Back
| DalaNews

Хәкім-хазірет Омарұлы

Бала кезім. Семей қаласындағы Гагарин 36 мекенжайында орналасқан Бір мұнаралы «Ағаш» мешіттің алдында ақсақалдар орындықта отырып, бесін намазын күтуде. Үйден шығып, әңгімелесіп  отырған қарияларға сәлем беріп, қолдарына су қойып қызмет көрсетудемін.

Иегінде сақалы, үстінде көстемі, басында тақиясы бар алпыстан асып, жетпісті еңсеріп қалған ақсақал қалтасынан әмиянын алып, қолыма ақша ұстатып, «бақытты бол балам» деп тілегін білдірді.

Басқа  қарияларда қалыс қалмады. Береке бірлігі жарасқан, үлкендер осылай сол кездегі шаһарымыздағы орталық  «Ағаш мешіт» алдында жиі бас қосатын. Құлшылық үйіне көмегін аямаған, қаламыздағы «қазақ ауылы» аталып кеткен ауданда ел арасында беделі бар Кенжебай атты  қария тұрды.

Бір күні ақсақалдың   үйінде қонақта болып, қазақтың басына түскен қиын кезеңдерді басынан өткерген  ата-әжелердің насихатын тыңдап, жиын соңында атамның нұсқауымен «Фатиха», «Ықылас» сүрелерін оқып, игі жақсылардың ақ батасын алып, үйге қайттым. Бұрыңғы «Красноармейская» қазір ӘсетНайманбайұлы көшесіндегі ағаш үйдің жанынан өтіп бара жатқанда атам Аллаберген қажы «осы үйде Хакім-хазірет деген үлкен ғұлама, мешітімізде ұзақ жылдар бас имам болған абыз ақсақал тұрған деді.

Ата! Ол кісі кім? Деген сұрағыма «Хәкім Омарұлы өте беделді, білімді дін қайраткері еді.  1948 жылдан өмірінің соңына дейін 26 жыл Семей қаласындағы Бір мұнаралы “Ағаш мешітінің” бас имамы болған, асыл дінімізді қылышынан қан тамған кеңестік заманда  ел арасында насихаттап, саналы ғұмырын хақ жолына арнаған.

| DalaNews

Ол Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қолына қару алып, елін, жерін жаудан қорғаған батыр болған кісі балам. Үйде араб тіліндегі көп кітаптарды көрдің ғой. Міне Хакім атаң сол араб, парсы, көне түрік, шағатай тілдерін жетік біліп қана қоймай, қағаз бетіне түсірген тамаша аудармашы болған. Шет тілді білгендіктен халықаралық конференцияларға қатысып баяндамалар жасаған.  «Дін — апиын» деген ұранмен хақ дінге жала жабушылармен ашық күресіп, дақ түсірмей, исламның дұшпандарымен арыстанша алысып үнемі қарсы пікірін БАҚ-на мақала жазып қайсарлық танытқан,  ақиқат жолдан айнымай, сеніміне берік дін жанашыры болған тұлға» деп ғұлама-ғалым жайлы әңгімесін жалғастырып, «Олардың халық үшін, дін үшін жасаған ерең еңбегін ұмытпауымыз керек. Әр тұстан исламның жаулары балағына жармасқанда, білімімен жауап қайтарып,  сабырмен жеңе білді.

Дінге бар ғұмырын арнаған жан иесінің өмірі үлгі-өнегеге толы»деп, ғұлама-ғалым, дін қайраткері  Хакім Омарұлының өмірбаянымен   таныстығым осылай басталған еді. Бір мұнаралы «Ағаш» мешітінде Хакім хазіреттен кейін ұзақ жыл бас имам болған атам асыл дінімізді насихаттауға бар күш жігерін, білімін арнаған жандарды үнемі жылы ықыласпен еске алып,  өмірінің соңына дейін олардың өлшеусіз еңбегін жамағатқа насихат етіп жеткізіп отырды.

