Cоңғы жаңалықтар
Back

Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент

Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. “Ақтабан шұбырынды,  алқакөл сұлама” дәуірлері, “қылыштың жүзі, найзаның ұшында жүріп”, намыс пен жігердің, қажыр мен қайраттың құрбаны болған мыңдаған батыр, бағлан ұлдарымыздың ұлтты азат ету жолындағы күрестері осы айтқанымның айғағы. Алаш жұртының бірлігін көксеген бабалар рухы жебеуімен бұдан 26 жыл бұрын дербес ел атанып, ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткіздік.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Қазақстан халқы Елбасын таңдауда қателескен жоқ. Бәлкім, Алланың өзі кезінде зобалаңды көп көрген қазақ еліне оң көзімен қараған шығар. Аласапыраны мол жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылы әлем сахнасына Нұрсұлтан Назарбаев сынды ойына қарымы, бойына арыны жарасқан, сөзі мен ісі әркез үйлескен, қиын кездерде қиялап жүріп жол табар, Батысқа да, Шығысқа да мәмілегерлік пен келісімнің алтын көпірін орната білген аса көрнекті саяси тұлғаны берді. Тұлға уақыт пен замана қалыптастырған күрес майданында шынықты. Империялық мүдделердің аламанына айналу қаупі алаңдатқан, ұлттық құрамы да ала­шұбар, діни наным-сенімі де дүдәмал, өндірісі мен шаруашылығы да орталыққа байланған байтақ жер, бай өлкеге көзінің сұғы түспеген, капиталына қоныс еткісі келмеген ел жоқ десе де болады. Шекарасы ашық-шашық, Семей дейтін әлем жұртшылығына үрей мен сақтық ұялатар күш пен құдіреттің ошағы тағы бар, бірақ оның да тізгіні бұрынғы орталық қолында тұрған елде егемендік жариялау тәуекелдің тәуекелі еді.

Н.Назарбаев тарих толқынында тұлға болып танылып, уақыт ұсынар тұғырға қонды. 1991 жылдың 1-желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстан Президентін жалпыхалықтық сайлау өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз болып танылды. Осындайда асылды айнытпай танитын халқымыздың даналығына қалай бас имейсің. Ұлы Дала қысқа мерзім ішінде әлемнің түкпір-түкпіріне “Қазақстан” деген атаумен кең танылды. Қимылы мен сөзі қатар жүретін Н.Назарбаев саясаты мен ұстанымдары Қазақ елін кеңестік идеология құрсауынан тез алып шығып, әлемдік қарым-қатынас айдынында қанат қағуына жағдай жасады.

Шүкір, осы жылдар ішінде қазақ елі өзінің оң-солын таныды, етек жеңін жинады. Ғасырлар бойы арман болған ұлы істер осы күні жүзеге асуда. Елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, мемлекеттік тілді жаңғырту жолында қыруар жұмыстар атқарылды, атқарылып та жатыр. Қазақстан тәуелсіздік жылдары экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді іске қосып, қай салада да ТМД елдері ішінде көшбасшы атанды. Халықаралық қауымдастық Қазақстанды ортазиялық көшбасшы, шынайы әріптес, тату көрші, тағылымды дос ретінде таниды. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИКҰ сияқты көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі яки құрылтайшысы ретінде еліміздің аты жиі аталатын болды.

Осының барлығы да тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз. Өз кезегінде осы мемлекеттің көк туын биіктете түсу міндеті әрбір Қазақстан азаматына тағдыр сыйлаған ұлы бақыт десек те болады. Ал бақыт Елбасы айтқандай, «бағалай білгеннің басында тұрады».

Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – мемлекет ішіндегі тұрақтылық. Осынау 26 жылда көп этникалық мемлекетте ынтымақ негізін шайқалтпай ұстағандықтың өзі – көп жетістік, үлкен табыс. Бұл  бірінші кезекте, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкен жеңісі. Ал айналдырған 10 жылдың ішінде Астананың дүниеге келуі де Елбасының ерен ерліктерінің бірі. Қазақстаннан жырақта жүрген қандастарымыздың Отанға оралуы тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкін болды. Бүгінде өз ұлт өкілдерін елге оралуына мүмкіндік беріп, бауыр-қандастарын тартып жатқан әлемде үш қана мемлекет – Израйль, Германия және Қазақстан екен. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары «Нұрлы көш» бағдарламасымен шетелдерден миллионнан астам қандастарымыз атамекенге көшіп келді. Бұл игі істің бастамасында да тұрған Елбасы екені бәрімізге аян.

Ал ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бөлігінің бірі сөз жоқ, ол елдің ішкі қауіпсіздігі. Осы орайда Ұлтттық ұланның күш-қуатын арттыру мен жетілдіруге, инфрақұрылымын дамытуға Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тарапынан әрдайым үлкен көңіл бөлініп, қауіпсіздік проблемалары бірінші мәселе ретінде қаралып келеді. Бүгінгі таңда қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, Ұлттық ұлан әскери бөлімдерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге арналған шаралар өз кезегінде ел тыныштығының сенімді қорғалып, әскери құрылымдардың материалдық-техникалық базасының және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруына әкелді. Осыдан тәуелсіздік жылдарындағы Ұлттық ұланның қалыптасуы, әрі ведомствоның бүгінгі заманауи құралдармен жарақталған, әлеуеті зор, қуатты органның біріне айналуына да Елбасының сіңірген еңбегі мен қамқорлығының өзі ұшан-теңіз екенін аңғаруға болады.

Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев әлем алдында тәуелсіз елдің тұсауын кескен сарабдал басшы ғана емес, өзін осынау тарихы бай, тағдыр-талайы ауыр, бірақ рухы мықты елдің сүйегінен жаралған адал перзенті екенін де қоса дәлелдеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық шеңберде, халықаралық деңгейде адамзатқа ортақ ондаған күрмеуі қиын мәселелердің оң шешілуіне ықпал етер көрнекті тұлға екеніне уақыт өткен сайын көзіміз жете түсуде.

Сабыржан СҮЛЕЙМЕНОВ, полковник,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының

тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар

жөніндегі орынбасары.