Экспо-2017: қауіпсіздік қайда деңгейде болады?

Dalanews 10 мам. 2017 10:15 198

«Шеврон» компаниясы және «Қала мен Дала» газетінің біріккен жобасы аясында енді бір айдан соң шымылдығы түрілетін ЭКСПО көрмесі туралы жаза бастағанымызға біршама уақыт өтті.

Алдымен Назарбаевтың National Geographic телеарнасына берген сұхбатының үзіндісін қарап шықтық. Мемлекет басшысы ЭКСПО туралы айтты.
 

Назарбаев не деді?


«Білесіздер ме, біз шын мәнінде елордамыздың жаңа ауданын салған екенбіз. Ең әдемі әрі заманауи аудан. Бізге бұл ауданның осы қалпында сақталғаны қажет. Біз әуел бастан ЭКСПО-дан кейін жұмсалған қаржы мен салынған нысанды қалай пайдаланатынымызды ойладық. Сондықтан ЭКСПО-дан кейін ең басты нысанда – біз мұнда халықаралық қаржы орталығы болады деп шештік. Онда жаңа технологиялық саябақ болады.
Ондағы Шарды көрген боларсыздар? Бұл диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метрлік әлемдегі ең үлкен шары бар ғимарат болады. Шар сегіз қабатты. Әр қабат баламалы энергияның бір түрін көрсетеді. Мәселен, бірінші қабат – гидроэнергетика, екінші қабат – күн қуаты, үшінші қабат – жел қуаты, төртінші қабат – биоэнергетика, химиялық энергетика», - деп атап өтті сұхбатында Назарбаев.
Иә, жаңа, әдемі, заманауи аудан бой көтерді. Ал осы жаңа аудандағы қауіпсіздік мәселесі қай деңгейде болады?
Көрмені тамашалауға келген туристердің еркін жүріп-тұруы үшін қандай жағдай жасалған?
National Geographic телеарнасына берген сұхбатында Назарбаев «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізудің өзектілігін қайталаумен болды. Ал өзектілік деген сөздің аясында қауіпсіздік мәселесі де кіретіні белгілі ғой.
Осы орайда біз Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне сауал жолдаған едік. Комитет төрағасының орынбасары Талғат Мұсақанов біздің «көрме кезінде қауіпсіздік мәселесі қай деңгейде болады?». «Бұл уақытта Ішкі істер органдары қалай және қандай жоспармен жұмыс істейді?» деген сауалдарымызға жауап берген екен. Сонымен...
 

1 маусымнан бастап...


1 маусымнан көрме аяқталғанға дейін ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген қызмет кестесіне көшетін болыпты. Яғни, полицейлердің қызмет кестесі өзгереді деген сөз.
Мұсақановтың айтуынша, Ішкі істер министрлігі әзіргі күні Астана қаласы әкімдігімен бірге ЭКСПО көрмесіне әзірлік және оны өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр.
«Соның бірі – жедел басқару және форс-мажор мәселелерді тез шешу үшін Ведомствоаралық штаб құрып қойдық. Мұндай штаб жалғыз емес, бірнешеу», – делінген жауапта.
 

Сондай-ақ


Көрме ашылғанға дейін бір ай бұрын ұйымдастырушы кеңсе ғимаратында Қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы өз жұмысын бастамақ екен. Бұл орталықтың мақсаты не десеңіз, ІІМ-де құрылған ведомствоаралық жұмыс тобымен тығыз байланыс жасап, көрме барысында туындаған түрлі мәселелерді тікелей шешіп отыратын болады.
 

Қоғамдық тәртіпті 5 мың қызметкер күзетпек


Иә, дәл осыншама қызметкер көрменің қауіпсіздігін күзететін болады. Ескеретін жайт, бұлардың барлығы полицей емес. 3300-і әскери қызметкер, ІІМ оқу орындарының 500 курсанты және офицері, сонымен бірге жеке күзет ұйымдарының 630 қызметкері және ЖОО-ның 174 студенті бар екен.
Біздіңше, бұл көп те емес, аз да емес. Келетін қонақтардың санынан шақтағанда көрменің қауіпсіздігін күзететін 5 мың қызметкер байқалмауы да мүмкін. Сіз қалай ойлайсыз?
Қазіргі күні ЭКСПО аумағында Полиция бөлімі, ал көрме ауданында Өрт сөндіру депосы құрылып қойған. Сонымен бірге Астана әуежайында және жаңа теміржол вокзалында желілік полиция бөлімі жұмыс істеп жатыр екен.
Бұдан сырт Астанадағы әуежайда және бірыңғай қызмет көрсету орталығында көші-қон шараларынан өту үшін көрмеде көші-қон қызметінің бекеттері ұйымдастырылатын болады.
 

Ағылшынша біледі


Қауіпсіздікпен қатар Ішкі істер министрлігі ағылшын тілін меңгеру мәселесін де ескерген екен. Ілгеріде айтқан 5 мың қызметкерқауіпсіздікті сақтау және тексеру жүргізу бойынша ағылшын тілінің жеңілдетілген оқу курсынан өтіпті.
«Бұған қоса Астана қалалық ІІД-нің шет тілін білетін 200 қызметкері іріктеліп, әрбір ЭКСПО нысанына бекітілді», – делінген екен бізге жазылған жауапта. Астана қаласы Төтенше жағдай басқармасының 100 шақты қызметкері, 11 техника және 5 тікұшақ төтенше жағдайларды ескерту мен өрттің алдын алу бойынша арнайы топтың құрамына енген.
«ЭКСПО ауданында қауіпсіздік аумағы орнатылып, оған арнайы және аккредиттелген көліктерден басқа жүк көліктерінің кіруі шектеледі. Сосын, Елорда аумағы бойынша кіретін көліктерге тексеру жүргізуге қатысты барлық «Рубеж» бекеттерінде күшейтілген қауіпсіздік шаралары бекітіп жатырмыз», – дейді Мұсақанов. Солай.
Ішкі істер министрлігінің дерегі осындай. Бастысы, сөз бен іс сәйкес келсін деп күтейік.
 

Сіз білесіз бе?


ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне 5 млн адам келеді деп күтілуде, оның 15% әлемнің әр түкпірінен келетін туристер, 85% Қазақстанның барлық өңірінен келетіндер, 120 ел және 12 халықаралық ұйым өздерінің көрмеге қатысатындарын растады.
1 қаңтардан бастап экономикасы дамыған 45 елдің азаматтары үшін 30 күнге дейінгі визасыз кесте енгізілді. Олар сондай-ақ полицияға тіркелуден де босатылған, оларға тіркелу шекарадан өткен бойда жүргізіледі. ЭКСПО-ның қатысушылары мен қонақтары тіркелуді онлайн жүйесінде жүргізе алады, бұл өз кезегінде тіркелу шараларын жеңілдетіп, оған кететін уақытты бірнеше минутқа дейін азайтпақ.

Дайындаған, Аяулым Шаймардан 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x