«ӘЛИХАННЫҢ АМАНАТЫ»

Dalanews 03 сәу. 2017 08:46 721

«Мен төре-сұлтанмын! Тірі болсам, хан баласында қазақтың өтелмеген ақысы бар, сондықтан қазақ үшін қызмет етпей қоймаймын.. тіпті жанымды алса да...»

Әлихан Бөкейхан


Үстіміздегі жылдың ақпан айының 22, 24, 26 жұлдызында Ақтау төрінде орналасқан Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының киелі сахнасында қалың қазақ асыға күткен «Әлиханның аманаты» атты қойылымның тұсаукесері өтті.

Аталмыш пьеса Ұлт көсемі Әлихан бастаған Алаш зиялыларының асқақ рухтарына және Алаш Орданың 100 жылдығына бағышталған. Шығармада Əлихан Бөкейханның қазақ елiнiң ХХ ғасырда өз алдына дара мемлекет болып қалыптасуын мақсат ете отырып, қазақ жерінің территориясын белгілей келе, СССР қарамағында шекарасы бекітілген қазақ автономиясы болуы үшiн бiрден-бiр темiр қазық қағушы екенi дәріптеледі.
 Барлығымызға мəлім, аты шулы пьесаның жазылуы тарихи-драманың авторы Нартай Сауданбекұлы мен қанатын кең жая самғайтын режиссер Гүлсина Мерғалиеваның ұлт мақтанышы Əлихан Бөкейханның 150-жылдығына арнау жасау шешiмiмен өмірге келген дүние. 
Бұл қойылым барша сахна қойылымдарының ішіндегі дүниелердің ерекшесі. Спектакль автордың қалауымен іс-әрекет драматургиясынан гөрі, толықтай сөз драматургиясына құрылған шығарма екенін аңдап бассаңыз байқайсыз. Сондықтан да спектакль барысында сахнадан іздеген іс-әрекет көрерменнің ішкі жан дүниесінде болып жататындығын айтсақ қателеспеспіз. «Әлиханның аманаты» Сөз құдіретін түсінер жанның айызын қандырар дүние. Автордың кейіпкер аузымен айтқызған сөздері мен ойларын «тыңдай» білген адамның санасында төңкеріс орнататыны драматург пен режиссердің алға қойған мақсатына жеткені.

Оқиғада ұлт көсемі Әлиханның қамауда болған соңғы жылдары суреттеледі. Кейіпкер саны саусақпен санарлық, бірақ қамтылған ақпарат саны шексіз. Сондықтан болар бір жарым сағаттық қойылым көрерменге сан алуан кейіпкерді көрумен қоса, сол қилы кезеңге саяхат жасау мүмкіндігін де береді. Басты кейіпкерлер Әлихан Бөкейхан мен «есімі, тегі жоқ» Тергеуші.

Автордың Әлиханды тергеп отырған кісіге есім бермеу себебі де айқын сияқты – тергеушінің бойынан біз үлкен қызметте отырған, бірақ ішкі жан дүниесі «кішкентай адам бейнесіне» пара-пар келетін, бүгінгі күннің күйбең тірлігінен алыстап кете алмайтын, алға қойылған ұлы істері тұрмақ ұлылық туралы түсінігі жоқ кейіпкерді көреміз.

Режиссердің сахнасындағы Әлиханның «ұлылығы» - тергеліп жатса да асқақ бейнесінің құлдырамауында, керісінше ұлылығын асқақтата түсетін тұсы – қара бояудағы Тергеушінің Әлиханмен диалогы барысында сан қилы өзгеріске ұшырап, ақыр соңында адами тұрғыдан өсіп-өнуі. Осы сәтте «кішкентай адам бейнесін» жеке дара, тәуелсіз тұлғаға айналдырған түрме қамауындағы Әлиханның құдіреттілігіне бас имеске шара қалмайды. Онымен қоса аталмыш тергеуші Әлихан образының жан жақты ашылуына, дәл біз атап айтқан ұлылығын тануға керемет мүмкіндік береді. Ал бұл тұста меңзеліп отырған «ұлылық» жалған дүниенің арбауына түспей, болашақ жайлы ой қозғау, мәңгілікке жол тартқанша асқақ істерді мәресіне жеткізу, Жаратқанның разылығын, болашақ ұрпақтың алғысын алу.

[caption id="attachment_25417" align="aligncenter" width="747"] Спектакльден көрініс[/caption]

Спектакль соңында әрбір көрермен адами тұрғыдан «көзі ашыла бастаған» тергеушімен бірге өзіне «Мен не істеп жүрмін?» «Мақсатым не?» «Мен нендей іс тындырып жүрмін? Болашақ ұрпаққа не қалдырмақпын? Өмір тарихында қандай іспен атым қалмақ?» деген сұрақтарға жауап іздей кетсе, Әлихан ол сауалдарға қойылым бойы жауап беріп келеді. 
Біле білуімізше «Аманат» ұғымы тек қазаққа тән ұғым. Атам қазақ өзіне артылған аманатты орындамай жан тапсырмайтын. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның, Алаш ұлдарының аманаты сахнадан көрініс тапқанына қарап, сол аманатты бірге арқаласуға асыға келетін көрерменге қарап бабаларымыздың шоғы тұтанған аманатының лаулап жана бастағанын аңғарасың. Аңғарған бойда кеудеге сәуле орныға бастағанын сезінесің. Айтары мол, берері көп бұл туындыға ат салысқан автор мен режиссерға, театр ұжымы мен асыға келетін көрерменге алғыс айтудан шаршаған адам жоқтың қасы. Өз кезегінде қалың қазаққа «Әлиханның аманаты» іспеттес ой қозғайтын ұлттық дүниелердің көптеп қойылуына жол болсын демек керек."

А. ҚАЗАҚБАЙ,


Н.Жантөрин атындағы


музакалық драма театрының


әдебиет бөлімінің меңгерушісі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x