Back
| DalaNews

“Нұр Отан” бұл елде ойсырай ұтылар еді”. Швейцарияда халық қалай дауыс береді?

Еуропаның қақ ортасында орналасқан Швейцария қазақ айтатын ит басына іркіт төгілген бақуатты ел. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жерұйық мекен. Батыстың бірде-бір мемлекетіне ұқсамайтын өзіндік басқару стилі мен өмір салты бар деп жазады Dalanews.kz. 

Мәселен бұл елге басшы тұрақтамайды. Біздегі таным-пайымға салғанда креслоның “қызығын” көріп үлгермейді. Ерте кезде қалыптасқан саяси жүйенің талап-ережесіне сай бір жыл өтер-өтпесте орынтағын босатады. 

Ешбір заң халықтың қалауынсыз қабылданбайды.  Қоғамдық-саяси салмағы, заңдық күші бар кез-келген құжат алдымен халықтың алдынан өтеді. Ал халық қалаулыларының жалақысы тұрғындардың орташа табысымен пара-пар. 

Бұл елде де дәл біздегідей парламент сайлауы өтеді. Бұл науқан әр төрт жыл қайталанып отырады. Парламентке өткендер жиыны 7 адамнан тұратын Федералды мәжілісті (Үкіметті, ред) жасақтайды. 

Әл-әзір Швейцария үкіметінде елдегі ең ірі деген төрт партияның өкілдері отыр. Президент? Президенттің құзіреті мен қызметін осы үкіметтің мүшелері алма-кезек атқарады. 

Бір жыл. Президенттік мерзім тұп-тура бір жылға созылады. 1 қаңтарда күшіне еніп, 31 желтоқсанда мәресіне жетеді. Жаңа жылда тізгінді үкімет сапындағы келесі кандидатқа тапсырады. Референдум өткізу, Ата заңды аттап өту, депутаттар, әнші-әртістер, игі жақсылардың аузымен өз атына мақтау-мадақ айтқызып, билікте тым құрығанда тағы бір жыл аялдай тұру ойына да кірмейді.  

| DalaNews

Президент деген дардай атағы болғанмен, затында ел қатарлы күн кешеді. Басшы болғанын бұлдамайды, қосымша жеңілдік талап етпейді, оған заң бойынша құқы да жоқ. Себебі билігі шектеулі. Швейцарияда президент қонақ күтетін адамның рөлін сомдайды. Оған жүктелген негізгі міндеттің бірі елге сапарлап келген өзге елдің басшыларын қарсы алу, кездесу, тілдесу, келгендегі бұйымтайын сұрау. 

Швейцария бір адамның салиқалы, салмақты саясатының нәтижесінде өсіп, өркендеп жатыр десек, өтірік сөйлегеніміз. Бұл елді өзара тең құқылы 7 адамнан тұратын Федералды мәжіліс басқарады. Елдің басшысы да, үкіметі де осы жетеу. 

Тура демократия дейтін түсініктің түп-тамыры Швейцариядан бастау алады. 

“Азаматтар заң жобасын әзірлеуге атсалыса алады. Референдум өткізіп, сол арқылы мемлекеттік және жергілікті деңгейдегі заңның қабылданып-қабылданбауына ықпал етеді. Мұндай басқару үлгісі бізге ғана тән, басқа бірде-бір елде мұндай үрдіс жоқ”, – дейді саясаттанушы Клое Янс.

| DalaNews

Мұның мәнісі мынада:

Айталық, сіз “Нұр Отан” немесе басқа бір партияға дауыс берерде, осы ұйымның сапындағы саясаткер сіздің көкейіңіздегі мәселелерді мемдеңгейде көтереді, елдің мұңын, жұрттың қамын сөз етеді деп сенесіз. 

Ал швейцарлықтар мемлекеттік маңызы бар кез-келген мәселені дауысқа салады. 

Мәселен бір мемлекетпен халықаралық келісімшартқа қол қою керек делік. Оның тәуекелі бар, өзін-өзі ақтауы бар, қарсы тараптың айтары бар тағысын тағы әйтеуір қазбалауды қажет ететін түйткілдері көп. Мұны биліктегі ат төбеліндей топтың еншісіне қалдырмайсыз, бұл деңгейде шешімді халық қабылдайды. Келісімге қол қою, қол қоймауды халықтың патша көңілі шешеді.

Сол секілді жаңа жол төсеуге қажетті қаражатты қарастыру үшін алдымен тұрғындардың рұқсатын алу керек. 

