Back

Ермекбаев: «Исламды түсіндірудің қазақстандық үлгісі әзірленеді»

Соңғы он-он бес күннің аралығында еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев ел ішіндегі бірнеше ауқымды іс-шараға қатысып, еліміздегі діни ахуал төңірегіндегі ой-пікірімен бөлісті.

Алдымен Астанада өткен «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстан жолы және Н.Ә.Назарбаевтың үлгісі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жайлы айтайық.

Жаңа жоба

Шараға қатысқан Нұрлан Ермекбаев жиындағы жұртшылықтың тарапынан түскен бірқатар өзекті сауалдарға жауап берді.

Дәл осы басқосуда Дін істер министрі еліміздегі исламды түсіндірудің өзіндік үлгісі әзірленетінін айтты.

«Осы сәтті пайдалана отырып, конференция қатысушыларының назарын бір ауық біздің министрлік пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірлесіп әзірлеген жобасына аудартқым келеді. Қазіргі таңда біз исламның қасиетті кітаптарын түсіну және түсіндірудің қазақстандық моделін әзірлеп жатқан жайымыз бар. Исламды түсінудің мұндай қазақстандық үлгісінің ғылыми негіздемесін байыптап дайындау үшін арнайы ғалымдар құрамын жасақтадық», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, исламды түсіндірудің қазақстандық үлгісі рухани, адамгершілік-әдеп құндылықтарына және де діни сеніміне қарамастан барлық азаматтардың құқығын құрметтеуге негізделетін болады.

Бірлік пен келісімнің құпиясы неде?

Сонымен қатар аталған шара барысында Дін істер министрі басқосуға қатысқан жұртшылықтың бірқатар сауалына жауап берді.

«Қазақстандағы бірлік пен келісімнің құпиясы неде?» деген сауалға министр Ермекбаев:

«Тұрақтылық пен келісімнің құпиясы жоқ. Себебі, мұның жауабы анық.

Егемендік алған алғаш күндерден бастап Мемлекет басшысының барлық бастамалары қазақстандықтардың бірлігін нығайту мақсатына бағытталуда. Елбасы атап көрсеткендей: «Қазақстанның барлық тарихы – ол бірігу тарихы. Біз – тек қана бірлік пен бірігу жолында келе жатқан халықпыз». Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған мемлекеттің үлгісі барша азаматтардың құқығын құрметтеуге және экстремизмнің кез келген көріністеріне, зорлық-зомбылыққа, радикализмге мүлдем төзбеушілікке негізделген.

Сондай-ақ оның ішінде мемлекет пен азаматтық институттардың арасында ашық диалог орнату бойынша міндетті басымдықтар қойылған», – деп атап өтті.

Ермекбаевтың айтуынша, осынау ұстанымдар ел тарихындағы барлық бағдарламалық стратегиялық құжаттарда, соның ішінде Мемлекет басшының дәстүрлі Жолдауларында, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында тайға таңба басқандай көрсетілген. Сонымен бірге, Елбасының биылғы жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі барлық этникалық топтар мен діндерге толеранттылықпен, бейбітшілікпен және құрметпен қарау – Қазақстанның басты принципі екенін атап өткен.

«Міне, осынау дәстүрлердің өзі табысты дамудың негізі болып табылады. Осы құндылықтардың негізінде ұлттық бірегейлікті Мемлекет басшысы одан әрі жаңғыртудың маңызды шарты ретінде анықтайды.

Бұл тарапта Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бірқатар маңызды жұмыстар атқарды. Атап айтар болсам, егемендігіміздің 25 жылдығына орай Қазақстан халқы Ассамблеясы қорымен бірлесіп, қоғамдық пікірді кең ауқымда зерделедік. Біздің зерттеуіміз нәтижесі мынадай: Қазақстандықтардың басым көпшілігі дінге көзқарастардың еркіндік құқығын, этностардың мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекет саясатын қолдайды», – деді Нұрлан Ермекбаев.

Айта кетерлігі, аталған конференция ҚР Тұңғыш Президенті күні мен елорданың Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналған. Шара мақсаты – әлем елдеріндегі бірегейліктің қалыптасу мәселелерін қазақстандық тәжірибемен салыстыра талқылау, этносаралық және конфессияаралық  келісімнің «Н.Назарбаев моделі» ретінде танылған қазақстандық үлгінің тұсауын кесу. Конференцияға саясаттану, тарих, философия, әлеуметтану, этнология және басқа да гуманитарлық ғылымдар бағытындағы Германия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан  елдерінің ғалымдары қатысуда.

Айта кетелік, «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстан жолы және Н.Ә.Назарбаевтың үлгісі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ҚР Тұңғыш Президенті күніне және елорданың Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналды.

