Ал, дайындалыңдар! Тегеран қайта "тірілді"

Dalanews 15 ақп. 2016 22:28 249

 

 Редакциядан: Иран туралы сауатты сараптама оқығыңыз келе ме? Ендеше шығыстанушы Жылбек Керімбектің мына бір мақаласына назар аударыңыз. Ұққанымыз, Иран қайта «тірілді». Мақаланы оқи отырып, анығында Иранмен байланыс орнатуға, оған салынған санкцияларды алып тастауға Еуропаның өзі мүдделі болғанын аңғарасыз...

 иранаБатыстың Иранға салған санкциясын алып тастауға Қазақстанның да ықпалы болды. 2013 жылы сәуір айында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Иранның ядролық бағдарламасына байланысты «алтылықтың» (Иран, Ресей, АҚШ, Қытай, Франция және Ұлыбритания) басқосуы Алматыда өтті.

Санкция алынғаннан кейін «Иран тақырыбы» Еуропаның белді басылымдарының беттерінен орын алды. Бұл тақырыптағы материалдардан Иран Ислам Республикасы мен оның президентіне деген ыстық ықыласты аңғаруға болады. Алайда Иранмен экономикалық қарым-қатынас жасау үшін барлық кедергілер алынып тасталды деуге әзір ерте. Дегенмен Иран басшысы Хасан Роуханидің Еуропа елдеріне жасаған ресми сапары сәтті аяқталды.

Ираннан Еуропаға аттанған Хасан Роухани бастаған делегацияның құрамында осы елдің мұнай министрінен бастап, мемлекеттік қызметкерлер мен жүздеген кәсіпкерлер бар. Иран Ислам Республикасының жоғары басшылығы миллиардтаған ақшаның келісімін жасау үшін Еуропа астаналарына бет алды. Ең беделді басылымдардың бірі «Тегеран Еуропа үшін «алтын діңгекке» айналды, ол «кәрі құрлықтың» банк жүйесінің қозғаушы күші болмақ», – деп жазды, мұның астарында ақиқат жатыр.

Иран президенті тек «кәрі құрлық» экономикасының тірегі болып табылатын Батыстың екі елі – Италия мен Францияны ғана аралады. Жасалатын маңызды келісімдер бойынша тараптардың өз мүддесі бар: Еуропа елдері Иран нарығына кіруге мүмкіндік алса, Иранға өз экономикасын дамыту жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік беріледі.

Бұл жерде – нақты екіжақты қозғалыс жолы бар екені рас, Еуропамен ынтымақтастыққа Иран ғана емес, еуропалық саясаткерлер мен іскер адамдар да екіжақты саяси және экономикалық байланысты кеңейтуге мүдделі болып отыр. Өйткені екі жақтың байланыс орнатуы тағдырдың жазуымен әлемдегі қаржы дағдарысымен тұспа-тұс келді.
«Coet» құрылыс фирмасы Иран жағына құны 5 миллиард еуродан асатын келісім пакетін ұсынды. Еуропалық шенеуніктердің айтуынша, Тегеранмен келіссөз басталмай жатып-ақ, Иранға баруға «Eni», «Enel Ferrovie dello Stato», кеме жасайтын «Gavio» және «Fincantieri» сынды компаниялар кезекке тұрып қойыпты.

Иран президенті мен Рим папасы қалай кездесті?

Роухани мен оның делегациясын Италияда сол елдің премьер-министрі Маттео Ренци мен миллиардтаған мүмкіндікті уысынан шығарғысы келмейтін ірі компания өкілдері қарсы алды. Су құбырын жасайтын «Saipem», су инфрақұрылымымен айналысатын «Condotte», болат өнеркәсібі үшін жеткізуші «Danieli» компаниялары бар. «Coet» құрылыс фирмасы Иран жағына құны 5 миллиард еуродан асатын келісім пакетін ұсынды. Еуропалық шенеуніктердің айтуынша, Тегеранмен келіссөз басталмай жатып-ақ, Иранға баруға «Eni», «Enel Ferrovie dello Stato», кеме жасайтын «Gavio» және «Fincantieri» сынды компаниялар кезекке тұрып қойыпты.

Бұл тұрғыда Иран президенті Хасан Роуханидің Рим папасы Францискпен кездесуінің мәні зор. Кездесу барысында Роухани Рим папасынан өзі үшін дұға етуін сұрады.

Сарапшылардың пайымдауынша, Роухани осы арқылы Тегеранның келесі кезекте Ислам әлеміне қатысы жоқ еуропалықтармен байланысты нығайтуға ниет білдіріп отырғанын аңғартады.

