Cоңғы жаңалықтар
Back

“Арал апатының зардабын жеңілдету үшін сексеуілді сақтап қалу қажет” – эколог

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы

 Бүгінде өскелең ұрпақ әр салада белсенді. Бірі жаңа технологияны игеруге Һәм үйретуге атсалысып жатса, енді бірі  баға жетпес байлығымыз табиғатты қорғауға ерекше көңіл бөлуде.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай  Мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында «Бүгін Дүниежүзілік қоршаған орта күні. Биыл бұл шара биологиялық алуан түрлілікті сақтауға арналып отыр.

Қазақстанда жан-жануарлардың, құстардың, балықтар мен өсімдіктердің ондаған түрі жойылып кету қаупінің алдында тұр. Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс» –деп табиғатты ерекше қорғауға шақырғаны ел есінде.

Жер ананы қорғау, өсімдік фаунасына әсіресе құмды шөлдің қорғаны болған сексеуілге ерекше жанашырлық танытып, әлеуметтік желіде «Орман перизаты» деген атпен танымал Екатерина Вибенің атқарып жатқан жобасы көпке үлгі әрі өнеге.

 Сексеуілді зиянкес жәндіктерден қорғайтын жобаны қолға алып,  орман қорғау тақырыбында 60-қа жуық ғылыми мақаласы шыққан Екатерина Вибе Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейді.

Жас болғанына қарамастан, талай халықаралық және республикалық жобаларға қатысқан.

2020 жылы Корея Республикасының ормантану институтымен бірге қара сексеуілдің зиянкес жәндіктерге төзімділігін зерттеген болатын.

Жас қыздың табиғатқа деген қамқор пейілін президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та оның бұл еңбегін ерекше бағалап, атап өткен еді.

«Табиғатты қорғау, қоршаған ортаға жанашыр болу әрбір жанның міндеті» деп бастады сұхбатты.

«Мен Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келдім, бірақ 6 жасымнан бастап, Щучинск қаласында тұрамын.  Өңірдегі ең байырғы оқу орындарының бірі   орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінде білім алдым. Шыны керек біздің аймақта орманшылар мамандығына сұраныс болса да, бірақ жалақысы мардымсыз еді. Белгілі бір мансаптық қызметке де ие бола алмайсың. Әрі жаз мезгілінде жұмыстың көптігінен, ел қатарлы демала алмайсың. Алайда жүрек қалауымен осы сүйікті ісімді таңдағандықтан, қиындықтарға төзе білдім. Бір сәтте таңдауым үшін еш өкінбедім» деп арман қуып келген мамандығының қызықты екенін жеткізді.

Шығыс Қазақстанның шыршалы, қарағайлы  ормандарын зерттеп үлгерген эколог, қазір сексеуілдің зиянкес жәндіктерге төзімділігін зерттеуды қолға алыпты.

«Біз өсімдікті сақтап қалудың жолымен бірге оны сұрыптаудың, генетикасы мен физиологиялық, биохимиялық ерекшеліктерін де қатар зерттемекпіз. Ағашты егу жеткіліксіз, еккен соң күту керек» дейді Екатерина.

Жас табиғат жанашыры «Орман адамдардың өмір сүруіне көмек беретін тірі организм» деген ұстанымды айналадағыларға дәлелдеп жүрген эколог.

Иә расында сексеуіл – шөл даланың ағашы. Бүкіл құм және құмайт жерге көрік беретін, оның биологиялық және экожүйесіне негіз болатын өсімдік. Ағаш өспеген жерде сексеуіл өседі. Халқымыз үшін ертеден бағасы бөлек сексеуілдің бүгінгі миссиясы тіптен алабөтен, оны ғаламдық деңгейде қарастыруға болады.

Яғни сексеуілдің жаңа ғасырдағы жаңа міндеті – Арал апатының зардабын жеңілдету үшін, аталған өсімдікті сақтап қалудың маңызы зор.