Шара мақсаты – әлем елдеріндегі бірегейліктің қалыптасу мәселелерін қазақстандық тәжірибемен салыстыра талқылау, этносаралық және конфессияаралық  келісімнің «Н.Назарбаев моделі» ретінде танылған қазақстандық үлгінің тұсауын кесу.

Конференцияға саясаттану, тарих, философия, әлеуметтану, этнология және басқа да гуманитарлық ғылымдар бағытындағы Германия, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан  елдерінің ғалымдары қатысты.

 

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕР ЖҰМЫСЫНЫҢ КЕМШІЛІГІ НЕДЕ?

Ал Үкіметте өткен алқалы жиында Нұрлан Ермекбаев еліміздегі Қоғамдық кеңестердің қызметіне кері әсерін тигізетін бірқатар өткір мәселерді тізбелеп өтті.

Ведомство басшының айтуынша, бұдан бұрын Қоғамдық кеңестердің бірінші республикалық мәжілісі өткен. Жиынға барлығы 500-ге жуық делегат қатысып, өзекті мәселелерді ортаға салған. Қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарымен бөліскен.

«Ең алдымен, еліміздегі барлық қоғамдық кеңестердің қызметіне кері әсерін тигізетін мәселелердің бірі: оның сапалық құрамы деп білемін.

Мұны талдау жұмыстары көрсетіп берді. Кеңестердің сапалық құрамы, әртүрлі сала өкілдіктері мен санаттарының жұмысы біркелкі емес.

Екінші мәселе, нақты, қажетті қаржыландырудың жоқтығы. Қаржының тапшылығы Кеңестердің өз мақсаттарына жетуіне қиындық туғызуда деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бұған қатысты бірқатар сарапшылардың пікірлерін де ескердік. Олардың айтуынша, Кеңестерді мемлекеттік қаржыландыру олардың автономиялық сипатынан айырып, қызметтің тәуелсіздігін жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін», – деді бұл орайда Дін істері министрі.

Әйткенмен Нұрлан Ермекбаевтың пікірінше, алдағы уақытта жекелеген бюджеттік шығындарды қарастыру қажеттілігі туындайды. Айталық, аймақтарға шығу іссапарлары мен кеңсе шығындарын мемлекеттен қаржыландырған жөн.

«Үшінші мәселе, кеңес мүшелерінің айтуларына қарағанда, қарастырылатын нормативтік-құқықтық актілер санының артуынан, кеңестердің жұмыс көлемі ұлғайып кеткен. Сондай-ақ, нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізу үшін арнайы білім мен салалық біліктілік қажет. Бұл ретте құқықтық актілерді қарастыруды кеңес мүшелерінің өз шешіміне қалдыру мүмкіндігін беру керек», – деді Нұрлан Ермекбаев.

Бұдан сыртқы министр Кеңес қызметі, соның ішінде, Кеңестер құрамына конкурстар туралы ақпараттың бұқаралық ақпарат құралдарында жетіспеушілігі байқалатындығын айтты.

«Жалпы, жоғарыда аталған мәселелерді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары да өз ұсынымдарында бірнеше рет атап өткен болатын», – деді ведомство басшысы.

 

АДАМНЫҢ БЕТ-ЖҮЗІН ТҰМШАЛАЙТЫН КИІМ ТҮРЛЕРІН КИЮГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Елімізде қара жамылып, бет-аузын тұмшалап алатындардың мәселесі де өткір тұр. Дін істері министрлігі бұған қатысты бір емес, бірнеше рет түсінік берген.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына арналған брифингте Дін істері министрі осы мәселеге қайта оралып, діни радикалдар мен лаңкестердің қауіп-қатерін азайту үшін Еуропа елдері тәжірибесін қолдануды ұсынды.

«Мұны бекерге айтқан жоқпын. Министрлік мамандары біраз уақыт бойы еуропалық тәжірибені мұқият зерттеді. Соңғы уақыттары Батыс елдерінде діни радикалдар мен лаңкестердің қауіп-қатерін, зорлық-зомбылығын айтарлықтай азайтқан бірқатар тиімді шаралар қабылданды. Ал біздің заңнамамызда әлі күнге дейін радикалды діни ағымның нақты анықтамасы жоқ. Сондықтан заң жобасында еуропалық тәжірибені ескеріп, заңнамаға осындай нормаларды енгізу керек деп шештік», – деді Нұрлан Ермекбаев.

Нақтылап айтар болсақ, заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тұмшалайтын киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға, киюге және таратуға, сондай-ақ, олардың идеологиясын насиxаттауға тыйым салуды көздейтін нормалар бар.

