Саяси бүркіттер...

Dalanews 17 ақп. 2015 23:06 335

Әңгіме қазіргі қазақ журналистері туралы. Оларды қырандарға ұқсатам. Кәдімгі Қазақ деген құсбегінің баптап салып отырған қырандарына. Қырандар да әртүрлі, әрине.  Енді солар туралы айтайын.

v-blizhajshie-dni-v-almaty-projdet-ezhegodnyj-turnir-berkutchi-300x214Өткен жылы Астанада халықаралық бүркітшілер фестивалі өтіп, екі күн сонда жүрдім. Қызығына тоймадым. Сондағы бір сурет көз алдымнан кетер емес. Бірінші кезеңде барлық бүркітті шырғаға салды. Жетпіс пайыз бүркіт шырғаны бірден бас салды. Екінші кезеңде қоянға салды. Қырық пайыз бүркіт түсті қоянға. Үшінші кезеңде түлкіге салды. Он пайыз бүркіт түлкіге түсті. Қалғаны беттемеді. Ал, соңғы кезекте қасқырға салды ғой. Бүркіттің көбі күлкіге қалды. Кейбіреуі таяп барып, тайқып шығып дөңге барып қонды, кейбіреуі көрсе де көрмегенсіп теріс ұшты. Иесі байқұс көрмей қалды деп далақтап соңынан кетті. Ентігіп жүріп қайта әкеліп салып еді, желге ығып кеткен сыңай танытып қайта кетті. Ой, бұл бүркітің де саясаткер болады екен. Соның алдында ғана түлкіні көріп, ұстаған бүркіт, енді одан үлкен қасқырды көрмей қалуы мүмкін емес қой, иесі байқұс өкпесі қабынып ентігіп отыр, боқтап қояды. Енді қызықты айтайын, бір бүркіт қасқырға тааааяяяп барды да, қасына қонды. Ел ду күлді. Құсбегі «Артыңда мен бар, қорықпа» дегенді білдіріп, күш берген боп айқайлап қояды. Оны анау тыңдар емес, «қасына барғаныма риза болсаңшы» дегендей басын төмен салып, жапырайып отырды да алды.

[caption id="attachment_9250" align="alignleft" width="131"]УЛАШ Ұларбек Нұрғалым, ақын[/caption]

Қасқырды жаһандануға бастайтын Батыстың, АҚШ-тың, жойттардың бағдарламасы дейік. Оған келгенде біздің журналистердің ең мықтысының жағдайы тура жаңағы бүркіттің жағдайындай.  Халықтың миын атала қылып, жамандыққа бойын үйрете беруге арнайы жасалған не бір шоулар туралы, оқулықтағы ертеңгі ұрпақтың санасын улап жатқан не түрлі сорақылықтарға сын, пікір жазып, түзеуге талпынып, алайда, оның күрделі техникасының күрмеуін шеше алмай, қысқасы, қасына барып қонады ғой. Оған жаңағыдай сыртта тамашалап отырған топ ду күледі. Және журналистердің ең қазақы жүректісі де осы. Әр жерде біреу. Жалғыздың шаңы шықпайды. Үні шығып бара жатса, мынау пәлен екен, түген екен деп, құйрығына қалжуыр байлап қоя бере салады. Сосын болды, қасқырдың қасына бармақ түгілі, өле-өлгенше сол қалжуырымен алысып жүреді. «Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлапты» деген әңгіме сондайдан шығады екен ғой. «Байқұс-ау, бала-шағасының қамын күйттей алмай тұрып, басына бәле тілеп несі бар?» дегендей әңгіме ғой баяғы.
Сонымен, түлкіге түскіштер біраз бар енді. Түлкіні орыстық мүдделер деуге болады. Соңғы кезде о бейшараның да жағдайы мүшкілдеңкірегенін біліп алған кейбір саясаткер қырандар сыпыра іліп, сыға басып, айнала топқа «пах, қыраным-ай!» дегізгісі келеді.

Сонымен, түлкіге түскіштер біраз бар енді. Түлкіні орыстық мүдделер деуге болады. Соңғы кезде о бейшараның да жағдайы мүшкілдеңкірегенін біліп алған кейбір саясаткер қырандар сыпыра іліп, сыға басып, айнала топқа «пах, қыраным-ай!» дегізгісі келеді. Оған түлкінің күйлі кезінде өзі алысам деп аяғын шайнатып алған кейбір кәрі қырандар таңырқауы мүмкін ғой. «Әй, мынау шырғаға түсе алмаушы еді ғой, бұған қайдағы қайрат біткен?» деп. Ол түлкінің қасқырға таланған жаралы түлкі екенін қайдан білсін. Біледі-ау, бірақ, бұзау кезінде сүзілген деген секілді, жас кезінде аяғын шайнатып алған кәрі қырандар асығыс қанат көтере қоймайды екен. Сонымен, пах, қырандарым-ай!

Әр жерден шиқылдатып тышқан аулап, елдің көзін жарқ еткізіп өзіне бұрғызатын қырандар бар. Олар тым көп енді. Тышқан жетіспей жатыр оларға. Әлгі Мәдина Сәдуақасова тұрмысқа шыққанда бір ай бойы үйінен шықпай, «олар кеше бүйтіп жатқан, енді бүгін сүйтіп жатыр» деп түрлі фотосуреттермен әрлеп жазғыштар ғой. Бұл жерде кінә қыранда ғана емес, иесінде де болып тұр. Тышқан терісі де жарап тұрған шығар оларға. Иә, тұтынушыларын да тышқан терісімен алдауға әбден үйренген ғой.

16dbcec4c6157d9d8c1f001d29d04d01_big Енді бір қыранның түрі бар. Ол өте күрделі. Қазақ баптап ұшырған қырандармен қатар ұшады. Ол қасқырды да, түлкіні де, қалған бүркіттерді де ызаландыруға күш салады. Балапан бүркіттерді қасқырға талатып немесе өзінің иесіне түсуге итермелейді. Ол Қазақ деген құсбегінің қыраны емес. Олар қасқыр, түлкімен цирктегі секілді жай ойын көрсетеді. Ал, Қазақ деген құсбегі де, қырандары да оларға шынайы өмірлерімен араласып кеткен.

Иә, Қазақтың қырандары ызалы. Неге ызалы екенін өзі де білмейді. Қасқырды көріп отыр. Көрмегенсіп теріс ұшады. Біледі, бәрін біледі. Қасқыр талаған түлкіге ғанаа тап-тап беріп қояды. Құс болған соң тұғырда отыра бере ме, аяқбауын жұлғылайды. Былай шығарып томағасын тартсаң, тіленіп ұшады. Ұшқан соң бірдеңені ілу керек қой. Қайырыла қараса, қояндар жүр. Бажылдатып басып қалғанына мәз. Барса – иесінің өз қояндары. Үй қояндары. Қазақ деген құсбегінің қырандары қазақ деген құсбегінің өз қояндарына түсіп жүр. Айналып келіп намаз оқитын бес қазақты қоянша мылжалайды да жатады. Елді «қоян болудан» әбден қорқытып тастады. «Олар – қорқақ» дейді. «Олар Құдайдан қорқа береді» дейді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМ


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x