Cоңғы жаңалықтар
Back

Түркия: пандемия жағдайындағы туризм

Түркия 2021 жылғы сауалнама нәтижесі бойынша әлем жұртшылығы үшін тартымды елдердің ішінде үздік ондыққа кірген. Ол жағы түсінікті де. Себебі Түркияның орналасқан жері туристер үшін өте қолайлы. Азия мен Еуропаның арасында тұр, Африка халқына да жетуге ыңғайлы.

Ал Стамбұл әуежайы әлемдік ұшақ қабылдау жолдарының бір хабы ретінде, ең ірі әуежай статусын бермек емес. Яғни Түркияға жету оңай, алты құрлықтың адам тұратын бесеуінен әп-сәтте келіп үлгересіз. Туризм бұл мемлекет үшін өз маңызын жыл сайын арттырып келеді. Келушілерге көрсететін тарихи жәдігерлері мен мұражайлары, жағажайды сағынғандарға ұсынатын теңіздері де жетерлік.

Түркияда туризм саласында 2 миллионнан астам адам қызмет етеді. Туризм маусымында 3 млнға жуықтайды. Олар қонақ үйлер, тасымалдау, тағам, теңізде кемемен қыдырту және т.б. қызметтер жасауда. 900 мың адамды қабылдауға арналған 3200 қонақ үй кешені бар екен. 

Әрине, соңғы екі жылда пандемия бұл салаға үлкен соққы жасауда. Әлем шекаралары жабылып жатыр, сондықтан бұл салаға да оңай соқпауда. Тезірек пандемияны жеңуге Түркия барын салуда. Себебі вирусты жеңсе, онда ол туризм арқылы  млрдтаған доллар және қарны тоқ отбасылар деген сөз. “60 млрд доллар пайда табуды ойлап едік, биыл 20 млрд доллар табамыз деп отырмыз” дейді ресми туризм саласының өкілдері. Осыдан-ақ туризмнің маңызын және  пандемияның әсерін түсіне берсек болады.

Қазір пандемияны жеңу үшін жаппай вакцина егіп жатыр. 85 млн адамның 47 млнына екпе алып үлгерген. Бұл туризм саласын барынша қауіпсіз ету үшін жасалып жатқан шараның нақты түрі. Қыста екпе егу маусымы басталғанға дейін Түркияда вирус жұқтырушылар саны 50-55 мың адамға дейін жетсе, қазіргі таңда ол көрсеткіш 2-3 мың арасында ғана. Ал вакцинация қарқынына қарап, алдағы таңда ол көрсеткіш мүлде азайып, жыл соңында тіпті бірен-саран жағдай ғана тіркелетіндей әсер қалдырады. Ресми Анкара «қауіпсіз туризм» концепциясын сол мақсатта енгізіп жатыр. Сіз Түркияға саяхаттап барсаңыз, демек денсаулығыңызға алаңдауға негіз болмайды, себебі вирус жұқтыру мүмкіндігін нөлге келтіреміз деген мақсатты алдына қойып отыр. 

Қазір Анталья жағалауы туристерге толуда. Ұзақ карантиндік шектеулерден кейін ел туристерге есігін қайта ашты. Егер сіз күйбең тіршіліктен бір демалуды ойлап, шетелге шығуды жоспарласаңыз, онда сервис сапасы жоғары, бағасы қолжетімді, ал ең бастысы «қауіпсіз туризм» негізіндегі жүйеде Түркияға барып қайтуыңызға болады. 

Асхат Қасенғали