Рим сапары қарсаңында «Corriere della Sera» газетінің тілшісіне берген сұхбатында Иран президенті Хасан Роухани былай деген болатын: «Ядролық қаруға қатысты келісім жасалғаннан кейінгі алғашқы сапарым – Италия болатынына қуанып тұрмын. Өйткені, Иран бұл елмен экономика, мәдениет және саясат саласы бойынша бұрыннан тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Белгілі бір кезеңде Италия – біздің жетекші сауда әріптесіміз болды. Халықаралық және саяси мәселелерде италияндық мемлекет басшылары Иранға қатысты байыпты саясат ұстанды.

Жаңа кезеңде Италия – біз үшін ерекше серіктесіміздің бірі болуы мүмкін. Біз сіздердің елдеріңізді Еуропадағы жалғыз досымыз ретінде қараймыз. Осы сапарым біздің қарым-қатынастың жаңа сатысына көтерілуіне мүмкіндік береді деп үміттемін».

римРоухани француздармен қандай келісімге келді?

Иран президентінің Францияға сапары барынша сәтті аяқталды. Тараптар ірі сауда келісімдеріне қол қоятынын мәлімдеді. Оның ішінде  – Францияның Airbus концерні Иранға 114 ұшақ жеткізуді көздесе, француздың Peugeot-Citroеn компаниясы мен Иранның Khodro фирмасы арасында көлік шығаратын бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі келісім бар. Бұдан бөлек, Парижде теміржол көлігі саласындағы «ынтымақтастықтың жаңа кезеңі» басталғаны туралы хаттама келісімге қол қойылды.

Peugeot Citroën штаб-пәтері жыл сайын Иранда 200 мың көлік құрастыруды жоспарлап отырғанын атап өткен жөн.

Биылдан бастап Тегерандағы Иран Khordo зауытында француз өндірушілерімен бірлесіп, Peugeot 208, 2008 және 301 көлігі құрастырыла бастайды. Ал 2017 жылдың екінші тоқсанынан бастап, бес жылда бұл салаға 400 млн еуро инвестиция құйылады. Компания жоспарына сәйкес, Иранда құрастырылған көліктерді француз өндірушілері Таяу Шығыстың басқа да елдеріне шығарып сатпақшы. 2008-2009 жылдары Иран осы аймақта аталған компанияның лицензияланған көлік құралдарын негізгі экспорттаушы елдердің біріне айналған.

Батыстың бұқаралық ақпарат құралдары «ірі жоба» деп атаған Иранның Airbus концернімен жасаған келісімін айтпай кетуге болмайды. Iran Air компаниясының  хабарлауынша,  Airbus-тің А380, A350, A340 және A320 деп аталатын үлгілерінің жолаушылар тасымалдайтын 114 ұшағын жеткізу 2020 жылға қарай аяқталады. Ұшақтарды 3-4 партиямен жеткізу көзделіп отыр, осы жылы наурыз айында құрамында 10 ұшақ бар алғашқы партияны жеткізу жоспарланған. Мұнда назар аударарлық тағы бір екі жайтты ескере кеткен жөн.

АҚШ та дәмелі...

Құрама Штаттар да Иранның авиация нарығынан өз үлесін алуға үміттеніп отыр. Биыл қаңтар айының ортасында Ақ үй басшысы Барак Обама Иранға экспортталатын жолаушылар ұшағына қойылған тыйымды алып тастау туралы меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ әуе кемелерін жасайтын канадалық Bombardier мен Бразилияның Embraer компаниясы да Иран нарығына кіруді қарастырып отыр. Сондықтан Airbus концернінің 114 әуе кемесі Иран нарығына кіретін компания болып тұр.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінде Иран мен Еуропа қарым-қатынасындағы қандай да бір кедергіні жоюға болады. Оны жою жақын күндері жүзеге асатыны сөзсіз. Соның бір айғағы, Иран басшысының Еуропа елдеріне сапары болып отыр.

Жуырда Астанада өткен брифингте сөйлеген Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының елшісі Моджтаба Дамирчилдің айтуынша, Астана мен Тегеран арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Алматы мен Тегеран арасындағы аптасына екі рет ұшатын жолаушылар ұшағы да осының дәлелі бола алады. Болашақта оның санын арттыруға тараптар мүдделі болып отыр. Бұдан бөлек екі ел арасындағы теміржол байланысы да жанданбақ.

Жылбек Керімбек,


шығыстанушы


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x