Екатерина Вибе сынды жас ғалымдар кең даламызды құм басып, сахараға айналып кетпесі үшін күні-түні еңбек етіп, бірнеше зерттеу жұмыстарын жүргізіп үлгерді. Сексеуілдің ең төзімді түрлерін анықтамақшы.

Өз сөзінде ол «Ойымыз іске асса, шөлейттенуге бейім аумақтарға үлкен көмегіміз тиетін еді. Сексеуілді жаппай егудің маңызы өте зор. Қазір бүкіл әлем Аралды сақтап қалуға тырысуда. Қалпына келтірудің түрлі амалын ұсынып жатыр. Ал біздің ойымызша, Арал өңіріне тән өсімдіктерді егіп, суды қайтаруға болады деп есептейміз. Яғни, біздің ойымыз – Арал түбін орманға айналдырып, суды арнасына қайтару» деп ғаламдық мәселенің алдын алуда аянбай тер төгіп жатқанын жеткізді.

Расында Жайқалған жасыл ормансыз, қарағайлы алқапсыз, иен дала тақыр жерге айналып, су көзі тартылып, үлкен экологиялық апат орын алуы мүмкін. Демек салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек.

«Қоршаған орта, табиғат өте нәзік дүние. Сақтап қалу қыруар жұмысты қажет етеді. Мәселен сексеуілді бүлдіруші жәндіктер мен зиянкестер өте көп. Жарақат алғаш ағаш әлсіреп, өсімі тоқтайды не кеміп қалады. Сексеуілдің біраз түрі мұндай зиянкестерге қарсы тұра алмайды. Көп зиян шегеді.

Ал біздің мақсатымыз сексеуілдердің арасынан осы зиянкестерге қарсы тұра алатын түрін тауып, одан тұқым материалын алып егу. Соны сұрыптап тарату» дейді сексеуілтанушы Екатерина Вибе.

Біз жас экологтың бойынан табиғатқа деген жанашырлықты көріп, өз ісіне адал жандар көп болса екен деген ойға кенелесің.

 Қоңыр салқын кеңседе емес, аптап ыстық күн астында Арал түбінде экологиялық зардаптың алдын алуда еңбек етіп жатқан табиғат жанашырына ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ.

«Мен орманшы ғалым ретінде табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған қадамдарды Тәуелсіздіктің маңызды жетістігі деп білемін. Қазақстан алғашқы кезден ақ адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаны қорғауды маңызды міндеттері ретінде айқындады.

Сол себептен орман шаруашылығы саласында көптеген оң өзгерістер орын алды.

Мәселен 90-шы жылдардың басында өртке оранған, заңсыз кесілген Семей орманында, бүгінгі таңда қарағайлы алқапты қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Жыл сайын миллиондаған жас көшеттер егілуде. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейтуге, орманды қорғау жүйесіне сол арқылы жаңа технологияларды енгізуге қол жеткіздік.

Бүгінгі күні заңнамалық деңгейде мемлекеттік орман қоры жерлерінің құқықтық қорғалуын арттыру, орманды аумақты сақтау және ұлғайту бойынша міндеттер бекітілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің орман қорына 5 жыл ішінде 2 миллиард, ал елді мекендерге 15 миллион көшет отырғызылады. Мұның бәрі мен үшін Тәуелсіздіктің маңызды жетістіктері» деп ағынан жарылды.

Болашақта Екатерина Есілдің бойын ен тоғай ету үшін   Нұр-Сұлтан қаласына қалқан болып, жайқала өскен жасыл желекті биологиялық тұрғыда қорғау үшін зерттеулер жұмыстарына кіріскен.

Бүгінде көкпке үлгі Екатерина Вибенің игі іс әрекеттері зор бағаланып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы қатарынан көрінді. Иә ғылыммен білімге құштар жандардың мақсаты бір. Ол Қазақстанның гүлденуіне үлес қосу.

 Қуаныш СМАҒҰЛОВ