Back

Айфон 6 және үнемшілдік

Алматыда кәсіпкер жолдастарымызбен қазіргі дағдарыс, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан ертеңі жайлы сарапшылардың болжамы мен пікірлерін ортаға салып, әдемі  әңгіме өрбітіп отырмыз. Әңгіменің бір шеті айналып үнемдеуге келіп тірелді. Данияр атты кәсіпкер інім «шетелде зауыты бар бір ірі кәсіпкер жолдасыммен Америкада жүрміз» – деп бастады әңгімесін. Америка – жан-жақты дамыған ел. Ол жердегі ірі кәсіпкерлермен кездесулеріміз өтіп жатыр. Айфонның елі болған соң, бос уақытымызда APPLE-дің арнайы фирмалық дүкеніне бас сұқтық. Айфонның соңғы шыққан нұсқасын қолыма алып қызықтап тұрмын. Сатып алуға деген ниетімді байқаған әлгі ірі кәсіпкер жолдасым жаныма келіп: «Кімге алмақсың?» – деді. Мен: «Өзіме» – дедім. Ол болса: «Қазір қолданып жүрген телефоныңды берші?» – деді. Телефонымды қолына алған соң арамызда мынандай диалог өрбіді:

– Мұны қашан алып едің?

– Алты ай бұрын.

– Телефоның анау айтқандай ескі емес екен. Ендеше бұл жаңа телефонды не үшін алмақсың?

– Мынау енді Айфонның соңғы шыққан түрі ғой.

– Алты ай бұрын алған мына телефоныңның барлық функциялары мен мүмкіншіліктерін қолданып жүрсің бе?

– Жоқ.

– Ал мына шыққан соңғы нұсқасында қазіргі қолыңдағы телефоныңда жоқ, бірақ сен қолданғың келген қандай функция, яки мүмкіншілік бар?

– Ешқандай

– Олай болса, бұл телефонды не үшін алайын деп тұрсың?

Арамызда болған әңгімеден кейін мен үнсіз ғана телефонды орнына қойып, дүкеннен шығып кеттім. Айтқан уәждері расымен де өте орынды еді. Қолымдағы телефонымның ары кетсе 5-6 функциясын ғана қолданамын. Жаңасын алсам да қолданатыным сол функциялар. Ендеше соңғы нұсқасын алуым жай ғана ысырап пен мақтан үшін еді. Жаңағы ірі кәсіпкер үнемшілдікті өмірінің негізгі қағидасына айналдырған жан болатын. Кейіннен білдім, уақыты тығыз болмаса, ұшақ емес, үнемі пойызбен жүреді екен. Үйдегі қолданатын суды да үнемдеу үшін смесительдеріне де арнайы қондырғы орнатқан көрінеді.

Жоқ кезде үнемдеу оңай. Ал бар кезде ше? Алла елшісінің (с.а.у.): «Теңіздің жағасында дәрет алсаң да, суды ысырап қылма!» дегені қандай ғажап қағида?! Кісіні үнемдеуге үйретеді. Оны өмірлік принципке айналдыруға шақырады. Теңіздің жағасында ысырап жасамаған адам, былайғы кезде одан тіптен аулақ жүреді. Әйтпесе, теңіз суын молынан, еркін қолданғаннан оның суы азаймасы анық. Бірақ кісіні ысырапшылдыққа жетелейтіні сөзсіз.

«Экономика» деген сөздің өзі үнемдеу дегеннен шығады. Ендеше тек дағдарыс кезінде емес, жалпы жағдайда да мемлекет те, оны құраған мекемелер мен жекелеген адамдар да үнемшілдікті үйренген кезде ғана экономикамыз шынайы даму жолына түседі.

Үнемшілдікті өмірінің басты қағидасына айналдырған әлгі кәсіпкердің жылына миллиондаған долларын қайырымдылыққа беретінін, жұмысына 1-2 сағат бұрын келіп, тоғызға дейін күнделікті Құран дұғаларын, арнайы рухани мазмұндағы кітаптарын оқитынын естігенімде, міне Алла сүйген нағыз тақуа жан дедім еріксіз. Неге? Өйткені үнемшіл адамның жомарт болуы сирек жағдай. Екі кереғар жақсы қасиеттің бір-біріне көлеңкесі  түспей, бір кісінің бойынан табылуы – шынайы тақуалық болмақ. Ал қат-қабат жұмыс ортасында жүріп, рухани дүниесіне уақыт таба білуі – көпке үлгі боларлық тамаша қасиет.

Қайрат Жолдыбай.

Islam.kz