Cоңғы жаңалықтар
Back

Бұдан кейін Мәмин үкіметіне қалай сенуге болады?

Гватемала “Спутникке” төлеген ақшасын кейін қайтаруды талап етіп жатыр. Дер кезінде тауарын жеткізіп бермегені үшін.

Жалпы былай болған сияқты: Ресей осы вакцинаны да саясатқа айналдырып, бірінші болуға тырысып, әлі толық тексеруден өтпеген, салдары белгісіз препаратты айналымға шығарып, неғұрлым көбірек елдерге сатуға тырысқан. Жанталаса әркіммен келісім-шарттарға отыра берген. Ол шартты кейін орындай ала ма, жоқ па – оған қарамаған.

Қорытындысында енді не болып жатыр? РФ-ның өзінде дұрыс өндіріс жоқ, барының қуаты жетпейді, содан келіп келісім-шарттарын орындай алмай жатыр. Оның үстіне Уфадағы негізгі фармацептикалық зауыттан шу шыққан, онда өндірілген препараттардың стерилдігі күдік туғызып отыр. Бұл бір жағы.
Екіншіден, препарат толық тексеруден өтпеген, соңғы нәтижесі не болып шығары белгісіз. Оның үстіне “Спутник” екпесін алғандардың қайта ауырып қалғандары да жетерлік екен. Ол жөнінде нақты мәліметтер жасырын. Алайда Ресей дәрігерлерінің өз ішінде осы екпеге қарсылар көп-ақ.

Әркімнің денсаулығы өзіне ғана керек, бұл жерге саясатты араластыру тіпті орынсыз-ақ.

Соған қарамастан біздің үкіметтің жанталасуы, әлі өндіріске шықпаған “Спутникке” бірінші барып “құда” түсуі, үш еседен астам қымбатқа алуы (егер фб-дағы кейбір мәліметтерге сенсек), енді келіп артық алынған сол препаратты іске қосу үшін зорлап екпе алдыруға итермелеуі тіпті ақылға сыймайтын, моральға жат нәрсе.

Өкінішке орай бұған тоқтам салатын да ешкім болмай тұр, өйткені осының бәрін ұйымдастырушы – биліктің өзі.

Әлі де кеш емес. ДСҰ-мен келісілген, тиімділігі зертханалық жағдайда тексерілген, дамыған Батыс елдерінде қолданылып жатқан пфайзер, модерна екпелерін әкеліп ексе, бәріміз де сол екпені алуға қарсы болмас едік. Әйтпесе бірде-бір тиянақты бітірген ісі жоқ мынадай үкіметке қалайша сенуге болады?

Қуаныш Еділхантегі