Back

Сейітқазы Матаевтың жұбайы неге наразы?

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың төрт айдан бері «үй қамағында» отырғаны белгілі. Бүгінде оның кінәсіздігін айтып араға түсіп жатқандар көп.

Таяуда  С.Матаевтың әйелі Баян Рамазанова күйеуіне қатысты қозғалған істі рейдерлік тартып алу деп есептейтінін мәлім етті.

– Біздің отбасы жарты жыл бойы қыспаққа алынып келеді. Біз – қоғамнан аласталған жандар емес, өмір бойы азаматтардың құқығын қорғап келе жатқан журналистерміз. Осындай жағдайға ұшырауымыз бізді есеңгіретіп отыр. Отбасымыз жасаған нәрсенің бәрі бізге аспаннан түскен жоқ, мұрагерлікке берілген жоқ. Осының бәрі 30-40 жыл ішінде жасалды. Ал қазір тал түсте ашықтан-ашық рейдерлік тартып алу жасалмақшы. Біз өзіміздің кінәсіз екенімізді 6 ай бойы дәлелдей алмай келеміз. Бізде құқықтық шектен шығу бар екен. Бізде адам құқын қорғайтын Парламент, Жоғарғы Сот, Бас Прокуратура, бірде-бір ұйым жоқ сияқты. Бізде кінәсіздік презумпциясы жоқ. Сейітқазы сияқты белгілі журналист, қоғам қайраткері өзінің кінәсіздігін дәлелдей алмаса, онда қарапайым адамдар туралы не айтуға болады? – деді Б.Рамазанова.

…Сейітқазы Матаевқа және тағы да басқа бірнеше азаматқа қатысты қозғалған қылмыстық іс өткен аптада Астананың №2 Есіл аудандық сотының қарауына өтті.

Т. ТҰРАН.

Дереккөзі: “Замана” газеті