Тура демократия дегеніміз осы. Саясаткерлер мен халық кез-келген шешімді қойын-қолтықтасып бірлесе қабылдайды. Үкімет халықтың қас-қабағына қарайды, халық не бұйырса, соған бағынады.  

Тура демократияның өзіне тән ерекшелігі бар. Егер заң жобасы кем дегенде 7 адамның көңілінен шықпаса, ендеше бұлар өз ішінде бастамашыл топ құрып, әлгі заңға қарсы бойкот жариялайды. 50 мың адамның басын қосатын референдум өткізу үшін ел аралап, қол жинайды. Осы мәжілісте тұрғындар әлгі заңды таразыға тартып, дауысқа салады. 

 

Мұндай жиындар Швейцарияда әр үш сайын өтіп тұрады екен.

“Халық Үкімет пен парламент қабылдаған кез-келген заң жобасын жарамсыз деп тани алады”, – дейді Клоэ. 

Ал 50 мыңнан асып түсерлік қол жинаған болсаңыз өзіңіз әзірлеген заң жобасын ұсынып не болмаса қолданыстағы заңға өзгеріс енгізу туралы шарт қоя аласыз. 

2017 жылы Швейцария тұрғындары шикілігі көп зейнетақысы реформасы туралы заң жобасын дәл осылайша кері қайтарып, қабылдамай тастады. 

50 мың адам жиналған мәжілісте белсенділер көтерген барлық ұсыныстар мен мәселелер алдымен ақылдың сарабына салынады, кем-кетігі көп, келешегі жоқ немесе құр босқа қаражат шығындайтын жобалардан халық саналы түрде бас тартады. 

Мәселен бұған дейін дәл осы мәжілісте ірі қараның мүйізін кеспейтін фермерлерді субсидиялау туралы мәселе көтерген бір топ белсендінің талабы орындалмады, халық қабылдамады. 

“Біздің жүйенің түп өзегінде тура демократия жатыр. Бұл халық пен биліктің ортақ құндылығы. Биліктегі азаматтарды тура жолдан тайдырмай, халықтың саяси-қоғами істерге атсалысуына жағдай жасап отырған да осы – тура демократия”, – дейді Клоэ Янс.

| DalaNews

Бұл ел диктатура атты дертті бесігінде тұншықтырған. Биліктің бір адамның қолында шоғырлануы швейцариялықтар үшін нонсенс. Ешкім орталықтан бұйрық күтіп отырмайды, жергілікті деңгейдегі кантондар (федерация субъектілері) мен қауымдастықтарға мейлінше еркіндік берілген. Ғылымда мұны консоционализм дейді екен. Билік төрелік айтуды халыққа тапсырады, сол арқылы қоғам пікіріне құлақ асады, еңбектеген баланың да, еңкейген қарияның да уәжін тыңдайды. Бұған Үкіметтің өзі мүдделі. Швейцария сондай ел…

Бұл елдің парламенті дәл біздегідей қос палаталы. Шіркін десеңші, бірақ екі елдің саяси жүйесіндегі ұқсастық осы арада кілт үзіліп, екіге жарылады.

Швейцариядағы қос палатада елдегі ірілі-кішілі кантондардың түгелінің өкілі бар. Ал халық қалаулылары біздегі секілді кәсіби, кәнігі депутаттар емес, 80 пайызының депутаттық жұмысынан бөлек тағы бір кәсібі бар. 

Сонда бұл кімге тиімді десеңіз, тағы да тұрғындарға тиімді. Екі жұмысы бар халық қалаулылысы креслода қалғып шұлғымайды, “депутат болдым мінекей” деп мандатты малданып отырмайды. Ел қатарлы еңбек етуге, ел ішінде жүруге, ел ішінен табылуға тырысады. 

“Сөйтіп елдің тыныс-тіршілігімен танысады. Сайлаушылармен тілдеседі. Тұрғындармен бірге тіршіліктің қазанында қайнаған депуаттың Үкіметке жолдайтын сауалы да сойқан, шынайы шығады”, – дейді ол. 

Швейцария депутатының айлығы да аста-төк емес. Swissinfo дерегінше елдегі орташа жалақыдан әрі кетсе 20 пайызға ғана көп. Клоэ Янстың тұспалдауынша парламент депутаты жылына 130-150 мың франк табыс табады. 

“Айлық жалақылары 9-12 мың франктың төңірегінде болуы керек. Швейцариядағы орташа жалақы айына 6500 мың франкті құрайды”, – дейді ол. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