Cоңғы жаңалықтар
Back

 Антальяға бара қалсаңыз

Анталья жағалауы күнделікті күйбең тіршілікті бір ұмытып, серпіліп, демалғанға таптырмас орын. Ақ теңіздің ақ толқынына тербеліп, тұзды суға сергіп алу жаныңа тыныштық сыйлап, тәніңе рахат сыйлайтын ғажап.

Алайда Анталья көпшілік ойлағандай тек қана теңіз бен жағалау, суға шомылу емес, ол сонымен бірге терең тарих ордасы. 

Антальядан 70 шақырым жерде ежелгі Сиде қаласы жатыр. Қала Б.з.д VІІ ғасырда салынған. Ежелгі грек қаласында өнер мен ғылым, мәдениет кеңінен етек жайып, өркендеген. Ескендір Зұлқарнайын дәуірін бастап кешіп, Рим империясының қол астына өткен замандарды көрген көне қала, бүгінде жыл сайын миллиондаған турист қабылдайтын орталыққа айналған. Қала Аполлон харамының көріністері әлі сақталып тұр. Туристер ол жерге келіп, суретке түскенді ұнатады. Ал қаланың жағажайы шомылу және кемемен қыдыру мақсатында ыңғайлы етіп жасалған. Қаланың жанында Рим театрының қирандыларын көруге болады. Сиде сан соғысты бастан кешіп, талай табиғи апаттың соққысына тап болған. Соған қарамастан екі мың жылдан астам тарихы бар қаланың келбеті әлі толық жойылмаған.

Антальядан 35 шақырым жерде көрсе көз тоймайтын әйгілі Аспендос қаласы жатыр. Аспендос театры жайлы сіз бәлкім естіген де шығарсыз. Аңыз бойынша қаланы трояндық соғыстан кейін Полипетус қалаған. Теңізден шабуылдауды болдырмау үшін қала теңіз жағалауынан 16 шақырым қашықтықта салынды. Ол Ликияның, Персияның, Афины теңіз одағының құрамына кірген еді.

Біздің дәуірімізге дейінгі 333 ж. парсылардан Александр Македонскийге өтті. Содан кейін қаланы Селевкидтер басқарды. Рим кезеңінде қала өзінің ең жоғары өркендеуіне жетті және Памфилияның 3 ірі қалаларының қатарына кірді. Жақсы климат пен ыңғайлы орналасу қаланың қарқынды дамуына және оның ірі сауда орталықтарының біріне айналуына ықпал етті. Эвримедон өзенінің жағасында порт құрылды, жақын маңда зәйтүн бақтары мен жүзімдіктер жасалды. Әйгілі порт пен сауда қаласы астық, зергерлік бұйымдар, шарап және жылқылармен айналысты. Қала өзінің күміс монетасын шығарды. Келесі ғасырларда, Византия империясы кезінде қала құлдырауға ұшырады. VII ғасырда қалаға араб шапқыншылығы күйрете соққы берді. ХІІІ ғасырдың басында қаланы селжұқтар жаулап алды, кейінірек қала өзінің құлдырауын бастан кешіп, тарих қойнауына кетті.

Антальядан 12 шақырым жерде тағы бір көне қала Перге жатыр. Перге қаласында қазба жұмыстары әлі күнге дейін жүруде, сондықтан түрлі тарихи ашылулар апта сайын жарияланып тұарды. Перге қаласында өркендеу дәуірінде 20 мыңнан астам адам тұрып, қаланың өз театры, стадионы мен базары, зәйтүн бағы мен сарбаздар казармасы, ғибадатханасы болған. Қаланың жойылып кетуіне табиғи фактор әсер еткен. Алапат жер сілкінісі Пергені тарихтың бір ғажайыбына айналдырып жіберді.

Антальяға бара қалсаңыз, суға шомылумен қатар, тарихпен сусындауды да ұмытпаңыз. 

 

Асхат Қасенғали