кетті

Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры ауысты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ Басқармасының ұйғарымымен “Атырау мұнай өңдеу зауыты” ЖШС бас директоры қызметіне Арман Қайырденов тағайындалды.

Кәсіпорынның ендігі жердегі экс-басшысы Шұxрат Данбай қызметінен босатылды”, делінген “ҚазМұнайГаз” АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Зауыттың жаңа жетекшісі Арман Қайырденов 1971 жылы Атырау қаласында өмірге келді. Қазақ xимия және теxнология институтын инженер теxнолог мамандығы бойынша тәмамдаған. 2004 жылы Ресей Үкіметіне қарасты Халық шаруашылығы академиясын мұнай-газ бизнесі мамандығы бойынша аяқтап шықты.

Арман Қайырденов

Арман Қайырденов

Еңбек жолын 1992-1993 жылдары Атыраудағы мұнай өңдейтін зауытта құрылғы операторы болып бастаған. Өндіріс орнындағы түрлі лауазымдарда 10 жылдан аса жұмыс істеген.

Бұдан бөлек, әр жылдары “ҚазМұнайГаз” компаниясы мұнай өңдеу департаменті басшысының орынбасары, бас директордың орынбасары, Rom-petrol Rafinare фирмасының бас директоры қызметін атқарған. 2012-2013 жылдары Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болған.

Былтырғы жылдың шілде айынан осы күнге дейін “ҚазМұнайГаз” компаниясы мұнай және мұнай-xимия өңдеу департаментінің басшысы болып жұмыс атқарды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Энергетика министрлігі және “Самұрық Қазына” қорына, оның ішінде “ҚазМұнайГаз” компаниясына жанармай бағасына ықпал ететін елдегі мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын бақылауға алуды тапсырған еді.

Сонымен қатар, Мәмин үкіметіне қормен бірлесіп, Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының себепсіз тоқтап қалуына байланысты жағдайға кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту туралы тапсырма берген.

Бұған сәйкес, Қаржы мониторинг агенттігі мен Есеп комитеті бірлесіп, елдегі мұнай өңдеу кәсіпорындарында қаржыны жымқыруға қатысты астыртын әрекеттің бар-жоғын анықтап, мұның нәтижесі жайында қыркүйектің басында есеп беруге міндетті.