Ата заңның 7-бабының 2-тармағын өзгертуді ұсынамын

Dalanews 14 ақп. 2017 17:40 168

Азаттығымызға ширек ғасыр толып, үшінші мүшеліне өтіп отырмыз. 26 жыл дегеніңіз етек-жеңімізді жинауға аз да, көп теуақыт емес. Аз емес дейтініміз біз кеше ғана өз алдымызға жеке мемлекет болып, жоқтан барды жасап отырған жоқпыз. Арғы сақ пен ғұнды, көктүрікті айтпаған күннің өзінде Алтын Орда болып құрылып, қазақ болып біріге бастағанымызға неше жүз жылдан асты. Алтын Ордадан Алаш Ордаға дейін тұтас мемлекеттік жүйе қалыптасып қойған. Сондықтан, тыңнан жол салғаннан сүрлеуі бар жолға түсу үшін аса көп уақытты ұрлата қоймайтыны анық. Көп емес болары, айналаңа жалтақтап, өз-өзіңе сенімісіз болсаң, мақсатқа жетуге 100 жыл да аздық етеді.

Егер ерте бастан етек-жеңімізді жинап, өз-өзімізге сенімді болсақ, бүгінгі күні өзге емес, Қазақ мемлекетінде қазақ тілі сөз қозғар мәселе болмас еді. Жылдан жылға қазақ тілінің қолданушылары артып келе жатқанымен, ұлтымыздың тіліміздің тағдырына деген алаңданушылығы да артып келеді. Өйткені, тіліміз әлі де биліктің мінберіне, ғылымның төріне шығып, мемелкеттік мекемелердің ісін жүргізе алмай келе жатыр. Оған не кедергі десеңіз, қазаншының қайдан құлақ шығарса да өз еркі дегендей, ел ісін жүргізіп отырған кісілерге келіп тіреледі. Сол бүгінгі қазаншылалар заң шығаруа, заңды өзгертуге құмар. Өздеріне салсаң, заңның бәрін өз қажеттеріне сай жасап алғысы келеді. Қазақ баласын қазақ азаматы жасағысы келмей, қазақ жерін сатқысы келеді. Елімнің байлығын қазақ азаматына емес, әркімге бір атасынан қалған мұра еткісі келеді. Бірақ, қазақ тіліне жасалған қиянатты көргісі келмейді.

Ата заңды өзгерткісі келетіндер Ата заңымыздың 7-бабының 2- тармағын білмейтін сияқты. Білсе де соңғы кезде ұмытып кеткен сияқты. Білген болса, өзге елдің мемлекеттік тілін қазақ тілімен қатар қойған «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген бапты әлдеқашан алып тастаған болар еді ғой. Ештен кеш жақсы деген, естерінде жоқ болса енді есіне салайық. Ата заңға өзгерістер енер болса, осы бапты да алып тастауды талап етейік. Дәл осы бап алынбай, қазақ тілінің көсегесі көгеруі мүмкін емес. Дәл осы бап бадырайып тұрған соң мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілден бір ауыз сөз білмейтін адам келеді. Осы бап тұрғандықтан елдегі бүкіл іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшуге асықпайды.

Қазақ тілінің емшісі уақыт дейді. Уақыт өте бәрі өз орынына келеді дейді. Ол уақыт сонда қай уақыт? Орыс тілін ұмытып, бәріміз ағылшын тіліне көшкен кезде ме? Өткенде бір жоғарғы оқу орнының басшылық қызметтерінде ұзақ жылдан бері жүрген кісінің «89 жылы 2 қазақ тобын ашқанда бөркімізді аспанға лақтырғанбыз. Қазір біздің университеттің  92 пайызы қазақ, қазақ тобында оқитындар 75 %. Бәрін уақыт өз ретінде салды» дегенін естідім. Бірақ, ол кісі қазақ тілді мұғалімдері мен студенттері көбейгенімен, 25 жылда іс-қағаздарын қай тілде жүргізіп келе жатқандарын ойламған еді.

Аталған бапқа байланысты айтар болсақ, депутаттарымыздан бастап қатардағы кейбір азаматтарымызға дейін «әлі бұның уақыты келген жоқ» деп құтылады. 26 жыл ішінде қазақтардың еліміздегі үлес салмағы екі есеге жуық өскені белгілі. Солтүстіктегі бір-екі облыстан басқа облыстың бәрінде қазақтың саны 50 пайыздан жоғары. Егемендік жылдардағы 6,5 миллион қазақ қазір 11 миллионнан асып, жалпы халықтың 70 пайызынан асса, 6 миллионнан 3 миллионға дейін азайған орыс халқы 20 пайызға жетер жетпес, қалған 10 пайызы азсанды ұлт өкілдері (басым бөлгі түрік тектес ұлттар). Оның үстіне сол бүкіл халық бір ауыздан «бір ел - бір тағдыр» деп ұрандайды ғой. Сондықтан, да солтүстік облыстармен өзімізді өзіміз қорқыта беретін кезден өтіп кеттік деуімізге толық негіз бар.

Президент билығы жолдауында «Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.» деп адами капиталды дамыту бағыты бойынша айтып өтіпті. Менің ойымша, жоғарыдағы аталған бап тұрған кезде, қазақ тілінің басымдылығы сақтала қоймасы анық. Ол бап алынып қана қоймай, мемлекеттік тілдің мәртебесі Ата заңда нақты белгіленіп, өзге де заңдарда басымдылық берілмесе, орыс тілінің орынын ағылшын тілі басады деп ойлаймын.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ағылшын тілін меңгермей заманға ілесуіміз де мүмкін емес. Сондықтан ағылшан тілін меңгерумен бірге, тілімізді сақтап қалуға харакет жасауымыз керек. Ол үшін Ата заңның 7- бабының 2- тармағын «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында іс-қағаздары қазақ тілінде жүреді. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті» деп өзгертуді ұсынамын.

Сонымен бірге, қазақ тілін білім мен ғылым тіліне айналдыра білуіміз керек. Ол үшін:

  1. Мемлекеттік білім грантына үміткерлер міндетті түрде қазақ тілінен емтихан тапсыруы шарт.

  2. Ғылымға келетін үміткерлерге де, атап айтқанда магистратура мен докторантура дәрежесін алуға үміткерлер ағылшын тілі мен бірге мемлекеттік тіл - қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек.

  3. Ғалымдарымызға шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жазуды талап етумен бірге, жылында бірнеше ғылыми мақаласын қазақ тілінде жазуды міндеттеу керек.


Міне, осы аталған талаптарды қойған кезде ғана әркімді өзі үшін мемлекеттік тілді үйренуге жетелейміз. Біз үшін ешкім қазақ тілін үйренбейді. Өзі үшін ағылшын тілін үйренсе, қазақ тілін де өзі үшін үйренетіндей жағдай туғызатын уақыт келді. Және бұл талап дәл осы кезден басталуға тиіс. Әйтпесе орыс тілінен құтылғанмен, ағылшын тіліне тұтыламыз.

Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x