Иә «жақсының аты өлмейді қашанда». Қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Хакім –хазреттің атасы   Қосдәулет қажы Көкшетау өңірінде өмір сүрген. 19-ғасырдың аяғында алғашқылардың бірі болып, медресе салып, елдің сауатын ашуға көп күш жұмсады.

Текті әулеттің  жалғасы болып 1906 жылы Бурабайдың баурайында атасы Қосдәулеттің ауылында Хакім Омарұлы дүниеге келеді.  Алдымен Омардың ұлы атасының медресесінен білім алып, Көкшетаудағы орыс мектебінде оқуын жалғастырады. Халық жауының баласы болғандықтан тар жол тайғақ кешіп, бірақ мұратынан таймай, хақ дінге ерекше көңілі ауып, халық арасында дұрыс насихатталуына назар аударады. Білімділігі мен шариатты жетік меңгергенінің арқасында сол кездегі Совет одағы кезіндегі  жалғыз Бұхара қаласындағы «Мир Араб» медресесінің Хәкім-хазретті мемлекеттік емтихан комиссиясының тұрақты мүшесі етіп сайлаған. сондай-ақ Қазақстан бойынша мешіттер жұмысын бақылайтын ревизия комитетінің төрағасы болып адал қызмет атқарды.  Осы екі  қызметті  26 жыл бойы абыроймен атқарды. Ол қоғамдық қызметкеде  әсіресе бейбітшілік қорғаудың бүкіләлемдік қозғалысына атсалысқан еңбегі де зор. 1956 жылы Үндістан астанасы Дели қаласында әдемдік бейбітшілікті қорғау қарусыздандыру туралы конгреске Орта Азиядан тек  Семейден Хакім Омарұлымен сол кездегі Бас мүфти Зияудин Бабаханов қатысуға рұқсат алды. Бұл Хакім ақсақалдың білімінің жоғары, ел арасында абыройлы екенін көрсетсе керек. Тіпті елімізге  шығыс елдерінен келетін делегаттарды күтіп алу, шығарып салу кезінде Хакімді Семейден арнайы Алматыға шақыртып, алдырып отырған екен.

| DalaNews

Ол қарапайым өмір сүріп, ақ жолдан айнымай, асыл дініміздің адал қызметшісі болды. Өмірінің соңына дейін шариат жолын берік ұстанып, ақиқаттан алыстамады. Өзінің өсиетінде:  “Менің басыма кірпіштен, не ағаш, не темірден шарбақ тал соқтырылмауын тапсырамын. Бұған шариғаттан рұқсат жоқ. Ұзатып дәлелін жазудың қажеті жоқ. Атымыз жазылып белгіге тас қойылса болды. Оның рұқсаты бар. Бәленге-түгенге істеліпті деп олардан үлгі алмаңыздар” деп аманат етіп қалдырды.

Хакім –хазірет Омарұлы 1974 жылы Ташкент қаласында имам әл-Бухаридің 1200 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияға баяндама жасауға дайындалады. Бірақ жаратушының қалауымен ол күнге жете алмай, 2-ші тамыз күні бұл дүниемен қоштасады. Белгілі дін қайраткері,  ұзақ жылдар Семей қаласында Бір мұнаралы “Ағаш” мешітінің бас имамы болған, ел аузында Хәкім-хазірет атанып, саналы ғұмырын хақ дінді насихаттауға арнаған ғұлама-ғалымның есімі, ізгі жолыда еш ұмытылмақ емес.

 

P/S: Ұлыстың ұлы күні Семей шаһарының  Дальный ауданында құрылысы 2019 жылы басталған бір топ кәсіпкерлердің қаражатына 400 адамға  арналған мешіт және 40 балаға дайындалған  жатып оқитын қайырымдылық мекемесі бой көтерді. Олар үшін жатақхана, асхана, оқу бөлмелері қарастырылған.   Мешітке Хакім Хазірет Омарұлының аты берілді. Медрседе жасөспірімдер білім алып, болашақта құранды толық жатқа білетін   қариларды дайындау көзделінген. Игі шараға Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Семей қаласының бас имамы Асқар Әбітайұлы, Хакім Омарұлының ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