Ермекбаевтың айтуынша, никаб, чадра, пәрәнжа және бұларға ұқсас басқа да бетперделер мен киімдерді кию жеке тұлғаны сәйкестендіру кезінде құқық қорғау органдарына кедергі келтіреді екен. Соның салдарынан қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған шаралардың тиімділігі төмендеп кеткен.

“Сосын біздің қоғам бұған үйренбеген. Тиісінше бұл көпшілікті ашық түрде алаңдатып отыр. Осы себепті, адамды сәйкестендіруге мүмкіндік бермейтін киімдерді киюге тыйым салмақшымыз.

Осынау нормаларды әзірлеген кезде азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылардың пікіріне құлақ астық. Сарапшылар азаматтардың қауіпсіздігі үшін осындай шаралар енгізу міндетті деген қорытындыға келді», – деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.

Айта кетелік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы аясында 3 Кодекске және 9 Заңға 53 түзетулер мен толықтырулар енгізу көзделген.

«Жалпы алғанда, заң жобасының барлық нормалары діни тұрақтылықты нығайтудағы жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл басымдықтар мемлекет үшін де, діни бірлестіктер үшін де бірдей саналады», – деп түйіндеді сөзін ол.

 

Тақырыпқа тұздық:

Қазіргі күні Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Дін саласындағы заң жобасына қандай өзгеріс енгізілгенін?» айтып түсіндіруде.

Бұдан бұрын Сыртқы істер министрлігінде шетел дипломаттарымен жүздескен Нұрлан Ермекбаев бұл тарапта діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы заңнаманың негізгі өзгерістерін жіліктеп өткен болатын.

Атап айтайық. Жаңа заң жобасына “деструктивті діни ағым” және “діни радикализм” деген ұғымдар енгізіліп отыр.

Ермекбаевтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада діни радикалды іс-әрекеттің нақты анықтамасы атап көрсетілмеген.

Ал сарапшылар тарапынан жиі қойылатын сауалдың бірі: «деструктивті діни ағымдарға түбегейлі тыйым салу мүмкін бе?» дегенге негізделеді.
Дін істері министрлігінің бұған айтар өз уәжі бар. Мұны ведомство басшысы бір емес, бірнеше рет тілге тиек еткен.

«Мұдай ұйымдардың нақты бір құрылымы, я болмаса, бас кеңсесі жоқ. Ал заң жүзінде деструктивті діни ағымға нақты анықтама берілсе, бытырап жүретін радикалдардың әрекетіне құқықтық баға беріп, жауапқа тартуға болады. “Осылайша, дінді жамылып, радикализм мен терроризм идеяларын таратындарға тосқауыл қоюға мүмкіндік бар”, – деп атап көрсеткен болатын Ермекбаев мырза.

 

МЕМҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ДІНИ ҰСТАНЫМЫНА ҚАТЫСТЫ НАҚТЫ ҮШ ШЕКТЕУ БОЛАДЫ

Айтпақшы, ұмытып барамыз. Сыртқы істер министрлігінде өткен жиында Дін істері министрі мемлекеттік қызметшілердің діни ұстанымына қатысты нақты үш шектеудің болатынын жеткізген еді.

Ермекбаевтың айтқанындай, Дін істері министрлігі мемлекеттік қызметшілердің діни ұйымдардың мүддесі үшін қызмет еткені үшін нақты жауапкершілік енгізуді көздеуде. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет, бұл жерде барлық діндердің дәрежесі тең.

“Бізде ресми дін жоқ, барлық конфессияларлың құқығы бірдей. Сондықтан біз мемлекеттік қызметтегі адамдарға діни көзқарасқа қарай ықпал етуге жол бермеуіміз керек. Ондай норманы мемлекеттік қызмет туралы заңға енгізу жоспарланып отыр. Осы норманы бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолданылады», – деді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.

Бұл арада нақтылай кететін бірнеше жайт бар. Мемлекеттік қызметкерлер үшін нақты 3 шектеу болады.

Біріншіден, қандай да бір діни ұйымның мүддесі үшін қызмет бабын пайдалануға рұқсат жоқ.

Екіншіден, әріптестерді белгілі бір діни ұйымға кіруге үндегені үшін жауапкершілік енгізіледі.

Үшіншіден, мемлекеттік қызметшілерге діни ұйымның мүшелігіне өтуге болмайды.

«Онымен біз мемқызметшілерге мешіттер және тағы басқа ғибадат орындарына баруға тыйым салып отырған жоқпыз. Жаңағы үш шектеу ғана болады», – деп атап көрсетті Ермекбаев.